Жақында Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінде «Сарбаз дауысы» байқауы өтті. Әскерге бір ай бұрын келген мерзімді әскери қызметшілер арасындағы сайыс тартысты болды.
Оқу пунктінің 1-ші және 2-оқу ротасының сарбаздары өздерінің шығармашылық дарынын сынап, бірі жеке дауыста эстрадамен ән салса, енді бірі домбыра мен гитарада ойнап, отандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының репертуарларынан әндер орындады. Барлық қатысушы ерекше дарынды екенін байқатты. Үш сағатқа созылған байқауда көрермен де тоқтаусыз қол соғып, ризашылығын білдірді. Осының өзі сарбаздардың демалыс күндерін тиімді мақсатқа жұмсап, бөлімше қабырғасында өздері қалаған өнермен айналысуына мүмкіндік берілетінінің көрінісі болса керек.
«Әскери бөлім деңгейінде біз көптеген іс-шара өткіземіз, олар әскери қызметшілердің бастамасы бойынша мерекелік күндерге арналуы да мүмкін. Бірақ бір айта кететін жайт, көпшілігі көріп жүрген әскери киім киген, бұйрықтарды орындайтын әскерилердің артында талантты, өнерпаз адам тұруы мүмкін. Сондықтан ән байқауы сарбаздық қасиет пен патриоттық сезімді бір арнаға тоғыстырып, рухани бай, шығармашыл жастарды әскерилердің қоғамдық өміріне тарту мақсатында ұйымдастырылды», деп атап өтті тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің басшысы, майор Дулат Шәріпбаев.
Байқау қорытындысы бойынша 3-орынға қатардағы жауынгер Эльдар Советалиев ие болса, 2-орын қатардағы жауынгер Юрий Поляковқа берілді. Ал байқаудың жеңімпазы ретінде қатардағы жауынгер Жалғас Қапасовтың есімі аталды. Жеңімпаз атанған әскерилер басшылық тарапынан Алғысхаттармен және грамоталармен марапатталды.