• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 20 Қаңтар, 2024

Ақан сері Қорамсаұлы: Әркімнің өзіне лайық қалыбы бар

1251 рет
көрсетілді

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Мұрат Мөңкеұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Жамбыл Жабаев, Шәңгерей Бөкеев, Нұржан Наушабаев, Тұрмағамбет Ізтілеуов ойларын ұсындық.

XIX ғасыр

Мұрат Мөңкеұлы

1) Заманға қарай сөз керек.

2) Адамның азған белгісі – екі кісі дауласса,

Тату бол деп айтпайды.

3) Бір пәледен – мың пәле.

 

Ақан сері Қорамсаұлы

1) Шірімес – алтын жерде жатқанымен,

Оқ өтпес – ажалсызға атқанымен.

2) Су шықпас қазғанменен тау басынан,

Қазақтың дау кетпейді сау басынан.

Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,

Ер жігіт жаңылады тәубасынан.

3) Әркімнің өзіне лайық қалыбы бар.

4) Қызарған бет табылар, қызынған ниет табылмас.

5) Жаманды мың көргенмен ішің сүймес.

 

Жамбыл Жабаев

1) Ойхой, дүние – серуен, адам – бір көшкен керуен.

2) Елдің серті – ердің серті.

3) Ел үшін туған ерлердің, алды-арты дария кең болар.

 

Шәңгерей Бөкеев

1) Жол тосқан жолбарысқа қазалы құлан жолығар.

2) Өлгенді қадір етсек – қанға рауа.

3) Аңсыраған алғыр тұйғын абайсыз ауға шырмалады.

5) Не қажет Ніл суына өткел салып?

 

Нұржан Наушабаев

1) Білмей шалқып сөйлеуден, сөйлемей тұру бос артық,

Білмегенге бағасын, алтыннан да мыс артық.

2) Шаппайтын алмас қылыштан, қолдағы қамшың көп артық,

Суы ащы теңізден томар да болса көл артық.

 

Тұрмағамбет Ізтілеуов

1) Күн туса, нұр қашады айдан-дағы,

Жарлы жақсы қайырымсыз байдан-дағы.

2) Ақылың астам болғанмен, ойласпай етпе ісіңді.

Пішкен тоның кеңеспен, көрінер көзге пішінді.

3) Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

Арманда болмай-ақ қой, екі көзім.

4) Татулықтың қызығы – кеудеден жанын шыққанша.

5) Естіден еткен үміт еш болмайды,

Жасалған жақсылықта кеш болмайды.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)