Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан Қостанай тұрғындарының көгілдір отын тапшылығын сезініп отырғанына бірнеше жыл болды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2021 жылы облыс орталығы мен халқы көп елді мекендердегі ғимараттарды газ құбырына қосуға рұқсат ететін техникалық құжатқа мораторий енгізген. Уақытша шектеу «әне аяқталады, міне аяқталадымен» әлі созылып келеді. Ал Қостанайға қарасты жерлерден және облыс орталығына жақын елді мекендерден баспана салып алған қарапайым тұрғындар есігінің алдына келіп тұрған газ құбырына қосыла алмай, көмір жағып, күл шығарып күнелтіп жатыр. Көгілдір отынға жете алмай жүрген шағын бизнес өкілдері де мораторийдің кесірінен кәсібін өрістете алмай отыр.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық филиалының өкілдері «Қостанай ауданында газ тарату станциясы салынып жатыр. Сол тораптың құрылысы аяқталған соң, уақытша шектеу де біржола алынып тасталуы мүмкін. Ол жергілікті әкімдікке байланысты», деген.
Көпшілік зарығып күткен торап таяуда ғана іске қосылды. Құны – 3,3 млрд теңге, жұмысы толық автоматтандырылған, сағатына 150 мың текше метр газ өткізе алатын мұндай қуатты стансаның өңірде бірінші рет салынып отырғанын да айта кеткен жөн. АГТС-тің жұмысымен танысуға барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа торап келешекте Тобыл қаласында салынатын «Астана» мен «Бәйтерек» шағын аудандарына ғана газ тарататынын айтты. Аталған шағын аудандарда көпқабатты 150 тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Оған келешекте шамамен 60 мыңдай адам қоныстанбақ. «Биыл алғашқы 24 үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ біртіндеп жаңа мектептер, балабақшалар, перзентхана және басқа да әлеуметтік нысандар салына бастайды. Жаңа газ тарату торабы аталған шағын аудандарды газбен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Келешекте өңірге көгілдір отын көбірек бөлініп, осы екі шағын ауданнан артылып жатса, біз Қостанай, Алтынсарин аудандарына да табиғи газ бере аламыз», деді әкім.
Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықовтың айтуынша, жоспарланған шағын аудандарда әлі үй салынбағандықтан, қазір аталған стансаны іске қосудың мәні жоқ.
«Біз бұл жолы стансаның жұмысын тексеріп көру үшін арнайы қосып көрдік. Өйткені бұған дейін тораптың газ құбырын ашып-жабатын бөлігінде ақау болған. Ол ақау жойылды. Қазір станса жақсы жұмыс істеп тұр. Бірақ газ жеткізетін құбырлардың көмейі жабық. Оны жаңа шағын аудандардағы тұрғын үйлер салынып болған соң ашамыз», деді аудан әкімі.
Жаңа іске қосылған автоматты торап, өкінішке қарай, газсыз отырған Қостанай қаласы тұрғындарының мәселесін шешіп бере алмайтын болды.
«150 мың текше метр газ 2021 жылға дейін бөлініп қойған. Оның үстіне, осыдан 60 жыл бұрын салынған құбырлар әбден тозып біткен. Толық көлемде газ тарату үшін газ құбырларын жаңарту керек. Екі жылдан бері осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның үстіне, біз Ақтөбеден Қостанайға дейін жаңа газ құбырын салуды жоспарлап отырмыз. Басты міндет – облысқа мол газ қорын жеткізу және жаңа кәсіпорындар салу. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, қаржы көздерін қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан мораторий, қазірше өз күшінде тұрады. Оны жою алдағы уақыттың еншісінде. Келешектен үміт күтеміз», деді Қ.Ақсақалов.
Былтыр ақпан айында өңірге жұмыс сапарымен келген Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов облыстағы газ тапшылығы мәселесін көтеріп, өңірді газдандыру деңгейі 58,3 пайызға жеткенін, облыстың 485 мың тұрғыны табиғи газ тұтынып отырғанын айтқан. Облыс тұрғындарымен кездескен вице-министр көпшілікке газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданғанын, ол газдың ресурстық базасын ұлғайту, газға баға белгілеуді реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін газ бағасын тежеу жөніндегі шараларды көздейтінін айтқан.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, 2021 жылдан бері қарайғы уақыт ішінде өңірде шамамен 10 мыңдай тұрғын газ құбырына қосылу туралы өтініш берген. Бірақ ол өтініштерді қанағаттандыруға мораторий мүмкіндік бермей тұр.
Қостанай облысы