Ақпан айының алғашқы күндерінде Алматыда дәстүрлі «Digital Almaty-2024» форумы өтеді. Биылғы форумның тақырыбы – «Х индустриясы – болашақтың цифрлық эволюциясы».
Биыл алтыншы форумға ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлері, әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ермановтың айтуынша, биылғы форум жаңашылдықтарға толы болмақ. Мәселен, іскерлік бағдарлама мен көрме шеңберінде инновациялар мен цифрландырудың көпжақты бағыттарына назар аударылады.
– Форум GovTech, 4.0 индустриясы, ESG, Smart City және басқа да салалардағы өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және инновациялық шешімдер тақырыптарын ашатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынбақ. Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден аса спикер қатысады. Олар экономика мен инновация секторларында жаңа технологияларды қолдану жайында табысты кейстерімен бөліседі, – деді Е.Ерманов.
Сондай-ақ форумда цифрлық салаға жауапты вице-министрлердің бірінші отырысы ұйымдастырылады. Әр министрлік өзінің іске асырып жатқан ақпараттық жүйелерін көрсетеді.
Сонымен қатар биыл Gov tech саласындағы бастамаларды іске асыру мен экономиканың нақты секторындағы, атап айтқанда, өндіруші өнеркәсіпті цифрландыру саласына басымдық берілмек.
Digital Almaty 2024 ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Адия Ахметованың хабарлауынша, көрмеге іскерлік бағдарлама аясында 200-ден аса компания қатысады. Биыл көрменің негізгі нысандары – Цифрлық даму, Энергетика, сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің көрмелері. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Армения елдерінен 126 технологиялық стартап қатысады. Халықаралық көрмелер өтеді. Олардың арасында Иран, Татарстан, Қытай көрмелері бар.
– Көрменің тағы бір тұсы – инновациялық жобалармен таныстыратын жер қойнауын пайдаланушылар аллеялары. Оған қатысатын отандық және шетелдік компаниялардың түрлі инновациялық шешімдері ұсынылады. Tech garden резиденттері арасынан өнеркәсіп үшін шешімдер әзірлейтін еліміздің үздік ІТ-компанияларының көрмесі де өтеді, – деді Адия Ахметова.
Форум аясында Орталық Азиядағы ең үздік стартап атағы үшін алғашқы ірі сайыс ұйымдастырылады. Жалпы, жүлде қоры 150 мың долларды құрайтын «Industry 4.0 Startup Battle» үздік өнеркәсіптік стартапты анықтайтын ауқымды сайыс болып саналады. Оның мақсаты – өнеркәсіпті цифрландыру саласындағы инновациялық стартаптарды қолдау. «Industry 4.0 Startup Battle» ұтымды идеялар мен шешімдердің, технологиялық инновациялардың шыңы болмақ.
Әлемдік сарапшылар мойындаған Digital Almaty форумы былтыр цифрлық тау-кен, мемлекет басқаруын, криптобиржа, киберқауіпсіздік, білім беру және корпоративті инновацияларды талқылауда 150-ден аса спикердің басын қосқан болатын. Сонымен қатар форум мектеп оқушыларына арналған Digital Ministry Cup атты роботтехника және инженерлік жобалар бойынша алғашқы халықаралық чемпионатын өткізді. Қазақстан, Ресей және Әзербайжаннан келген қатысушылар арасында төрт аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Былтыр форум алаңында алғаш рет Tech Garden Awards марапаттау рәсімі өтіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс жұмыстарына инновациялық жобаларды енгізгені үшін өнеркәсіп орындары мен индустриялық кәсіпорындар марапатталды.