Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздің Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттырып, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналу міндетін қойды. Осыған орай, аталған саланы тиімді басқару мақсатында Көлік министрлігі қайта құрылған болатын.
Алайда, жаңадан құрылған мемлекеттік орган арада өткен төрт айдан астам уақыт ішінде көлік-логистика саласын дамытуда, әсіресе жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруда соны бетбұрыс жасады деуге әлі ерте. Жылдар бойы айта-айта ауыз жауыр болған пойыздардың кешігуі, вагондардың көбінің жай-күйі қазіргі заман талабына сай еместігі, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі сияқты көкейкесті мәселелердің түйіні тарқатылмаған күйі тұр. Сол себепті жолаушылардың негізінен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (ҚТЖ) өкпелері қара қазандай.
Мәселен, жуырда белгілі журналист Қайнар Олжай әлеуметтік желідегі парақшасында: «15 желтоқсан күні ҚТЖ-ның Астана мен Алматы арасына қатынайтын нөмірі 10-пойызы жүрмейтіні туралы хабарлама түсті. Сол пойыздың жолаушысы едік. Амал жоқ, тым қымбатқа ұшақпен келдік. Енді 1-Алматы вокзалына жүрмей қалған пойыздың билетінің құнын қайтарып алмаққа келдік. Оның алдында ҚТЖ сайтындағы «Билет қайтару» деген жауап бермейтін телефонына үш күн әуреленгенбіз. Болмаған соң вокзалдағы «Анықтама бюросына» келдік. «12-терезедегі аға кассирге барыңыз», деді. Саусағын шұқып, ерігіп отырған ол кассирге мәселені түсіндіріп едік, «Маған кім жіберді, онымен тек 1 және 2 нөмірлі кассалар айналысады», деді. Енді 2-кассаға келдік. Түсіндірдік. «Билеттің нөмірін айтыңыз», деді. Смартфоннан сығырайып 14 санды нөмірді айттық. Әйнектің ар жағындағы әйел үш-төрт минут компьютерді шұқылап: «Сіз бірінші кассаға барыңыз», деді. Ал бұл кассада «Сағат 12-13 арасы – техникалық үзіліс» деп тұр. Әлбетте, орыс тілінде. Сағат 12-ден енді асқан. Пойыздары осылай уақтылы жүрсе дедік. Әйтеуір келген соң елу минуттай күттік. Келді. Екі өкпемізді қолымызға алып, касса алдына жеттік. Сөйтсек, «Менің әлі техникалық уақытым біткен жоқ», дегені. Сағат 12.57 екен. Әкем-ау, өздеріне келгенде үш минутын есептейді, пойыздары жолаушыларды үш сағатқа кешіктіретіні қаперлеріне кірмейді. Сонда есімізге түсті: 10 желтоқсан күні түс ауа Астанаға қарай пойызға отырғанымызда «вагон-ресторан істемейді» деп бізді аштан қатырған – осы ҚТЖ. Оны алдын ала хабарлама жіберіп ескертпеген. Пойыз жүрмейтін болғанын хабарлайды, ал пойыздағы вагон-ресторан жабық тұратынын хабарламайды. Сонда ҚТЖ қызметкерлерінің асқазанына ас уақтылы түсуі керек те, жолаушылардың асқазаны он алты сағат ұлып тұруы керек пе?!», деп жазды. Оған үн қосқан көптеген азамат ҚТЖ-ның жолаушыларға қызметін тілдері жеткенше сынға алды.
«Мен де 15 желтоқсанға осы пойыздың «Алматы – Қарағанды» бағытына, ал 18 желтоқсанға кері қарай билет алғанмын. Kaspi.kz қосымшасы арқылы алған соң, соларға жүгініп, өткізген соң 85 мың теңгемнің 2100 теңгесін ұстап қалып, қалғанын қайтарды. Енді сол ақшаны не үшін ұстағанын түсіндіріп беретін бір сауатты маман жоқ. «24 сағатта жауап береміз» деп еді, содан бері 4 күн өтті», дейді Эля Жаңабергенқызы.
«Тоқсаныншы жылдардағы ескі пойыздар әлі қатынайды. Туалеттерінің іші сасып тұрады. Жолда жүз тоқтайды. Ал әлем жүрдек пойызға әлдеқашан көшіп кетті», дейді Еркін Шәкірұлы.
«Былтыр Алматыдан Астанаға бір сағат кешігіп шықтық. 29 желтоқсан күні Астанадан Алматыға қайтарда пойызымыз кешкі сағат 21-де жүруі керек еді, біз вокзалға екі сағат ерте бардық. Сағат 21-де «пойыз 5 сағатқа кешігеді» деп хабарлады. Одан соң тағы бір сағат кешікті. Билетіміз «Тальго»-ға алынған, ал бізге 6 сағат кешігіп, жай пойыз келіп тұр. Сөйтіп, 30 желтоқсанда Алматыға күндізгі сағат 11-де жетудің орнына түнгі сағат 00.30-да әрең жеттік. Ауа райына байланысты ұшақтың кешігуін түсінуге болар, қара жермен жүретін пойыздың соншама кешігуін қалай түсінуге болады?», дейді Ахмет Өмірзақ.
«Біздің елде жолаушы құқы, уақыты деген нәрселерге атүсті қарайды. Басқа елдерге жиі шығамын. Пойыз, ұшақ, кеме қызметтерін пайдаланып жүрмін. Кешіксе немесе бір өзгеріс болса, бірден хабарлап, кешірім сұрап, жағдайыңды жасайды. Біз де билет бағасы удай, бірақ соған сай қызмет жасалмайды», дейді Елдос Алаш.
ҚТЖ-ның мұндай «қылықтарына» өзіміз де қанықпыз. Мәселен, «Алматы – Петропавл» бағытында қатынайтын «Тальго» жүрдек пойызының кейінгі жылдары Астананың ескі вокзалына уақытында келгенін көрген емеспіз. Ақыры тоқтатылып тыныпты. «Мұның себебін сұрағанымызда Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаев: «Экономикалық жағынан тиімсіз», деп жауап бергені күлкімізді келтірді. Себебі аталған пойыз пәлен жыл жүйелі түрде қатынап келген жоқ па?» дейді солтүстікқазақстандық журналист Өмір Есқали.
Шынында да, жылына ел қазынасынан 24 млрд теңгеден аса тікелей субсидия алатын ҚТЖ-ның жолаушылар пойыздарының бағыттарын көбейтудің орнына, қысқартып отырғаны, пойыздардың кешігуін «дәстүрге» айналдырғаны, жолаушыларға қызмет көрсетудегі кемшіліктерге көз жұмып қарайтындығы жолаушылардың наразылығын туғызып отыр. Әсіресе жұрт сапарға жиі шығатын жаз айларында теміржол жолаушылары тасымалына қатысты шағым көбейе түседі. Себебі вагондардың сапасы сын көтермейді. Олар орта есеппен 18 жыл қолданыста болған. 76 пайызы ғана ауаны баптау жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022-2023 жылдары 325 жолаушылар вагоны жарамсыздығына байланысты есептен шығарылған, бірақ олардың орнына небәрі 129 жаңа вагон сатып алынған. Мұның өзі сұраныс көбейген кезде жол жүру билеттерінің тапшылығы пайда болуына әкеліп соғып отыр. Соған қарамастан, Көлік министрлігі мен ҚТЖ-ның жоспары бойынша вагон паркін жаңарту әлі 7 жылға созылмақшы. Осы мақсатпен 2025-2030 жылдар аралығында 537 «Stadler» жолаушылар вагонын сатып алуға шарт жасалған. Бұған қоса, Петропавл қаласындағы «Зиксто» зауытынан 150 жолаушы вагоны сатып алынбақшы.
Бүгінгі таңда 12 теміржол компаниясы жүзеге асыратын 62 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар қатынасы мемлекеттік бюджеттен субсидияланады. Оған былтыр 43,8 млрд теңге бөлінген, ал биыл 52,2 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл ретте субсидиялау бағдарламасы шарттарының бірі теміржол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу екендігіне қарамастан, іс жүзінде олардың құны жыл сайынғы инфляция пайызына сәйкес қымбаттатылып отырғанын айтпауға болмайды. Алайда мүдделі мемлекеттік органдар мұны кемшілік емес, жетістік деп санайды екен. Әрине, мұндай көзқарасты түсіну де, онымен келісу де қиын.
Жақында «Moody’s Investors Service» (Moody’s) халықаралық рейтингтік агенттігі ҚТЖ-ның рейтингін Baa3-тен Baa2-ге дейін көтерді. Бұл ҚТЖ-ның қаржылық көрсеткіштерінің ұдайы жақсарып келе жатқанын және кредиттік қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Агенттіктің бағалауына қарағанда, ҚТЖ-ның кірісі 2021 жылы – 13 пайызға, 2022 жылы – 16 пайызға, 2023 жылдың тоғыз айында 26 пайызға өскен, ал биыл 15-18 пайыз аралығында өсуі мүмкін. Сарапшылар ҚТЖ-ның жүк айналымы 2022 жылы – 5,1 пайызға, 2023 жылдың тоғыз айында 7,5 пайызға ұлғайғанын атап өтіп, осы көрсеткіш алдағы уақытта, негізінен, транзиттік және экспорттық операциялар есебінен жылына 7-9 пайызға өседі деп болжап отыр.
Тек осылайша табыстың тайқазанын тасытып отырған ұлттық компаниямыздың жолаушылар тасымалы саласындағы көзге ұрып тұрған келеңсіздіктерді болдырмауға онша ықылас танытпауы қайран қалдырады. Әлде, ҚТЖ-ның шені жоғары шенеуніктерінің ел ішінде ұшақпен және жеңіл көлікпен сапарға шығуына тыйым салып, оларды тек пойызбен жүруге міндеттеу қажет пе?