Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Парламенттік жүйені реформалау, Қаңтар қасіреті, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынасы, қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталған.
Өткен жылы мемлекетіміздің саясаты, Парламенттің жұмысы саяси реформаларға бағытталды. Экономикаға, бизнесті дамытуға, адамдардың табысын арттыруға заңдық негіздемелер жасалды. Парламент 90-нан астам заң қабылдады, оның басым бөлігі экономикамызды, кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Президенттің сұхбатта айтқан бәсекелі экономика жүйесін құру, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту, 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді қазіргіден екі есеге арттыру жұмыстары сәтті жүзеге асырылатынына сенім мол.
Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.
Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс.
Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Енді отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылық қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейді.
Қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс.
Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде, тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.
Барлық деңгейдегі шенеунік пен басшы қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс.
Мемлекет басшысы бастаған осындай еркін әрі ашық сұхбаттардың көп болғаны дұрыс. Үкімет басшысы, күштік құрылымдар, министрлер, облыс әкімдері әрбір атқарылған жұмыстарға осылай есеп беруі қажет. Білетінім, халық осындай ашық әңгімеге, әрбір қабылданған шешімді түсіндіру бағытындағы ақпаратқа зәру.
Әділ ЖҰБАНОВ,
Мәжіліс депутаты