«Операның отаны – Италия, Меккесі – Ла Скала». Миландағы опера театрының сахнасына шығып ән салған өнер иесіне дүниенің төрт қақпасы түгел ашық деген сөз. Бірақ оған жеткен әнші сирек. Сол аздың саз өкілі – Амангелді Сембин.
Иә, ол – «Ла Скалада» ән салған тұңғыш қазақ. 31 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алды. Әлемге танымал өнер тарландарының жоғары бағасына ие болды. Сол кезде мемлекет басшысы болып тұрған Дінмұхаммед Қонаевтың өзі әнші даусына тәнті боп, бауырына басты, шексіз қамқорлығына бөледі. Дүлдүл дарын классикалық туындыларда – Төлегеннің, Айдардың, Біржанның, Адақтың партияларын сәтімен орындап көзге түсті. «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Қарғаш», «Шәпибай-ау» әндерін дәл Амангелдідей әуелеткен әнші сирек. Сембин өткен опера мектебі қатарластарына тек қиял болатын...
Қазақта Амангелдіден асқан армансыз әнші өтпегендей көрінеді ондайда. Бірақ бұл сырт көзге ғана солай. Шын мәнінде әншінің ішкі мұңы, орындалмаған ойлары, аяқасты болған арманы – бәрі-бәрі күрсінтеді. Иә, Амангелді әншіні ойға алғанда, арманда кеткен өмір-ай дегің келеді еріксіз...
«Жалпы, менің биіктен құлауыма мақтау, қолпаштау және көре алмаушылық себеп болды», депті әнші бір сұхбатында. Рас, даңқ та – үлкен сынақ. Оны абыроймен көтеріп жүрудің өзі – үлкен ерлік, шексіз төзім. Әйтпесе, Мәскеудің П.Чайковский атындағы консерваториясына құжат тапсырған 800 талапкердің ішінен суырылып шыққан 25 таланттың бірі де осы Амангелді еді ғой. Даңқты үш тенор – Лучано Паваротти, Хосе Каррерас және Пласидо Доминголар ән салған сахнада еркін жүрген де қазақтың ерке баласы осы Сембин болатын. Қазақ ішінен «Ла Скалаға» тұңғыш табан тигізген де өзі емес пе? Ендеше, ұлт өнерінің құбылысына айналған әнші өмірін әсте өкінішті дей аламыз ба?
Десе де «Адамның басы – Алланың добы» деп қазақ бекер айтпапты. Теңдессіз даңқ берген Алла пендесіне үйіп-төгіп сынақ та берген екен. Сембиннің бар сыры, бәлкім бар міні – сол сынға сынып кеткені...
...Аласұрып Алматы көшелеріне сыймай жүрген күндердің бірі болатын. Жан әлемі аласұрып, іші от боп күйген әнші көшеде кездейсоқ жазушы Қалтай Мұхамеджановқа кезігіп қалады. Көрсе де көрмегендей болып кетіп бара жатқан жерінен тоқтатқан қаламгер: «Әй, Амангелді, бері кел!» деп қасына шақырып алады. Жағдайдың бәрін түсініп тұр: «Саған қанша адамның қиянат қылғанын, қанша адамның шарап бергенін түр-түсіне дейін айтып бере аламын. Бірақ оларды ату қолдан келмейді. Менің бір ғана өкінішім – сендей асыл азаматты бүкіл ел жоғалтып алды. Осыны ойлаған сайын жүрегім жылап қоя береді», деп аһ ұрыпты.
Ал әншінің өзі болса бұл күйін журналистерге берген сұхбатында: «1975 жылы Миланнан келген соң, опера театрындағы жұмысымды одан әрі жалғастырдым. Сол жылы Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Болат Аюхановтың бишілер тобы және мен Францияда бір жарым ай гастрольде болып келдік. Бұл да тәлімі мол сұрапыл сапар еді. Бір жылдан кейін, яғни 30-дан асқан шағымда «Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс» атағын алдым. Одан кейін менің өмірімде қас дұшпаныма да тілемейтін қаралы күндер басталды. Жанымдағы жарым жарқабақтан итерді. Маңымдағы «майдандастардың» қойны толы тас болып шықты. «Өлсек, қабіріміз бірге» деп жүргендердің жүрегі бір-ақ сәтте мұзға айналды. М.Мақатаевтың «Қарғыс» атты өлеңі көз алдымда бейнелі түрде дөңгелеп бара жатты...».
Осы өкінішті күй әншіні өле-өлгенше босатпады. Қызғаныш пен көреалмаушылықтың қу құлқыны алапат әншіні соңында бәрібір жұтып тынды. Әсем әнін жүрегінің түкпірінде аялап, сұлу үнімен жанынан шығарған таланттың тағдыры осылайша тоғышар топқа жем болды. «9 мамырда 60 жасқа келемін. Сол кезде шәкірттерімді жинап, қолдан келгенше аяқты түзеп, сахнаға таяқсыз шығып концерт бермек ойым бар. Бұл енді Құдай Тағаланың уысындағы шаруа...» деп армандаған әнші тілегіне жете алмады. Алпысына жетуге, арманына жетуге сәл қалғанда кеуде толы қоңыр саздың әуені үзіліп кетті. Әттең...