• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 25 Қаңтар, 2024

Бұл қай озған?..

183 рет
көрсетілді

Автокөліктің қуатын әлі күнге аттың күшімен есептейді. Ал ақылдың, жанның, рухтың, түйсіктің, сезімнің, ойдың, қуаныш пен қайғының күшін ше? Осы ғажаптың бәрін үйлестіріп, бір нүктеде ұстап тұратын адамның қабілет қуатын ше? Компьютер ме, әлде компьютер басты пенделер ме, мүмкін болашақтың «иесі» роботтар өлшейтін шығар?

Адам жаралғалы қиялының соңынан қуа-қуа өзінен «озып» барады... Шыр-шыр етіп соңында жан мен рух, мінез бен сағыныш қалып барады... Көз алдыма өзі сынды, бірақ пластмасса не темірмен құрсауланған бейнемен сөйлесіп отырған кісі келеді. Көз жасы жоқ, иіссіз, түссіз, тебіренбейтін пенделер, соның тілін табуға көшкен адам баласы онымен сөйлесуге тырысады...

Адам туралы бастап жылқы туралы айтқым келмеген негізі... Бірақ бала күнімде құлағымда қалып қойған жалғыз-ақ сөйлем күні бүгінге көкейімде күмбірлеп тұр. Ауылдағы керемет атбегінің бірі көршім-тұғын. 90-жылдардың жуан ортасы, мектепке барған-бармағаным да есте жоқ. «Аймаңдайдың өзі ағып келе жатып құлағын тігіп тоқтап тұра қалып, қайта зымырайтын көрінеді ғой» дейді әлгі атбегі жігіт. Баптаған аттарынан дәмелі ауылдағылар соның аузына кіріп кетердей ентелеп, таңырқайды. Ал әңгіме айтушы сол кездің сұмдығы шетелдік «таза қанды» тұлпарлардың бәйгесін айтып отыр. Біздің аймақта бәйгенің алдын бермеген айтулы жүйрік Аймаңдайды шетелден келе бастаған «таза қанды» жылқылардың жарысына ипподромға апармай ма? Сөйтсе, соңғы айналымда Аймаңдайдың алдына бірер қара түсіп кетсе керек. Оны көрген сайын шабысын үдете түскен ақылды пырақ-ай, «жын ба, сайтан ба?» дегендей құлағын тігіп бір қарап алып, қайта заулайтын көрінеді.

Сөйтіп, қазақ даласында туғалы шаң жұтып көрмеген тұлпар өмірінде үшінші келіп, тұңғыш рет сағы сынып қайтқаны туралы әңгіменің жосыны жаныма әлі де қозғау салады. Гәп – бұрын далада шапқан жануардың ипподромда көсіле алмағанында емес, Аймаңдайдың бабы мен бағы, қаны мен сүйегіне біткен жүйріктіктің кемдігінде де емес, шетелдік «ЧК-лардың» («чиста кровный» – «таза қанды») дәрімен жүгіруінде еді. Соны таныған жүйріктің түйсігін көрмейсіз бе? «Бұлар не боп кетті?» дегендей қарап-қарап алып заулаған. Ол уақытта ауылдағылар шетелден әкелінген жылқы-сымақтың бәрін келсін-келмесін «ЧК» («таза қанды») дей беретін.

Қайдағы қаны таза асыл тұқымды? Аяқтары ұзын, тұрқы сидаң, бірақ бастары жерге жетпейтін, далаға жіберсең өздігінен жайыла алмайтын, оттықтан ғана жем жеп, су ішпесе арам қататын жылқының бір пошымы. Бірнеше рет будандастырылып, селекциядан тек бәйгеге ғана бейімделіп шыққан бұлардың тұрқы сұлу, пошымы жылқыға ұқсағанымен, тексіз хайуандар. Себебі, қазақы жылқының тұқымы сияқты үйір ала алмайды. Айғыр боп басын төмен салып, өз басына үйір құрауға қауқарсыз. Ең сорақысы, өз құлынына шаба береді. Қазақы айғырлар өз құлынын тайдан байтал шығарда, яғни аталығымен жұп құрар уақытта үйірден «ұзатып» салады ғой...

Қазақта «текті айғыр тамырына шаппайды» деген сөз де бар. Әлгі ұзынсирақтардың тексіздігі сол, өз баласына шаба береді. Сосын мініс көтермейді. Жауға салған былай тұрсын, аңға бірер мініп шықса тұралайды. Жүрісі қатты, алдында жыра, құдық тұрса, соған түсіп кете беретін иісалмастың өзі. Мәселен, қазақы жылқының ішінен небір шу асауды үйретіп, бастықтырып мінесіз. Ол бар екпінімен шауып келе жатса да, алдында иесін мерт етер терең жыра, құз-шатқал немесе батып кететін қайнап жатқан ми-батпақ жатса, өмірі баспайды. Қарымы жетсе секіріп өтеді, болмаса жалтарып кетеді. Бұл – қазақы жылқыға туабіткен түйсік. Тіпті мініп жүр­генде талай байқадық, құмырсқаның илеуінің өзін опырып басып өтпейді. Қамшыласа да айналып кетеді. Керек десе, обал-сауаптың өзін түйсінеді. Адасып боранда қалған иесін үсіріп өлтірмейді, басын қоя берсе үйіне алып келеді. Ал ана шетелдік «таза қанды» жылқы-сымақтарда бұл қасиеттің бірі жоқ. Бетімен жіберсе ми-батпаққа да батып кетеді, ұраға түсіп үйелеп өледі, арнайы тегіс, жұмсақ жерде мінбесеңіз, тау-тас, ой-шұңқырда аяғын ұрып алып кеміп қалады. Қысқасы, сәбидей өбектеп отырып бәйгеге қосуға ғана жарамды. Оның өзінде бәйгенің алдында қаншама ай бұрынғы күтім, күш беретін дәрумендер мен арнайы қуаттандырғыш дәрілер, қылаяғы жарысқа шабар алдында егілетін күшті дәрі (допинг)... Бұлар зауламағанда қайтеді?

Даламызды бес мың жылдан бері қорғап келген нағыз тұлпарларды тәуелсіздік алған жылдардың басында дәрумен беру былай тұрсын, селекция жасап, қанын асылдандырудың бірі болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында шетелдік «таза қандылар» шыға келгенде, еліккіш қазақ бір-бір «ЧК» әкелді де, даланың шын тұлпарлары Аймаңдай, Байшұбарлар далада қалды. Екінші сортты жылқы саналды. Олардың жақсысын іріктеп селекция жасап, қанын асылдандырса, әлгіндей дәрумен, допингтерсіз-ақ шетелдік жылқы-сымақтарды басып озарын білген жоқ. Қазақы тұлпарлар күтімсіз-ақ басып озар еді оларды. Егер әлгі ұзынсирақтар қуаттандырғыш дәрісіз, бойындағы барымен ғана шапқанда. Өйткені аймаққа белгілі жүйріктер бәйгелерде шетелдік «жүйріктермен» бірнеше шақырым бойы таласып, соңғы айналымда ғана қалыңқырап, екінші, үшінші өткенін талай көргенбіз. Соның өзінде дәрінің күшімен шапқандардың қаншамасын қалдырып кетті емес пе? Жеме-жемге келгенде дәрінің күші жеңіп кетеді ғой. Қаншамасы мәреден өтіп өліп кетті әлгі ЧК-лардың. Ақымақтары «ойбой, шын тұлпар осылар екен ғой, озып өлді» десе, кейбір қырағы қазақтар «шамадан тыс дәрі салған соң көзі ақиып озып өлмегенде қайтеді, солай дәрілеп жіберсе сен де сөйтесің» дегендерді естіп бақтық. Ол кезде шабандоз едік, себебі. Мұны дер кезінде біліп дабыл қаққандар да шықты, бірақ қазақ қолында барды қор тұтудан алдына жан салмайды ғой. «Өзінде бармен көзге ұрғысы» (Абай) келмейді. Өзінде барды ұқсатып, дамытып жіберуге құлықсыз. Ақшасын шетелге құйып, дайынын сатып алып, озуды ойлайды. Ол озған қай озған, бірақ?.. Ілияс Жансүгір жырлағандай,

«Батыраш бала жастан атқа құмар,

Айқайшыл ат әперген баққа құмар.

Арам ой, ата намыс ұр-шоқпары,

Кір көңіл, сарайының батпағы бар» дегендей, сол кезде атақ қуған байлардан озамыз деп шетелдік ЧК-лармен будандастырған қазақтардың көбі нағыз қазақы жылқының тұқымын құртып тынды. Бұл туралы әнші, өнертанушы, этнограф Ерлан Төлеутай кезінде былай жазды:

«Қазір дәрі шабады, дәрінің соңынан бәрі шабады. Дәрімен жүлде алған «жүйріктің» соңынан қиқулап, есі кеткен жұртты айтам. Музыка бәйгесінде де солай – өнерлі шаппайды, фанерлі «шабады».

Осыдан кейін қазақтың өнері мен дәстүрінде не құн қалды? Өстіп біз қазақы жүйріктер мен қас өнерпаздарды құсадан өлтірудеміз. Қазақтың тексіз байлары арабтың, ағылшынның «асыл қанды» аттарын пәленбай миллионға сатып алып, бәйге ұйымдастырып, кезектесіп «Джип» мінуді модаға айналдырғаны қашан. Ал қазақтың сахарасын тұяғымен қорғаған тарландар тұсынан мұндай ұлы дүбір өтіп жатқанда қорада жылап тұрады не қойдың соңында жүреді тепеңдеп, не тай күнінде соғымға сойылып, сол тексіз байлардың дастарқанына қазы-қарта, жал-жая боп тартылып, өзіндей тағы бір тексіз байдың жұмырына түседі. Мен таңғаламын, кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларының түбіне больше­виктер құрған қанқұйлы орган – ЧК (Черезвычай­ный комитет) жетіп еді, енді арада аттай жүз жыл өткенде қазақы тұлпарлардың түбіне тағы бір ЧК («чистокровка» деген сөздің қысқарғаны – надан қазақтардың ағылшын мен араб тұқымды аттарына қойып алған атаулары) жетіп жатыр. Рәміздік тұрғыдағы сәйкестікті қарашы!

Біздің сасық байлардың түсінігінше – ағылшын мен араб жылқылары таза әрі текті де, ал кезінде Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Райымбекке қанат болып, мына ұланғайыр даланы тұяғымен қорғап қалған қазақтың жылқысы тексіз яки қаны таза емес көрінеді. Меніңше, осы байлардың өздерінің қаны таза емес – сарт яки қаңғыған кірмелердің тұқымы болса керек. Әйтпесе, домбыралы өнерпазды тойда қор қылып, оның алдында кілең «фанерщик» сартты тайраңдатып, өз тұлпарларымызды жаттың жылқысына жығып бермейді ғой» деп күйінгені әлі есімде.

Сөйтіп, нағыз далалық тұлпарлардың күні батқан жоқ, батырдық. Қазақ даласына жерден шөп жұлып жей алмайтын, үйірге түсіп бас құрай алмайтын, баласына қосылып тұқым тарата беретін жылқының тексіз тұқымы келді. Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романындағы «Қауіпті буданы» есіңізде шығар. Бұлар одан да қауіпті болып тұрғанын көрмейсіз бе? Бойында бірақ жылқыға тән бір қасиет жоқ. Жер бетінен жылқы ғана емес, жылқымен бірге асыл қасиеттер өліп бара жатқан жоқ па? Тап солай, санасы технологиялық үдеріске уланған сайын адами қасиеттер де жоғалып барады. Оны ақындар ертеректе айтып қойды. Жаныңды шырқыратып, рухыңды шамырқандырып тұрып жырлаған мына төмендегі шумақтарды ұзақ та болса толықтай ұсынамыз. Өйткені өлең тура біз әңгімелеген уақыттан кемі 20 жыл бұрын, 70-жылдары туса да айтпағымызды дөп басқан қасіретнама:

 «Ол жылаған. Дүние жүзінің көрермендерін көркімен, әсем жүрісімен таң-тамаша қалдырған қайран арғымақ өзінің соңғы күніне өкінген шығар... Ол тұрған орнында жерге гүрс етіп құлап түскен...»

(Сәуірбек Бақбергенов)

Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма,

Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!

Арғымақтар-ай! Ғасырдың мазақ, құрбаны,

Менің де қаным қыр қаны, қазақтың қаны,

Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай,

Құндыз қыл құйрық сұржекей, арғымақтар-ай!

Даламыз – кітап, беттерін ашқанда кілең,

Терең ол – ерен ғажайып дастандарымен.

Эпосы, эпопеясы қыраттарының

Тұяқтарымен жазылған пырақтарымның.

Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні,

Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.

Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,

Ұлытауымның сандық тас шоқыларына.

Мінекей, енді көз жасы тамып жатқаны,

XX ғасырдың топырағына.

Есімде әлі, елесі жанарда мына,

Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалғанда,

45-те — Қызыл алаңда шуласып, өліп,

Таң қалдық оның тәкаппар тұлғасын көріп!

Қамыттан мойны қан болып күйреп, әпендем,

Түрксіб темір жолын да сүйреп әкелген!

Сол уақыт өтті... жылқы еті – үстелімізде,

Вагон-ресторандарда ішкенімізде,

Самолет қана көреміз түстерімізде!

Ертоқымдардың шаң басқан, бірақ өрнегін,

Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім –

Жылап тұр! Соны «Волгадан» түстім де – көрдім:

Ат жарысына орын жоқ үстінде жердің!

Аспанға қара, не деген күшіктер еді,

Баллистикалық ракета ұшып келеді!

Қарашы қатты ышқынған дауыстарына:

Бәйгілер енді аспанға ауысқаны ма?

Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма,

Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!

Арғымақтар-ай!

Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай,

Күй – олар жылау домбыра шектеріндегі.

Олар тек сөйлем – тарихтың беттеріндегі!

Қалғаны содан – ескірмес, тозбастың бірі,

Арқамды шымырлататын Олжастың жыры...

Бір кездесуде атбегі түгел келіп те,

Бір сауал қойған сол Олжас Сүлейменовке:

«Бізді де, ақын, аттардың жаты санама,

Тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?»

Сол кезде ақпай қалған бір ақыл, төзімнен,

Абсенттің жасын көріп ем – Ақын көзінен...

Тұрды Олжас сонда жүрегі қан-жоса болып,

Тұнжырап кетті: «Тұлпарың зорласа көніп,

Қатысар ,– деді, – тек қана колбаса болып...»

Мен-дағы сонда ішімнен жылап еңіредім,

Тұра бергенім, жер шұқып тұра бергенім,

Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім...»

Манадан бері біз ежіктеген әңгіменің өзегі осы жырға сыйып кеткені өз алдына, мұнда адамзат түсіне кірсе шошып оянатын емеуріндер тұрған жоқ па? Серік Ақсұңқарұлының «Арғымақтар» атты бұл шығармасы қасиеттен жұрдай дәуірдің төбесін көрген адамның «әй, жер бетін жалмап қасиетсіздіктің топан суы келе жатыр, қам қылайық, рухтың шыңын бетке алайық» деп қаққан дабылындай естіледі. Ер қанаты тұлпарларға енді бәйгелерде де орын қалмады. Жердің бетін обал-сауапты сезінбейтін түйсіксіз, сезімсіз «жүйріктер» басып барады...

Жоғарыда біз сөз еткен тұрқы сұлу ЧК-лар пошымдас, үсті-басы жып-жылтыр, өз жұмысын ғана білетін мамандардың сауаты жоғары, сырт көзге жақсы көрінеді. Соған сай санаты да биік болуы кәдік еді. Мансабы мен мәртебесінен бұрын сана-сезімі мен іс-әрекеті алға озса керек-ті. Жоқ! Елде шаруасы жоқ. Айналасы қағажу көріп жатыр ма, ұлттық өнер мен ана тілінің өрісі тарылып бара ма, келіп-кетері шамалы. «Мұнан менің қай жерім аяулы деп, майданда бірге тұрып қалатын емес» (Абай). Ондай олқылықтар үшін ол қызметтік жолын неге құрбандыққа шалады? Қайта көршісінің қорасы өртеніп жатса барып сөндірісудің орнына соған бас үйітіп алудың ретін біледі. Ештеңе дей алмайсыз. Бір нәрсені бүлдіріп жатқан жоқ. Жағдайды пайдаланып, тиісінше әрекет еткені үшін жазықты емес. Қораға өрт қойған бұл емес. Не қыл дейсіз?

Оқушы кезімде жасы үлкен бір кісінің жаннан түңілгенін көргенім бар. Ауқатты досының үйіне барса, ауласында естияр жастағы баласы ойнап отыр екен. Баланың дәл жанында шарбаққа қысылып, не әрі, не бері өте алмай қалған тауық ойбайлап жатқан көрінеді. Әлгіні бала керек те қылмай ойнап отырса керек. Естімей қалды дейін десе, тауықтың жан дауысы шығып жатыр, көрмеді дейін десе, дәл жанында. Сол балалар соқталдай жігіт болды қазір. 1993 жылы үздіксіз соғыстан аштық жайлаған Судан мемлекетіне БҰҰ гуманитарлық көмек жасап, фототілші Кевин Картер де барады. Ол бір ауыл шетінен әлі құрып, аштықтан бұратылып өлгелі жатқан баланы көреді. Картерді көріп көзі жәудіреген бала жанашырлық күткендей, ептеп талпынғандай болып, өз кірпігін ауырсынып, басын тұқыртады. Аш баланың ақтық демін күтіп әр жағында құзғын отырады. Бала мен қарақұсты Кевин дереу суретке тартып алады да жөніне кетеді. Кейін бұл фотосын «Нью Иорк Таймс» басылымына сатады. Сурет бүкіл әлемді дүр сілкіндіреді.

К.Картер осы фотосы үшін Дж.Пулитцер атындағы сыйлықты иемденеді. Ал басылымдар: «Өлгелі жатқан балаға көмек қолын созу орнына, тек сәтті фото түсіру үшін объективін бағыттаған адам, ол да анау отырған құзғынның бірі», деп жазды. Фотограф сәтті кадр тапқанына қуанып, көп ақша табатынына әсерленіп, баланы ойламай, ұшағына мініп, еліне тартып отырған ғой. Әріптестерінің айтуы бойынша кейін ол: «Құзғынды ұшырдым ба, ол оралып қайта қонуы мүмкін ғой, неге ауыл ішіне әкеліп тастамадым екен, неге қасында бола тұрмадым, ата-анасы үлгерді ме, бала тірі қалды ма, әлде құзғынға жем болды ма?», деген мазасыз ойға батып, өз-өзінен тыным таппаған. Бұл ағаттығына төзе алмаған Кевин ақыры 1994 жылы өз-өзіне қол жұмсап өледі. Міне, тек қана өз жұмысын күйттеп өмір сүрген жаңа заман адамының бір келбеті. Қайта мына фотограф кеш те болса түсінген, жетесіне жеткен соң адам емес екенін сезініп өзін құрбандыққа шалып тұр. Әлгіндей өлмелі күйде жатқандардың үстінен аттап өтіп барып, керегін алып кетіп жатқан адам кейіпті екі аяқтылар қаншама?

Соғыс жылдарын суреттеген Шерхан Мұртаза­ның бір шығармасында күндіз-түні соқа мен арба­ға жегілген атқа жаны ашып, жануарды мойнынан құшып жылайтын бала бейнесі бар. Сонда жануардың да көзінен моншақтап жас үзіліп тұратын. Олардың түйсігі ояу, жаны сергек, обал-сауапты түйсінетін. Бойында қан, кеудесінде жан бар. Әрине заманның ығына қарай технократ болған жақсы, бірақ өзіне тиісті жүктемені ғана білетін компьютербасты кісілер жоғарыдағы фотографтай қорқынышты емес пе? 1932 жылы халық аштан қырылып жатқанда ел арасына барып «план орындаңдар!» деген Елтайларды еске түсіреді. Елдің мүддесін елемей, өз мансабын өсіріп, жақын-жуығын семірту мақсатында билікке жеткен жо­ғары лауазым иелерінің олардан несі артық, несі кем? Жоғарыдан түскен тапсырманы ғана орындап отырады, басқада жұмысы жоқ. Бастысы әлгі ЧК-лар сияқты жұрттың баласынан озып шенді қыз­метке орналасты ма, болды. Дәрімен озды ма, ақша­ның күшімен бе, таныс-тамыр, әлде атасының абы­ройымен көтерілді ме, онда не таласың бар? Алай­да бәрінің түбіне осы алайда жеткен. Барлығы осы алай­дадан басталған. Сәулесі барға бұл да ұзақ әңгіме.