• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Қаңтар, 2024

Соныға салған соқпақ

868 рет
көрсетілді

Ұлт руханиятының ірі тұлғасы, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Жазиралы қазақ даласының жұпар исін аңқытып, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныс-тіршілігін, топырағында аунап-қунап өскен бала Қожаның боямасыз өмірін тап басып суреттеген қабырғалы қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні мәлім. Осыған орай Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойына арналған салтанатты іс-шараның шымылдығы ашылды.

Жиын аясында ұлт әдебиетінің мәрте­бесін өсірген жазушы Бердібек Соқпақ­баевтың құнды кітаптары мен жеке заттары қойылған көшпелі көрменің таныс­­тырылымы өтті.

Мерекелік кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен жазушының қызы Самал Соқпақбаева, Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Нұрлан Ораза­лин, баспасөз ардагерлері Марат Тоқашбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, Пре­зи­ден­т кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақын Парламент Мәжілісінің депу­таты Жанар­бек Әшімжан, Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев қатысып, құттық­тау­ла­рын арнады.

Әдебиеттің қайталанбас тұлғасы Бердібек Соқпақбаев ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміздің бірі және бірегейі, жазушының қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиелегенін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы төл әдебиеті­міз­дің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз», – деген өңір басшысы жазушының 100 жыл­­дық мерейтойы аясында өзі туып-өскен таулы ауданда бірқатар іс-шара атқарылатындығын тарқатып өтті.

Ең алдымен, Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылындағы орталық саябаққа Бердібек Соқпақ­баев­тың аты беріліп, жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретін болады. Сондай-ақ осы ауылдағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияға ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, ондағы жазушының музейін заманауи үлгіде жабдықтау және мек­теп алдында орналасқан қаламгердің бюс­тін қайта жасау сынды бірқатар жұ­мыс­ жоспарланғандығын атап айтты.

Мерейтой шеңберінде қаламгердің туған ауылы Қостөбе де көз тартарлықтай абаттандырылып, инфрақұрылымын жөндеу жоспарланған.

«Біртуар жазушыға құрмет көрсету туған ауданымен ғана шектеліп қал­май­ды. Мәселен, қалың бұқара қолдап жатса, облыстық кітапханаға Бердібек Соқ­пақ­баев есімін беруді ұсынамын. Бұған қоса биыл Іле ауданындағы Көкқайнар ауылында 1500 балаға арнап салынған жаңа мектепке жазушының атын беру жөніндегі ұсынысты қолдап отырмыз.

Сонымен қатар Кеген ауданы мен Қонаев қаласындағы саябақтарға қа­лам­­­гердің есімі берілмек. Ол саябақ­тар балалар жазушысының атымен атала­тын­дықтан, соған лайық жасақ­та­лып, ойын алаңдары бар рухани орта­лыққа айналады.

Облыс аумағындағы аудан орталық­тарында, Қонаев және Алатау қала­ларында көшелерді жазушы есімімен атау бойынша бастамалар да бар. Оларға жергілікті қоғамдастық мүше­лері қолдау көрсетеріне сенімім мол. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының аясында рухани мұрасын дәріптеу жұмысын халықаралық деңгейде көрсетуіміз қажет. Бұл орайда ағамыздың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылып, тұсаукесері «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия мемлекетінің астанасы Анкара қаласында өткізу жоспарланып отыр», – деді өңір басшысы Марат Елеусізұлы.

Сонымен қатар облыс аумағында орта білім беру мекемелерінің 5-11 сынып­ оқу­шылары арасында «Менің атым – Қожа» тақырыбында республикалық шығармалар байқауы және балалар жазушыларына арналған «Балалық шаққа сая­хат» атты республикалық проза байқауы жарияланатындығы да жас буынның жазушы шығармаларын жете танып, насихатталуына септігін тигізетін игі іс саналады.

Жазушының өмірі мен шығарма­шы­лығын жан-жақты насихаттау мақсатында Астана қаласында «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі» атты кітап көрмесі өткізіліп, деректі фильм түсірі­ле­тіндігі де жан жадыратарлық жаңалық.

Бердібек Соқпақбаевтың ұлт мәде­ниеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бағалау бұл бастамалармен ғана шектелмей, жазушының шығар­машылығын насихаттау болашақта да жалғаса беретіндігін айрықша атаған облыс басшысы салтанатты шараға жиылған зиялы қауым өкілдері мен өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.

Жазушының қызы Самал Соқпақбаева бұл әкесінің ғана емес, көркемсөзді құрметтеген қазақ халқының тойы екенін айрықша атады. Қаламгердің 100 жылдығы шеңберінде ел ішінде атқарылатын жұмыстар көп екендігіне, бұл орайда жазушы еңбегін бағалап, қолдау білдірген Мемлекет басшысына, ақын-жазушылар мен әкім-қараларға ризашылығын білдірді. Сөз зергерінің ұрпағына алқызыл гүл шоғы табысталып, құрмет көрсетілді.

Аспантау аясындағы Нарынқол ауда­ны Қостөбе ауылында 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келген Бердібек Соқпақбаев небәрі сегіз жасында анадан көз жазып, жетімдіктің ащы дәмін татады. Өмірден қағажу көрген жас баланың жүрегі жетімдіктің әр сәтін сана сүзгісінен өткізіп қана қоймай, қалам ұшымен өрнектеп ақ қағазға қалдырады.

«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Аяңдар!» дейді өзінің «Балалық шаққа саяхат» повесінде.

Заңғар жазушының мәні терең бұл ойын бала түгілі ересектер қаперге алған ба? Алса жетімін жылатқаны былай тұрсын, туған топырағынан жырақтатып, көзін жәудіретіп, жат жұртқа жібермес еді-ау деген ой қылаң береді. Тарыдай шашыраған қаншама қазақ баласы осы күні туған ана мен туған Отанына жетуді аңсап күнелтуде.

Бала жанының нәзіктігі мен таңғы шықтай тазалығын қаз-қалпында ақ қағазға түсірген Бердібек Соқпақбаев алғашқы шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастаған.

Ал проза жанрына жаңа леппен келген «Менің атым – Қожа», «Балалық шақ­қа саяхат» шығармалары оқырман жүре­­гінде жаттаулы десек әсірелегендік емес. Балалар тақырыбын арқау еткен көр­кем туындылардың кестеленуіне туған ауылы­ Нарынқолда ұстаздық етуі жазушы өміріне соны серпін беріп, шығар­ма­шы­лыққа баурай түседі.

1963 жылы экранға шыққан «Менің атым – Қожа» фильмі қазақ кино өнерінің шоқтығы биік жұлдызына айналып, алтын­ қорға енді.

«Менің атым – Қожа» фильмі – қазақ кино өнерінің шыңы. Өйткені ол кезде халықаралық үлкен марапаттарды беретін ортаға әлі саясат араласпаған кезең еді әрі өнер әділ бағаланатын. Бәлкім, бұл киноны Оскарға ұсынғанда да алып кетер ме еді? Режиссер Әбекеңнің (Абдолла Қарсақбаев) күш-қайратының, ұлтқа деген махаббатының кемелденген кезі болатын. Кейінгі туындылары да бұдан кем соқпады деп ойлаймын. Оның жемісі – «Бандыны қуған Хамит».

Бердібек ағамыз шығармасына арқау болған ауыл тақырыбын өскелең ұрпақ арқылы суреттеуі ғажап. Оны Қожа сияқты ұрпақтарсыз елестету әсте мүмкін емес, ол ұрпақ бүгін ержетті. Егер сол ұрпақтың қанында ауылға деген махаббаты мен табанының таңбасы жатпаса, бүгінгі ортаға қазақ болып сіңіп кете ме, жоқ па, кім біледі? Міне, осындай дүниелер бүгінде күн тәртібінде тұр. Ұлттың рухани құндылығын ұрпақ бойына Соқпақбаевтай сіңірсек, сонда ғана жан-жағына адал, ба­уырмал, шыншыл азаматтар тәрбиеленеді», – дейді Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов.

1967 жылы балалар мен жасөспі­рім­дерге арналған Канн қаласында өткен халықаралық фестивальда «Менің атым – Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Осы фильм арқылы төрткүл дүние қазақ киноиндустриясының жетісітігін көріп, қазақ ауылының ғажайып көрі­ніс­тері мен кеңпейіл, ақжарқын болмысын Қожа арқылы танып, білді.

«Мен Қожаның рөлінде ойнағанда он екі жаста едім, одан бері 60 жыл уақыт өтті. Бірақ бала Қожа арамызда әлі бар және ол халқымен бірге жасай береді. Себебі Соқпақбаевтың шығармасының желісімен түсірілген фильм өзінің өміршеңдігімен құнды», дейді «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев.

Соқпағы бөлек Соқпақбаевтың көркем туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, үлкен сахна, экрандарда көрсетілді.

«ХХ ғасыр қазаққа ұлыларды, арыс­тарды молынан берді. Әсіресе әдебиет пен өнерде, ғылымда біздің жеткен биігіміз де, алған асуларымыз да өте мол. Ал енді, көркем әдебиетке келер болсақ, кешегі ғасыр басындағы қайғы мен қасіретті арқалаған, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін де жеріне жеткізіп жазды. Солардың бірі, алыптардың жалғасы, жақсының көзіндей болған кешегі қазақ әдебиетінің, өзі де көзі тірісінде классик атанған балалар әдебиетінің жұлдызы Бердібек Соқпақбаев сол санаттағы, сол сипаттағы тұғыры биік тұлғаларымыздың бірі болатын. Бекеңнің шығармалары ол өте терең мағынасымен, шыншылдығымен, көркемдік қуатымен қазақ әдебиетіне келіп қосқан арналы, ауқымды қайталанбайтын көркем кеңістік. Бердібек Соқпақбаев – қайталанбас өзіне ғана тән болмыс-бітімі бөлек қалам иесі. Сондықтан болар, көзі тірісінде шығармалары 70-ке­ тарта әлем тілдеріне аударылған, «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы қазақтың киносын, қазақтың прозасын жарты әлемге танытқан ұлы суреткер. Халықтың махаббатына бөленген қаламгер. Оның қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Жекпе жегі», «Қайдасы, Гауһары?», «Өлгендер қайтып келмейді» атты мықты романы сол дәуірдің кесек кеңістігін қаламынан қанын ағызып жазған батыл, батыр шығармалары болатын. Жазу­шы шығармаларының көптеген тілге аударылуы Бердібек Соқпақбаев шығармаларына деген сұраныстың салмағын байқатса керек», дейді қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

«Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты шығармасын қазақ қабылдамады. Қабылдамағандықтан ол шығарма Мәскеуде «Балалар әдебиеті» баспасынан басылып шыққан. Одан кейін Луи Арагон көріп, француз тілінде шығарған. Содан кейін ғана қазақ халқымен қауышқан. Өйткені ол кеңестік дәуірге қарсы болды. Сондықтан балаларға арнап жазды, балаларға арналған шығармада өтірік болмайды. Онда тек қана сезім мен махаббат болады. Бердібек Соқпақбаевтың ұлылығы осында. Біз бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамыз. Себебі көзінің тірісінде мұндай құрметті, ықыласты көрмеген жазушы енді, міне, туғанына 100 жыл толайын деп тұрғанда бүкіл қазақ алақанына салайын деп отыр. Бүкіл қазақ Бердібек Соқпақбаев арқылы «мен қазақпын» деп әлемге жар салайын деп тұр», – деді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықыласын жеткізген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев: «Өздеріңізге мәлім, былтыр 7 мау­сымда ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле арнайы астанаға келіп, Президентіміз қабылдаған болатын. Араға үш ай салып, мәлім болғандай 9 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 42-сессиясында Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығын атап өту, атаулы күндер қатарына енгізу туралы шешім қабылдады. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының ықыласы және қолдауы деп білеміз. Біз Бердібек Соқпақбаевтың шығармасымен өстік. Жазушы шығармалары адамгершілік, имандылық, әдептілік сынды адами құндылықтарды сіңіреді. «Балалық шаққа саяхат» туындысында «ақылдылық тек үлкен істен ғана байқалмайды, ұсақ-түйектен де анық көрінеді» деген сөзінің мәні зор. Осындай дара ойларымен қазақтың бірнеше буыны тәрбиеленіп, бүгінде елдің тәуелсіздігін нығайту жолында қызмет етіп келеді. Қазақ әдебиетінің мәртебесі өсе берсін», деген ізгі тілегін білдірді.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ұлы жазушының бол­мысы баяндалатын Рымғали Нұр­ға­лиевтің «Таудан түскен адам» атты эссе­сінде Дінмұхамед Қонаевтың шаңы­ра­ғындағы алғашқы кездесулері туралы жүрекке жылы естелігімен бөлісті. Қонаев қаласында Соқпақбаев тойының басталуының да рәміздік мәні барын айта келе, көзі тірісінде Мемлекеттік сыйлықтан, Халық жазушысы атағынан, басқа да марапаттардың бәрінен қағылған қаламгерге құрмет пен ықылас енді ауып жатқанын қуана жеткізді.

Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебие­ті­нің ғана емес, ұлт әдебиетінің классигі. Сондықтан Алатаудың баурайынан бас­тал­ған жазушының ғасырлық мерейтойы Алаш жұртына, одан әрі өркениет бесігі Ана­долыға, түбі Парижге де жетер күн жақын.

«Бердібек әлеміне саяхат» атты әдеби-сазды кеш барысында ұлт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Б.Соқ­пақ­баевтың шығармаларынан үзінділер сах­на­ланып, көрермен жүрегін елжіретті. Сөйтіп, бір сәт түтіні түзу өрілген алтын бесік ауыл мен бейкүнә балалық шаққа сапарлап қайтқандай күйге бөленді.

 

Алматы облысы