• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Энергетика 31 Қаңтар, 2024

Сутек энергиясын алудың арзан жолы

198 рет
көрсетілді

Отандық ғалым, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қа­зақстан университетінің ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми зертхананың меңгерушісі Ақатан Қы­дырмолла сутегі энергиясын арзандатудың жолын тапты.

Ғалымның айтуынша, көмірдің пайдалы әсері 11 па­йыз ғана. Яғни 1 тонна кө­мір жақсаң, оның 890 килосы күлге айналады. Пайда бе­ретіні – 110 кило. Бензиннің пай­далы әсер коэфиценті – 17 пайыз, газдікі – 20 пайыз, ал сутегінің пайдасы 75-80 па­йыз. Яғни сутекті пайда­лансақ, күл, түтіні өте аз, та­за энергияға қол жеткіземіз. Тек бұл энергияны алу әзір­ге қымбат. Отандық ғалым­дар осы мәселені шешу ба­ғы­тын­дағы зерттеу жұ­мыс­­та­рын қолға алған. Ақа­тан Қыдырмолланың пі­кі­рін­ше, сутек энергиясын пайдалану мәселесі экологиялық мәселелердің ушығуына тікелей байланысты. Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көзіне қол жеткізудің жолын бүкіл әлем ғалымдары бұрыннан зерттеп келе жатыр. Біздің елде де осы бағытқа бетбұрыстар жасала бастады.

– Президент Жолдауын­да айтқан сутек энергиясына көңіл бөлу, дамыту, қол­данысқа енгізу тапсырмалары бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі осы зерттеу­лерге көп көңіл бөліп жатыр. Ал еліміздің әлеуетіне келетін болсақ, біздің ел басқа мемлекеттермен тең дәрежеде тұра алатындай алдыңғы қа­тарлы зерттеулермен айналысып жатыр деп айта аламыз. Яғни зертханамыздың мысалында келтіретін болсам, біз Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық зерттеу орталығымен бірле­сіп, сутек энергиясына байла­нысты қарқынды зерттеу жүргізуді қолға алдық. Бұл зерттеуде әр тараптың өз мін­деті бар. Қазіргі кезде сутек элементін алу, сақ­тау, тасымалдау күрделі болған­дықтан, оның бағасы да қым­бат тұрады. Сондықтан Ұлт­тық ядролық зерттеу орта­лығының міндеті – сутек эле­мен­тінін алу, сақтау, тасымалдау мәселелерін шешу. Соның аясында олар пиролиз әдісімен сутекті өндіру, метаннан, газдардан алу деген сияқты іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Ал біздің зертханамыздың міндеті – осы алынған, жинақталған сутегін кәдеге жарату, қайта өңдеу, залалсыздандыру. Біз оны электр энергиясын алуға пайдаланамыз. Қазіргі кезде ауа сутекті отындық элемент деген түсінік бар. Бұл – сутек элементін пайдалану арқылы электрхимиялық реакциялардың көмегімен электр энергиясын алуға бағыт­талған жұмыс. Сон­дай-ақ осы бірлескен зерттеу­дегі біздің университет ға­лым­дарының міндеті – сутек элементін ыдыратуға арналған қондырғы бөліктер, электроттар, католизаторлар, мембраналар дайындау және отандық шикізат өнімдерін қолдана отырып олардың құнын төмендету, – дейді Ақатан Қыдырмолла.

Егер еліміз сутегі энергетикасы саласына бет бұра­тын болса, қоршаған орта­ның ластануы, бүлінуі деген мәселелерге оңынан әсер ете­тіні сөзсіз. Себебі газ шы­ғындары азаяды. Ал оны нақ­ты қолданысқа енгізу – ғалым­дардың алдындағы үлкен міндет. Соның ішінде оны өн­дірісте арзан бағада қолже­тімді ету қажет.

– Сутегі элементін пайда­лану бойынша әртүрлі ба­ғытта зерттеулер қолға алын­­ған. Мысалы, Жапония бен­­зиннің, газдың орнын басу үшін оны іштен жанатын қозғалтқыштарға отын ре­тінде пайдаланып, жаңа кө­ліктер шығарып жатыр. Нәти­жесінде, одан қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттар бөлінбейді. Бұған қоса жоғары температурадағы отын элементтерінде сутегін ыдырату арқылы электр тоғы алынады. Ал біздің құрылғы төмен температурада жұмыс істейді әрі пайдалы әсер коэф­фиценті 60 пайызды құрайды. Біз осы арқылы электр тоғын тиімді пайдалана аламыз. Ал қазіргі гидроэлектр стан­салардан алып отырған электр токтарының пайда­лы әсер коэфиценті 35-40 пайыз­­ды ғана құрайды. Қон­дыр­­ғ­ыны жасауды өзіміз қол­ға алғандағы мақсатымыз – отан­дық өнімді пайдала­ну арқылы оның әрбір бөлше­гінің құнын төмендету, белсенділігін арттыру, жұмыс уақытын ұзарту, – дейді А.Қыдырмолла.

Ғалымның айтуынша, зерт­теу жүргізу – ұзақмер­зімді жұмыс. Өнімнің нақты қай уақытта өндіріске енетінін дөп басып айту қиын.

– Әлемнің әртүрлі нүкте­сін­де әртүрлі ғалымдар бір ба­ғытта ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Ең соныңда барлығының еңбегі жиналып келіп, жарылыс жасап жаңа бір өнімге айналады. Сол сияқты қазір осы саланың бір пұшпағын біз де зерттеп жатырмыз. Америкада, Қы­тайда, Жапонияда, Корея­да да зерттеліп жатыр. Нәти­же­сінде, кімдікі ең тиімді болып шығады, біз соның тұты­ну­шысына айналамыз. Бірақ оның нақты қашан толық қол­данысқа еніп кететінін ай­ту қиын. Ғылым бүгін істеп, ер­тең нәтижесін көре қоятын дү­ние емес. Оған уақыт пен қа­­жырлы еңбек қажет, – дейді ол.