• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Мектеп 01 Ақпан, 2024

Бала бауыр басатын мектеп

149 рет
көрсетілді

Алланың қалауымен бір ауыз түрікше білмейтін үш немерем Ыстанбұлда түрік мектебінде оқитын болды. Бірі – бастауышта, екіншісі – орта буында, үшіншісі жоғары сыныпқа барды.

Әнұран қалықтағанда

Мектеп мүдірі (директоры): «Уа­йым­­­­­­д­­а­­ма­ңыз­­дар, балаларыңыз тәріз­ді көп бала мектебімізді бітіріп кет­ті, қазір де, қаншамасы оқып жүр. Тәжі­рибе жеткілікті әрі балалар жат­сынбай тез бауыр басады, қам жеме­ңіз­дер», десе де жүрек май ішкендей.

Түркияның орта білім беретін оқу жүйесі біздікінен өзгеше, үш бала үш мектепте оқитын болды. Бастауыш (илк окул) мектебі бөлек. Ортаңғы буын бөлек мектеп (орта окул), жоғарғысы басқа мектеп. Әрі қатаң талап етілетіні – бастауышта ересек адамның біреуі баланы міндетті түрде алып барып, алып қайтуы керек. Егер әлдеқалай күнделікті алып кететін адамның орнына отбасының басқа ересек мүшесі баратын болса, алдын ала мұғаліммен таныстырылып, осы адамның келетіні ескертілуге тиіс. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, зейнет жасына жетуіммен қол босап, бір жыл Жәңгірімді мектебіне алып барып, алып келіп жүрдім.

Сабақ біздегідей қыркүйектің бірінен басталмайды екен. Алғашқы өзгешелік деп бір түйдік. Мектепке киінетін формалары да өзгеше, оқушылар жеңіл футболка мен шалбар киеді. Әр мектептің формасы таңдалған реңк бояумен ғана ерекшеленді. Жәңгірдің үсті қоңыр сары, шалбары қоңырқай, жүріп-тұруға жеңіл, өте ыңғайлы. Апта басы барлық оқушының сынып-сыныптарымен сап түзеп әнұран – «Истикляль маршын» (Тәуелсіздік маршы) айтуымен бас­талады. Апта соңында да солай. Бірақ онда сол апта аралығында мектеп ішінде немесе мектептер арасында, яки ауданаралық түрлі жарыс болса соған қатысқандар ортаға шақырылып, ата-аналар мен ұстаздар, оқушылар алдында мектеп даярлаған медаль мойындарына тағылады. Егер жеңіп әкелінген кубок болса, сол жерде салтанатпен көрсетіледі. Қысқасы, апта ішіндегі мектептің жетістіктері жария етіледі. Соңында балалар, кей­де ата-аналар да қосылып тағы да әнұран айтылып, үйді-үйіне тарасады. Бұл – әр аптаның басы мен аяғында қайталанатын үйрен­шікті дүние. Жақсы екен, күн­де­лікті әнұран айтылғаннан гөрі осы­лай бізде де қалыптастырса бола­­ды ғой дедік іштей.

 

Мектепке асыққан балалар

Мектеп атмосферасы өте жеңіл. Балалар еркін, мұғалімдер «чужугым» «битанім», «бебейім», «кызым», «улым» деп айналып-толғанып сөйлейді. Арада қатып қалған шекара жоқтығынан оқу­шылар ұстаздар алдында қысы­лып-қымтырылмайды, «егер түсін­бей қалсаң жаныма келіп сұра» дегеннен бала да қымсынбайды. Бір-біріне деген сенім, сыйластық орнаған мектепке балалар да қуана баратын болды. «Сенбі-жексенбі тезірек бітсе екен, мектепке баратын» дегенді есту мен үшін өте бір таңданысты, жағымды жаңалық еді. Шынымен балалар тез үйренді, мүдір айтқандай, тез бауыр басты.

Лицейдің 11-сыныбына барған Нұрайымым айтады: «Біразға дейін менен сабақ сұрамады. Бірақ сынып­тастарым әр кез көмектеседі. Ал алғаш математикадан сабақ айт­­қа­нымда, барлығы қол соғып маған дем берді. Математикадан сабақ айту жеңілірек, өйткені түріктердің сандары бізбен бірдей, тек аздап үнінде 1 санын «бир» дегеніндей айырмашылық бар. Сосын бізде мүгедек балалар арнайы мектептерде бөлек оқыса, мұнда олар бірге оқиды. Әрі олардан сабақты талап ету де бірдей. Тек біздің сыныпта бір ғана оқушының ойлау жүйесінде кемістігі болған­дық­тан, оған мұғалім арнайы сынақ сұрақтарын беретін, ал мүгедек арбасында отырған балалар бізбен үнемі бірге. Қайда барсақ алып жүреміз, оның да құқығы бізбен бірдей, ешкім кем санамайды. Сондықтан да ол балалар өздерін барлығымен тең дәрежеде ұстайды. Кемсіту, келемеждеу атымен болмайды, басқалардан айырмасы жоқ сыныптас досың ретінде қарайсың».

Мұғалімдердің де балалармен ашық ой айтып, сырласуы қалыпты дүние. Бірде ағай осы тапсырманы кім сапалы әрі тез орындайды соған балмұздақ (дондурма) әперемін деп алып берді. Ал көшеде ұстазыңды көрсең онымен сөйлесіп, кейде уақыт болса әңгімелесіп шай ішуге де болады. Мамандық таңдау, жалпы көзқарас, сән дейсіз бе түрлі тақырыпта сөйлесу еш таңсық емес.

 

Оқыту ерекшеліктері

Бұл енді айрықша тақырып. Түрік мектептерінің басты ерекшелігі – білім беруде пәнаралық байланыс­тарды бір-біріне етене етіп кіріктіру дер едім. Мәселен, бала бастауышты аяқтап, орта мектепке келгенде 5-7-сыныптарда әлеуметтік пәндер деген жиынтық бар. 8-сыныпта ол Ататүрік туралы сабақпен алмас­ты­рылады. Әлеуметтік пәндерге жа­ратылыстану, қоғамтану, гео­гра­фия, тарих тәрізді пәндер топ­тас­тырылған. Әрі олар тұтас оқу жы­лында 10-15 күн шамасында ара­лық ұсақ сынақтар арқылы бе­кіп, ауысып оқытыла береді. Үйге тапсырма берілмейді. 7-8-сыныптарда технология сабағы бар. Балалар ауыр оқулықтар тасымайды, көлемі А-4 форматындағыдай қалың емес кітап-дәптерге тапсыр­ма­­лар бе­ріл­ген, оны орындауда тек қарын­даш қолданылады. Өшір­гіш­пен қа­жетінде өзгертіп, қате жазыл­са дұ­рыс­тауға болады. Жалпы, ба­ла­ мек­тепте біздегідей қалам ұс­та­­май­ды.

«LGS lise giriş/gecis sınavı» деген ортақ емтихан бар. 6 сабақтан (мате­ма­тика, ағылшын тілі, Ататүрік және төңкеріс тарихы, Дін, нақты ғы­­лым­­­д­ар, (fen bilimleri) біздегі жа­ра­­ты­лыстану сияқты пәндерден емти­­хан тапсырылады. Ең жоғарғы жиын­­тығы – 500 балл. Орта мектеп аяқ­­талған соң оқушылар лицейлерге барады. Олар жалпы «anadolu» (кә­дім­гі лицей), «meslek» (университет­ке бармай осы оқудан шаштараз, аспаз, тігінші, ұста тәрізді мамандық алып шығады), «imam hatip» (ислам мек­тебі), «fen lisesi» (нақты пәндерді те­рең­деп оқытады), «güzel sanatlar» (су­рет, аспаптар тарту секілді түрлі өнер­­ге баулиды), «spor liseleri» (спорт­­тық мектеп) деп 6 санатқа бөлінеді.

11-сыныпта бағыт таңдалады. Гуманитарлық, математикалық және тілдерге басымдық беретін үш бағыт бар. Гуманитарлықта философия, психология, география, математика және қосымша әдебиет пен тарих оқытылса, математикалық сыныпта психология бар, бірақ сағаты өте аз. Химия, физика, биология сабақтары жүріп, математика гуманитарлыққа қарағанда терең оқытылады. Әрі әр мектептің өздері таңдаған пәні де болуы мүмкін.

Әрбір сыныпта міндетті түрде үш тақта тұрады. Біреуі маркермен жазатын, екіншісі кәдімгі жасыл тақта, үшіншісі интерактивті тақта. Парталарының астында кітап салатын бөлік бар. Қазақстандағыдай мұғалімдерде өзінің кабинеті жоқ. Оларда мектепте мұғалімдер бөлмесі деген бір ғана кабинет болады. Сол жақта асбөлме де бар, онда тоңазытқыш, газ, диван, үлкен стол, теңізге қарайтын балконы болады. Мұғалімдер де оқушылар тәрізді еркін, онда темекі тартып демалып отыра береді. Мысалы, сыныпта отырғанша, үзіліс кезінде далаға шығып достармен таза ауамен демала аласың немесе ұлдар футбол/баскетбол ойнайды. Барлық жерде еркіндік, тіпті сабақта да.­ Оқушылар мұғалімдермен сөй­лесуге, пікір­талас­тыруға қорық­пайды. Айталық, бір бала үнемі мына­мен келіспеймін, бұған қарсы­мын деп отырса, оның пікірін тұтас сынып тыңдайды. Әде­биет сабағында бір кітап береді, кітап клубы сияқты ғой. Сосын әрбір адам өзінің пікірін айтады. Кейіпкерлердің қайсы ұнады, несімен ұнады немесе ұнамады деп ой бөліседі. Тақтаға мүлдем шығармайды. Тек математика саба­ғында апай «кім шыққысы келеді?» деп сұрайды. Ешкім үн қатпаса өзі шығарып көрсетеді. Мұнда егер оқушының білмейтінін мұғалім түсініп тұрса, оны ортаға шығарып ұялтпайды. Егер ұйқың келсе, партаға жатып ұйықтап алсаң да ешкім ұрыспайды. Дирек­тор­ оқушылармен араласып мектепте жү­ре­ді, барлығын таниды.

Осылайша, түрік мектептерінде тұтас­тай моральдық-психо­ло­гия­лық ахуалдың орнығуы әрі бала­ның бе­йім­ділігі ескерілетін мектеп­терге бө­лу, артық пәндермен 12 жыл бо­йы­на баланың миын ашытпау жет­кін­­шектерді мектепке ұмтыл­ды­ра­тын­­дай жағдай орнатқан.

ТҮЙІН. Балалар алғашқы жылдың екінші тоқсанынан бастап «рахмет белгісін» алып келді. Ал соңғы тоқсанды «мақтау қағазымен» аяқтады. Сабақты кеш бастайтындықтан аяқталуы да маусымның екінші онкүндігінде. 20-да балалар демалысқа тарайды. Жыл бойына «анаған, мынаған ақша жинау қажет» дегенді естімеу біртүрлі екен. Тек мектептен автобуспен әлдебір музейге, концертке, театрға апарамыз дегенде чатқа хабарлама жазылады. Кім жібергісі келсе ақшасын қосады. Оқушылардың туған күні де әрқалай өтеді, бірі үйіне шақырса, бірі далада, теңіз жағасында сыныптастарымен, сынып жетекшісімен бірге ойын ойнап, жеңіл тағамдар жеп көңілді өткізеді. Жалпы, ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Бастысы балалар бір жылдың ішінде барлық пәнге үлгеріп, жақсы нәтижелерге, түрікше таза сөйлейтін дәрежеге жетті. Мұны мектептің үлкен жетістігі деп бағаладым. 

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

журналист