• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Ақпан, 2024

Әшім Ахметов: Қаламақымды АҚШ-та білім алуға жұмсадым

865 рет
көрсетілді

Актер үшін жарқ етіп экранға шыққаннан-ақ бірден ел есінде жатталудан артық бақыт жоқ шығар. Оны өнер адамдары өз арасында «типажды әртіс» деп айрықша әспеттеп те жатады. Қауым болып көз тігетін кино кеңістігінде дараланатын ондай әртістер көп емес. Ал барының бағы бес елі. Жас та болса кинодағы қадамын табысты бастаған сондай актердің бірі Әшім Ахметов десек, қателесе қоймаспыз. Алғашқы адымы­ «Көшпенділер» фильмінен табысты басталған өнер иесі тарихи туындылармен қатар комедиялық фильмдерде де жақсы көрініп жүр. Түрі сұсты болғанымен, әлемі әдемі актермен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында жүздестік.

Ұстаздарыма қарыздармын

– Әшімнің жақсы актер ға­на­ емес, ыждағатты ұстаз еке­нін­ де байқадық. Жалпы, ш­ә­кірт­ тәрбиелеу қиын емес пе?

– Ұстаз деуге ертерек шығар. Өзімді әлі күнге дейін төрт жыл бойы актерлік өнерге баулыған ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі актриса Рахилям Машурованың алдында шәкірт сезінемін. Сол кісінің қасында жүріп, үйренерім көп екендігіне көз жеткізе түс­кен­деймін. Сондықтан ұстаз деген­нен гөрі оқытушы деген орынды. Рахилям Әбдірах­ман­қызымен бірлесіп биыл, міне, студенттерімізге 3-курсты тәмам­датуға жақынбыз.

– Жалпы, Рахилям Машуро­ва­­ның шеберханасына қалай тап бол­дыңыз?

– Ағам Әділ Ахметов Т.Жүр­ге­нов­­ атындағы өнер акаде­мия­сы­ның актер­лік бөлімінде білім ал­ған­­дықтан, оқушы кезімнен бұл жаққа жиі келіп жүретінмін. Алғаш театр әліппесімен сол кезде таныса бастадым. Сол себеп­ті өнер әлемі маған таңсық болды деп айта алмас едім. Ағам арқылы жеткен актерлік әлемнің сол таңғажайып атмос­ферасы мені бірден өзіне арбап алды. Сөйтіп, мектеп бітірген соң академияға оқуға тапсырып, профессор Рахилям Әбдірахманқызының шеберханасына қабылдандым. Рахилям апай – Роза Рымбаева бастаған өнер­дің небір таланттарын тәрбиелеп шығарған ұла­ғатты ұстаз. Мен де сондай нағыз кәсіби маманның алдын көргенімді зор мақтаныш тұтамын. Ұстаздарыма қарыз­дар­мын. Қазір апайымның қа­сында жүріп екінші ұстаз ретін­де актерлік мамандықта оқи­тын студенттерді тәрбиелеп жатырмыз.

– Демек ағаңыздың ақылы актерлік мамандыққа бағыт бұр­ғызды ғой?

– Ағам мамандық туралы танымымның қалыптасуына әсер еткенімен, таңдау – өзімдікі. Өйткені біздің отбасының өзі әу бастан өнерге өте жақын. Әсіресе әкем бала күнімізден газетті көп оқып, біз туралы жылт еткен жаңалықтың барлығын жинап, жүйелеп отыратын. Қатталған архив үйде әлі күнге дейін сақтаулы. Осының барлығы әсер етпей қоймайды ғой. Одан кейінгі тағы бір үлкен себеп – «Көшпенділер» фильміне түсуім.

 

Марк Дакаскоспен бір фильмге түстік

 – Иә, «Көшпенділер» филь­мі­нің сіздің өміріңізден айрық­ша­ орын алатынын білеміз. Ай­­­ту­­лы туындының бала Әшім­ танымына әсері қандай бол­ды?

– Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөз басында айтып өткенімдей, ата-анам өте белсенді, өнерге сергек қарайтын сезімтал адамдар. Әлі есімде, бала күнімізде Алматыдағы хайуанаттар бағына Африка құрлығынан қос керік әкелінген екен. Соған ат қою үшін газет арқылы байқау жарияланды. Отбасымызбен отырып барлығымыз дала көріктілеріне ат іздедік. Соңында әрқайсысымыз өз нұсқамызды жазып, хат жолдадық. Нәтижесінде, көп есімнің ішінен анамның нұсқасы таңдалып, қос керікке Сұлу және Сымбат деген ат қойылды. Мұны неге айтып отырмын, «Көшпенділер» фильміне түсуіме де отбасымыздағы өнерге деген осындай ерекше махаббат әсер етті. Бір күні әпкем Мәдина газеттен фильмге іріктеу жарияланғаны туралы хабарландыруды көріп қала­ды да, мені дереу суретке түсіріп, фотомды кастинг орталығына жолдайды. Нәтижесінде, іріктеуден өтіп, «Көшпенділер» фильмінен бір-ақ шықтым (күлді).

– Ол кезде неше жаста еді­ңіз?­

– «Көшпенділер» фильмі 2003-2004 жылдары түсірілді ғой. Ол кезде мектепте оқимын, 6-сынып оқушысымын. Кастинг­тен өткеннен кейін түсірілім алаңына шақырды. Түр-тұр­пат, фактурамызға қарай рөлге бекітті. Киім кигізді, шашымызды алғызды. Сөйтіп, моңғолдың баласын ойнайтын болып бекітілдім. 6-сынып оқушысымын. Әлі бала емеспіз бе, шалалығымыз да көп болды. Түрлі қызықты бастан кештік. Мәселен, грим үшін жабыстырып қойған шашымызды күн ыстықта өзенге шомыламыз деп суға ағызып жіберген, түсірілімге деген картопты пісіріп жеп қойған кезіміз де болды (күлді). Сонымен қатар «Көшпенділердің» тәжірибе, кәсіби өнер тұрғысындағы көзқарасымыздың қалыптасуына да ықпалы зор болды. Елімізге танымал Досхан Жолжақсынов ағаларымыз­дың қасында жүріп, шетелдік әйгілі актер Марк Дакаскоспен бірге фильмге түсудің өзі мен үшін ертегілер еліндегі ғажайыптай сезілді. Марк Дакаскос сол кезде бізге Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чандармен бірдей тұратын, солардың деңгейіндегі актер еді ғой. Соның барлығы, әлбетте, қиялымды ұштағаны, арманымды мақсатқа айналдырғаны сөзсіз. Мектеп бітірген соң басқа жаққа қарайламадым, бірден өнер академиясына келдім.

 

АҚШ-тағы кино мектебім     

– Білуімізше, кино саласы бо­йын­ша АҚШ-та да білім алып қайттыңыз емес пе?

– Академияның екінші курсын­да оқып жүргеннен бас­тап киноға шақырулар түсе бас­тады. Ал оқуды бітірген жылы «Қазақша тонау» деген­ фильм түсірілді. Сол фильмнен түс­кен қаламақымды жинап, жет­пе­геніне ата-анам көмектесіп, Нью-Йорк қаласындағы кино ака­де­миясында жарты жылдай білім алдым. Бұл кезең шығармашылығымдағы тамаша тәжірибе болғаны сөзсіз. Елге келген соң магистратураға түсіп, шығармашылықтан бөлек, оқыту­шы­лықтың да қыр-сырына бойлап келеміз.

– Типажы ерекше актердің бірісіз. Әсіресе тарихи фильмдерде сізге деген сұраныс жоғары. Шақырылатын фильмдеріңіздің бәрінде бірдей қатаң кастингтен өтесіз бе? Әлде түр-тұрпа­ты­ңызға байланысты іріктеусіз бекі­тілетін кездер жиі бола ма?

– Әр кезде әр қалай. Бірақ біздегі кино саласы Голливуд­та­ғыдай алпауыт өндіріс емес қой. Мұнда режиссерлер актер­лердің барлығын таниды, мүмкіндіктерін де жақсы біледі. Соған сай шақырылатын кез­дер жиі болып тұрады. Мені, мүмкіндігімді, типажымды білетіндер «Осы рөлге Әшім келеді-ау» деп арнайы бекітетін режиссерлер бар. Тіпті кейіпкердің атын алдын ала маған лайықтап Әшім деп жазатын сценарийлер де болды. Мысалы, Нұртас Адамбайдың «Әкім» фильмі, сол сияқты Әділхан Ержановтың «Риэлтор» сериалында да өз есіміммен түстім. Ал енді тарихи фильмдерге келсек, бұл жақта көбінесе қалмақ, моңғол, жапон секілді өзге ұлттың батырларының рөліне бекітеді. Ол да айналып келіп сол типажға тірелсе керек. Кейде әріптестеріме қалжыңдап: «Қазақтар, сендер тек қана мені жеңіп барып батыр атағын аласыңдар ғой» деймін. Әрине, әзіл ғой. Қай рөлім де өз ерекшелігімен ыстық.

– Шетелдік фильмдерге ша­қы­ру түсіп тұра ма?

– Иә, ондай ұсыныстар болды. Бірақ түрлі жағдайларға, әсіресе пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты реті келмеді. Қазір де режиссерлер тарапынан ұсыныстар бар. Бұйырса, жаңа фильмдерде көріп қаларсыздар.

 

Өнерді өсіретін – бәсеке

– Тарихи жанрда да, коме­дия­лық фильмдерде де жақсы көрініп жүрсіз. Актер ретінде өзіңізді қай жанрда судағы балықтай сезінесіз?

– Балуанға оң-солы бір демек­ші, әртіс үшін де дәл солай. Кәсібіміз маманданған актер болғандықтан, қандай рөл­ге салса да бейне жасауға міндеттіміз. Академияда оқы­ған­да бізді ұстаздарымыз солай тәрбиелеген. Әрине, бірақ оң жамбасыңа келетін рөл түсіп жатса, ол актердің бағы ғой. Мен жанр таң­да­маймын. Бірақ сценарийге мән беремін. Әр жанрдың өз ерекшелігі бар. Тарихи фильм де, комедия да қызық. Драманың да өз ерекшелігі бар. Мәселен, жақында «Жатбауыр» деген телехикаяға түстім. Ондағы рөлім мүлдем бөлек. Актер үшін ойнайтын рөлі неғұрлым сан қырлы болса, ол өзінің кәсіби кемелденуі үшін де, көрермен үшін де қызық деп ойлаймын.

– Сол секілді театрдағы рөлдерім де бір төбе дейсіз ғой...

– Әлбетте, ол сөзсіз солай.­ Дип­­ло­мымды алғаннан кейін 6 жыл­­дай Алматыдағы «Жас сахна»­ теат­рында қызмет істедім. Шығар­ма­шы­лығымдағы ол да бір үлкен белес. Қазір де сахна саласынан қол үзген жоқпын. Бір қуанарлық жайт – елімізде тәуелсіз, дербес театрлар көптеп ашылып жатыр. Сол театрларда келісімшартпен жұмыс істеймін. Мәселен, ArtKӧshe тәуелсіз театрында «Сен» мюзиклін шығардық. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе. Драмалық спектакльдерде ойнап жүргенімізбен, мюзиклдің талабы мүлдем басқа. Мюзиклде ойнау – үлкен жауапкершілік. Тың тәжірибелерге барып, көрерменді жаңалықпен қуанту бағытында үнемі ізденіп жүретін драматург Әннәс Бағдат, режиссер Есләм Нұртазин сынды озық ойлы азаматтармен шығармашылықта одақтасып жұмыс істеудің өзі үлкен бақыт. Өнерде осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Сол секілді Түркістан музы­калық драма театрындағы «Бөрте» қойылымында арнайы шақырумен ойнап жүрмін.

– Бүгінгі өнер әлемінің аяқ алы­сын қалай бағалайсыз? Әсіресе қазақ киносының көр­кем­дік сапасына көңіліңіз тола ма?

– Аллаға шүкір, еліміздегі кино түсіру қарқыны жақсы. Түрлі жанрда өздерін сынап жүрген режиссерлер көбейіп келеді. Мемлекеттік тапсырыс­тан бөлек, өз қаражатына кино түсіру­шілердің қатары көбейгені, әрине, қуантады. Сан бар жерде сапа да болады ғой. Келісемін, сын көтер­мейтін де фильмдер бар. Әсіресе комедия жанрындағы фильм­дердің көркемдік сапасын қада­ғалау қажеттігі байқалады. Десе де бұл уақытша үрдіс деп ойлай­мын. Мұны сапалы фильм түсіру жолына бағытталған тәжі­рибе деп бағалау керек. Тәуел­сіз театрлардың да көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл да жаңа тәжірибелерге бастама бола­ды деп ойлаймын. Бәсеке өнер­ді өсіреді. Көрерменге таңдау мүмкіндігін сыйлайды. Нәти­же­сін­де,­­­­ талғам қалып­таса­ды. Ал талғамы жоғары көрер­ме­ні бар өнердің қашан да өресі биік.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»