• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Ақпан, 2024

Латифундистің аты неге құпия?

241 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін жер реформасы жүргізіліп, жекешелендірілген кеңшарлардың иелігіндегі егіс алқаптарынан ауыл тұрғындарының әрқайсысына бірнеше гектардан шартты жер үлесі бөлініп берілді.

Ал қолында билігі бар әкім қаралар мен олардың жақын-жұрағаттары және жемсауы бүлкілдеген шенеунік­тер­мен жең ұшынан жалғаса білген пысықайлар мемлекеттен ондаған мың гектар құнарлы жерді жалға алу құқығына ие болып, ірі жер пайдаланушылар һәм латифундистер болып шыға келді. Мұның өзі кейін жер ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы­на әкеліп соқты.

Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел басшылы­ғы­на келген 2019 жылы жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында ерекше көңіл бөліп: «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл ша­руа­шылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс», деді.

Әйтсе де, Мемлекет басшы­сының осы тапсырмасына тиісті мемлекеттік орган­дар бірден құлақ аса қойған жоқ. Сол себепті, араға екі жарым айдай уа­қыт салып, 14 қарашада Ақмола облысы­на барған жұмыс сапары барысында Пре­зи­дент еліміздегі жер қатынастары мәсе­ле­сіне тағы да назар аударып: «Мен Жолдауда жерді өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу міндетін қойдым. Бұл өте маңызды тапсырма қызыл сөз үшін берілген жоқ. Адал да еңбекқор фермерлер, шаруалар мал бағатын жер таппайтын жағ­дай­ға дейін жеттік. Алайда менің тап­сыр­мам өте баяу орындалып жатыр. Қазіргі жағ­дайды өзгертпеуге мүдделі адам­дар­дың қысымы­на ұшырағандықтан, бұл жұ­­мыс­ты созбаққа салу ұйғарылған сияқ­ты», деп мәлімдеді. Өйт­кені бұл, Мем­лекет басшысы биылғы жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­ба­тында айтқанындай, «ымы­раласқан қас­көй­лер ойлап тапқан қосарланған билік жағдайында кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрген» кез еді.

Шынында да, латифундис­тердің бос жатқан жерлерін мемлекетке қайтаруға олармен ым-жымы бір жоғары лауазым иелері, әсіресе өңірлердің әкімдері онша құлшыныс танытпады. Себебі жергілікті шенеуніктер өздерінің «тілін тапқан» кәсіпкерлерге жер учаскелерін аукцион немесе конкурс өткізбей беріп келген «дәстүрінен» айрылғылары келмеді. Ауыл шаруашылы­ғы министрлігінің Жер ресурс­тарын басқару комитетінің мәліметіне сүйенсек, орталық уәкілетті органға жергілікті атқарушы орган­дар­­­дың үстінен жер мәселелері бойын­ша 2020 жылы 2 614, 2021 жылы 1 613 арыз түскендігі – соның айғағы. Осы­ған орай, 2022 жылы 1 қаңтардан бас­тап жергілікті атқарушы органдардың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функ­ция­лары АШМ-ге қайтарыл­ды және Үкіметтің сол жылғы 19 қаң­тардағы қаулысымен өңір­лерде Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық департаменттері құрылды. Сөйтіп, Президент тапсырмасын толыққанды орындау шын мәнінде, 2022 жылы ғана басталды деуге болады. Сол жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұған қоса, тиісті ескерту алғаннан кейін жер пайдаланушылар арамшөп басып, босқа жатқан 1,85 миллион гектар алқапты игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп болып шықты. Ал өткен жылдың соңында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлер­ді қайтару жөніндегі үкіметтік комиссияның қорытынды отырысында 2022 жылдан бастап мемлекет меншігіне 10 млн гектар проблемалы ауыл шаруашылығы жері қайтарылғандығы мәлім­делді. Сондай-ақ жер пайдаланушылар өздері бұрын пайдаланбай келген 3,4 млн гектар жерді пайдалану құқығынан айырылып қалмау үшін оларды игере бастаған.

Бірақ уәкілетті орган – АШМ-ның Жер ресурстарын басқару комитетінің басшылары әлі күн­ге пайдаланылмай жатқан жері мемлекетке қайтарылған бірде-бір латифундистің атын атаған емес. Былтыр іске қосылған Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпа­­рат­тық жүйесінен де ірі ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарының атауын ғана білу­ге болады, ал ондаған мың гектар жерге иелік етіп отырған серіктестіктердің құрыл­тайшылары кімдер екені жайлы еш ақпарат жоқ.

Бұл ретте Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагин ғана Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның 2016 жылы 3 маусымда Көкшетау қаласында өткен көшпелі отырысында: «Мен өз отбасымның 80 мың гектар егістік жері бар екенін жасырмаймын», деп шынын айтқаны жадымызда. Ал осы өңірдің одан кейінгі басшыларының бірі журналистің тосыннан қойған сұрағына: «Егіншілікпен менің әйелім айналысады, бірақ оның қанша жері бар екенін айта алмаймын...» деп күбіжіктеген болатын.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкі­мет­тің 2022 жылы 8 ақпандағы кеңей­тіл­ген оты­рысында: «Жерді ұтым­ды пай­даланудағы маңызды мін­дет­тердің бірі – оның бір қолға шоғыр­лануына жол бермеу. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен жер телімдері­нің мөл­шер­лері ғылыми-негіз­деу тәсілінсіз бекі­тілген: Аты­рау облысында – 98 мың гек­­тар, Алматы облысында – 96 мың гек­тар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беру­ге рұқсат ететін қаулы жобасын әзір­лей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адам­дардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нор­мативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді», деп, АШМ-ның сол кездегі басшылары­ның латифундистерге бүйректері бұрып тұратындығын әшке­релеп тұрып айтты. Ақырында Үкімет қаулысымен ауыл шаруашы­лығы жер учаскелерінің ең жоғары шекті мөлшері заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектардан, ал шаруа қожалықтары үшін – 35 мың гектардан аспайтын болып белгіленді.

Бұл норманы одан әлдеқайда көп егістік алқапқа иелік етіп отырған латифундистер әу бас­та қабақ шытып тыжырына қабылдаса да, артық жерін мемлекетке қайтаруға асыға қоймапты. Мамандардың айтуынша, олар енгізілген шектеуді айналып өту үшін өздерінің жақын туыс­­тары басқаратын бірнеше серік­тестік құрып, еншілеріндегі мол жер­ді соларға бөліп берген көрінеді. Міне, осындай айла-шарғыны анықтап, заң­дылық пен әділдікті қалпына кел­тіру үшін жер қатынастары саласында ашықтық пен мөлдірлік болуы қажет. Нақты айтсақ, ондаған мың гектар ауыл­шаруашылық жерін иемденіп отырған ірі серіктестіктердің құрылтай­шыларының аты-жөнін жұрт­шылық білуге тиіс.

Шынтуайтында, «Жауап­кер­шілігі шектеулі жəне қо­сым­ша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заң­ның 12-2-бабының 1-тармағына сəйкес серіктестіктің үлестес тұлғалары туралы мəліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып саналмайды. Соған қарамас­тан, оларды жариялауға дербес дерек­терді қорғау жəне ақпарат­қа қол жеткізу туралы заңдарда белгіленген шектеулер кедергі келтіріп тұр. Мәселен, «Дербес деректер жəне оларды қорғау туралы» заңның 6-бабында дербес деректер қолжетімділігі бойынша жалпыға бірдей қолжетімді жəне қолжетімділігі шектеу­лі болып бөлінеді. Соңғысы­на жеке тұлғаның анықтама деректері – тегі, аты, əкесінің аты, жынысы, ұлты жəне басқа да мəліметтер жатқызылған. Ал «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңда қолжетімділігі шектеу­лі ақпараттың құпиялылы­ғын қамтамасыз ету көзделген. Бәлкім, бұл нормалар бір кезде заңсыз жолмен жинаған бай­лығын жұрт­тан жасырғысы келген лоббиші­лер­дің ықпа­лымен қабылдан­ған шығар. Қалай болғанда да қолда­ныс­тағы заңнамаға тиісті өзгеріс­тер енгізілмейінше, еліміз­дегі латифундистердің кімдер екені құпия күйінде қала бермек. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамаға араны ашылған кейбір кәсіпкердің ауыл шаруашылығы жер учаскелерінің ең жоғары шекті мөлшерін айналып өтуіне жол бермейтін, мысалы, бір отбасы мүшелерінің егіншілікпен айналысатын бірнеше серіктес­тік немесе шаруа қожалы­ғын құруына тыйым салу сияқты түзетулер енгізген жөн болар. Жер қатынастары саласында әділдік орнату мәселесін көтеріп жүрген Мәжіліс депутаттарының «құлақтарына – алтын сырға».