• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тұлға 06 Ақпан, 2024

Тағдыр шыңдаған тұлға

133 рет
көрсетілді

Талайлы тағдыр, талассыз талант иесі, жазушы Ибрагим Салаховтың өз қолымен жазған өмірбаянын облыстық архивте құжат ақтарып отырып кездестіргенмін. 80-жылдардың орта шенінде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде тілшілік тіршілігімді бастаған кезім. Газеттің редакторы, жазушы Жанайдар аға Мусиннің тапсырмасымен қала іргесіндегі Краснояр селосына барып, жазушымен жүздескенім есімде. Арада қаншама жыл өтті. Сұхбатта әдебиет туралы аз-кем әңгіме болған шығар, ал өмірбаяны, көрген қисапсыз қиыншылығы жайлы кейін білдім. Бірде өз ана тілінде, яки татарша, енді бірде қазақша, арагідік орыс тілінде жазылған өмірбаянын мұқият оқып шықтым. Адам баласы тағдырдың тәлкегі мың батпан болса да, көтере береді екен-ау, әлде бұрынғының адамдары еменнің иір бұтағындай мықты болды ма екен?..

Өмірбаянын дүние дерегінен бастаған. Көкшетау қаласында 1911 жылдың 30 та­мызы күні дүниеге келдім депті. Әкесі Низами – ағаш шебері, анасы Магид­­жа­мал – үй шаруасындағы әйел. Ата ­жұрты – Татарстанның Балташы ауданы. 1900 жылы жұмыс іздеп сапарға шыққанда, дәм-тұзы біздің елден бұйырған. Анасы әкесіне қарағанда сауатты болса керек. Болашақ жазушыға кішкентай кезінен намаз оқуды үйреткен. Ал әкесі мешітке ораза, құрбан айттарында ғана барады екен. Алты жасқа толғанда анасы Мұртаза молдаға жетектеп алып барып, «еті сенікі, сүйегі менікі» деген. 1920 жылы Көкшетауда алғашқы татар мектебі ашылады. Ибрагим ағай үш жыл медреседе оқып, сауат ашқаннан кейін осы мектептің табалдырығын аттаған. Төртінші класта оқып жүргенде мектепте қабырға газеті шығарылатын болып, оның редакторы етіп болашақ жазушыны тағайындайды. Газет айына екі рет шығып тұрған. Болашақ жазушы осы кезден бастап қабырға газетіне мектеп өмірі туралы шағын хабарлар, мақалалар жазып отырған. Естеліктің ең бір әдемі жері достық туралы. «Осы бір тамыр деген сөзден жаныңа шуақ есіп тұрады. Адам бойындағы бар ізгілік, жанашырлық, қамқорлық осы ұғымға сіңіп кеткендей. 1919 жыл еді. Әке қызыл армия қатарында. Біз үйде үшеу едік. Анам, мен және ақ бас сиыр. Асыраушымыз ақ бас сиырды отбасының бір мүшесі санайтынбыз. Таңертең табынға сиырды қосқанда, анам мені оятпай, өзі тұратын. Ал, мен қалтама бір үзім нанды салып алып, ақ бас сиырды кешке қарсы алатынмын. Күндердің бір күнінде сиыр табынға еріп келмей қалды. Қалтамдағы нан өзіме бұйырды.

– Алланың қарғысы тиді, – дейді ­сиыршы, – сендердің сиырларыңа жай оғы түсіп өлді. Шамасы, жанында шайтан тығы­лып тұрған болуы мүмкін. Жаман хабарды естіген анам жылап жіберді.

«Не үшін бізді мұншалықты жазалады екен?» деп екі көзінен сорғалап аққан ­жасты тыя алмай еңкілдеді-ай келіп.

Сол күннен бастап біздің дастарқанға сүт, ірімшік, май қойылмайтын болды. Мен де Бұқпа тауының баурайынан маң-маң басып қалаға құлайтын табынды қарсы алмайтын болдым.

Бір күні анамның жанұшыра айғайлап: «Балам, тезірек кел, сиырлы болдық!» деген қуанышты даусын естідім.

Екеуміз сарайға кірдік. Дәу сиыр тұр екен. Жалғыз айырмашылығы, біздің бұрынғы сиырымыз тәрізді ақ бас емес, қызыл күрең. Қайдан келді екен?..

«Бұл сиырды бізге әкеңнің тамыры Балтабай сыйға тартты. Қазақтар ең жақсы достарын тамыр деп атайды», деді тосын сыйлыққа әбден риза болған анам.

Арада қаншама жыл өтті. Тамыр деген – тамырлы сөз, тамаша ұғым менің жүрегімді жылытып жүреді».

Бір ғасыр бұрынғы дүние көз алдыңа келгендей. Жазушының балалық шағын­дағы сүреңсіз көрініс көңіліңді жүдетеді. Ал ат жалын тартып мінгенде көрген қиын­­дығы ше?.. Қазан қаласы. Талантты жас­­тың алдынан келешектің көкжиегі айқа­ра ашылатындай. Бірақ тілегі кесілді. Бұл 1937 жыл еді. Тергеушінің алдындағы ес кетіріп, жан шығаратын ұйқысыз күн­дер мен түндер. Қатыгез тергеуші сүт­тен ақ, судан таза жас жігітке «Сен халық жауы­сың!» деп қарғыс таңбасын маң­да­йына баспақшы. Бір сұрақты мың қай­талап, жаңылдырмақ ниетте.

«Ялта қаласына неге бардың? – дейді тер­­геуші, – жау элементтерімен қандай байланысың бар? Айт жаныңның барында!»

1937 жылдың қазан айында студенттер жатақханасынан Ибрагим Салахов­ты қарауылдар қолына кісен салып алып шық­ты. Таң сібірлеп жаңа атып келе жат­­қан. Бірақ шапағы талантты жасқа түс­­кен жоқ. Ендігісі тұмшалаған қою қа­­раң­­ғылық еді. Тергеушілер ауысып оты­­­ра­тын. Сұрақтары ғана ауыспайтын. Әб­ден діңкелетіп, жеті – сегіз сағат бойы жүй­ке­сін жегідей жер еді. Олар дем алып кел­гені­мен, жас жазушы кірпік ілмейтін. Қақ­қан қазықтай қозғалмай тұрғандық­тан ба екен, екі аяғы күп болып ісіп кетті. Сіңі­рі де жиі-жиі тартылып қала беретін. Аяуды білмес әлдекім қара санына қанжар қа­дап жатқандай сыздайтын. Тар қапастың іші қара түнек. Темір тордың ар жағынан өлімсіреп жалқын сәуле көріне­ді. Үміт сәулесі іспетті. Мынау жа­рық дүниедегі ең бақытты сәт бос­тандықта жүріп, Көкшенің саф ауасын көкірегін кере дем алу екен ғой. Талай жұтқан. Әйтсе де адам барды бағалай білмейді екен-ау. Енді, міне, сол ғажап дү­ние­нің, сәулесі мол өмірдің қас-қағым сәтін аңсайды.

Қамшының сабындай қыс­қа бол­са да, өткен өмірінің қы­зыл­ды-жасылды қызықпен көмке­ріл­­ген сәттерін есіне алады. Мек­­теп­те оқып жүр­ген кезінде-ақ ба­лауса өлеңдері мен шағын да шы­мыр әңгімелері сол тұста Қазан қа­ла­сында жарық көретін «Жас ленинец» газетінде де басылған. Оны айта­сыз, Мәскеуден шығатын «Октябрь ба­ласы» журналында да жарияланған. Та­тар­дың ұлы ақыны Мұса Жәлел Ибра­гим Салахов тырнақалды туындыларын қар­ша боратып жолдап жатқан кезде осы жур­налда қызмет істеген. Жеті жыл­­­дық мектепті аяқтаған соң, Қазан қала­­сындағы педагогика техникумына түс­ті. Әскери борышын өтеп келген соң, Қа­зандағы мемлекеттік педагогика­лық инс­титуттың әдебиет факультетін­де білім алды. Жас кезінде өндіре жұмыс істегені де осы тұс. «Махаббат» пьесасы мен «Сақ­шы» өлеңдер жинағы жарық көрді. «Дуэль» повесі оқырмандар тара­пынан тәп-тәуір баға алды. Үшінші курста оқып жүр­генінде Ялтаға барып ем­делді. Сол сапа­рында Ғалымжан Ибра­гимовтің қол­жазбасын ала келмесі бар ма, сол қырсық болып жабысты. 1938 жылдың 12 мамыры күні КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының көшпелі сессиясында жазушы он жылға сотталды. Ол аздай кесілген жазасын өтеп болған соң, бес жыл бойы барлық азаматтық құқы­ғынан айырылсын деген өкім де қоса шығарылды. Алдымен Қазан қаласын­дағы Плетенев түрмесі, кейін Тобыл­дағы изолятор, одан әрі Колымадағы он жыл. Кеудесінде жаны бар адамның бәрі жағы үрпиіп қорқатын тозақтың өзі дәл Колымадай қасіретті емес шығар. Неше мәрте анық ажалдан аман қалған. Әбден арып-ашқан, тіршіліктен күдер үзген міскіндер сүйектері­не сің­ген адамгершіліктерін жоғалтпай сақтап қалады екен ғой. Соған таңғалған. Енді өлдім дегенде өзі тәрізді саяси айыппен сотталған болгар Георгий Стоянов құтқарып қалған. Кір-қоқыс жайла­ған, лас казарманың ішінде ота жасады. Арада біраз уақыт өткен соң мертіккен, сіңіріне ілініп әзер жүретін жазушыны Тайшет лагеріндегі мүгедектер отрядына ауыстырған. Жазушы Колымадан қазақ жазушысы Зейін Шашкинмен, қалмақ ақыны Санджи Каляевтермен танысты. Тар қапаста пікірлес адаммен тілдесудің өзі медеу екен ғой. Зейін Шашкин лагерьдегі барлық ауру-сырқауларды емдейтін. Екеуі оңаша қалғанда жер жәннаты Көкше­ні, оның көркем табиғатын еске алатын. Ибрагим Салахов қазақтың ғажайып ақы­ны Мағжан Жұмабаевтың тағдырын, отты өлеңдерін Зейін Шашкиннен естіген.

1948 жылы он жылын өтеп, бостан­дық­қа шықты. Туған өлкесі Көкшеге жет­пек. Көркем қыраттарын аралап, саф ауасын жұтпақ. Тағдыр сынағы тағы да алдынан шыққан. Қазан мен Көкшетау қалаларында тұруға рұқсат жоқ. Жан жүре­гімен қалаған шығармашылықты ұмытқан жөн. Ең жаманы халық жауы бо­лып айдалып келген адамды еш жерге жұ­мысқа алмайды. Әзер дегенде Крас­нояр аулындағы аудандық тұтынушылар қоға­мының асханасына орналасқан. Бұл жерде де көрген азабы қаһарлы Колы­ма­дан кем болған жоқ. Запыран жыл­да­­ры солақай саясаттың сойылын ұста­ған­дар қолына қалам ұстатқысы келмесе де, Колыма қасіретін жазғысы келген. Бояуын қалыңдатпай, қаз-қалпында. Өскелең ұрпақ жалалы жылдардың, жаралы жылдардың шындығын білсе екен деген. Әйтеуір, дес бергенде, 1956 жылы Ибрагим Салаховтың ісі қайта қаралып, толық ақталып шықты.

Ендігісі оңай. Бәрі көкірегінде қат­талып тұр. Тұлпардың тұсауы шешіл­гендей. Әуелі Қазан қаласынан «Дала толқындары» атты жыр жинағы басылып шықты. Өз даласы, өз өлкесі Көкшенің көркем суреті. Тек суретті сөзбен салған. Сол далаға деген перзенттік махаббаты, іңкәр сезімі. Сол далада ертегідей сұлу күн кешкен Ақан серінің асқақ өне­рін, ғұмырын зерттеді. Айыртаудағы ақса­қалдармен жүздесті. Ұзақ зерттеудің арқасында «Құлагер» поэмасы өмірге келді. 1965 жылы Көкшетау өлкесіндегі тың және тыңайған жерлерді игеруге бай­ланысты «Көкшетау қыраттарында» романы жарық көрді. Ақ өлең үлгісімен жазылған әсерлі де әдемі роман әдебиетті сүйетін қауымның тарапынан жақсы баға­сын алды. Ең бастысы, «Емендер тамыр жайғанда» роман-эпопеясы жарық көріп, тағы бір арманы орындалды.

Ибрагим Низамұлы бес тіл білетін еді. Көкшетаулық жазушы Жанайдар Мусин Ибрагим Салаховты қазақ жазушыларын орыс тілінде сөйлеткені үшін қазақ әдебиетінің жанашыры деп бағалай­тын. Шын мәнінде жер жәннаты Көкшеде өскендіктен, Ибрагим аға жергілікті ұлт­тың әдемі әдет-ғұрпын, мазмұнды салт-дәстүрін, теңіздей толқып жатқан тұң­ғиық поэзиясын, әрідегі ауыз әдебиетін өте жақсы білетін. Бұл тараптары білімі мен білігі төл шығармаларында тола­йым көрініс тапқан.

Жазушының шығармалары әділ ба­ға­ланды деуге болар. Ғабдолла Тоқай атын­­дағы мемлекеттік сыйлыққа ие бол­ды. КСРО жазушылар одағының мү­ше­сі атан­ған қайтпас қайсар қаламгерге Та­тар­­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері ата­ғы берілді. «Парасат» орденінің иегері Иб­рагим Салахов Көкшетау қаласының құр­метті азаматы ретінде әспеттелді. Ең бас­тысы, тағдыр талқысына түсіп, зұлмат за­манның запыранын мелтектей жұтқан жа­зушы тар қапаста отырып армандаған игі мұратына жетті. Бәлкім, темір тордың ар жағынан иненің жасуындай болып кө­рінген жарық дүниенің жалқын сәулесі Ко­лыма қасіретінен құтылған соң, бақыт шуа­ғына бөлеген болар. Кейінгі жас ерлік пен өрлікті, күніне мың пәле көрсе де, жақ­сылықтан күдер үзбеуді жазушының ғиб­ратты ғұмырынан ұғынуы керек шы­ғар. Қазіргі күні ілім мен білім ілгері дамы­ға­ны­мен, жан иесінің ішіндегі үміт атты бұ­рау­­дың үзіліп кете беретіні несі екен. Тағ­­дыр­дың тәлкегінен тозса, Ибрагим аға тозар еді.

 

Көкшетау