• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Ақпан, 2024

Елінің ерке қызы

216 рет
көрсетілді

Ән – әулие дейді. Ән төгілген жерде, адамның тірлігі де жеңіл тартады. Содан да шығар, әуезді әуен жүректі тербеп, сезім қылын шерткізеді, мұңды ән тереңіне батырады, жігерлі, отты әндер бойыңды шымырлатып, намысыңды жанып, рухыңды асқақтатады, ал ойнақы, көңіл күйдің әндері жаныңды жадыратады. Әдемі ән қашанда халықтың сағынышына айналады. Бұл ретте әннің бағын ашып, тыңдарманға жеткізетін әншінің орны ерен. Елу жылға жуық киелі сахнада ұлттық өнеріміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үнімен, өзіндік қолтаңбасымен үлес қосып, қос көмейден шыққандай сыңғырлаған сырлы даусымен шырқай салған «Сарыарқа», «Өз елім», «Отырардағы той», сондай-ақ «Бурылтай», «Жалғыз арша», «Қос өрік», «Ой, көк», т.б. көптеген халық әнімен танымал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, дүлдүл әнші Бағдат Сәмединованың жан дүниесі – өзінше бір әлем...

Өнер және намыс

Баршаға аян, Бағдат ел-жұр­тына ең алдымен ұлттық жау­һарымыз – халық әндерімен та­ныл­ған әнші. Ал халық әндері ғасырлар бойы қазақ деген атаумен бірге келеді. Халық әндерінің өміршеңдігі, құн­дылығы неде дегенге келсек, онда қазақтың мінезі, рухы, болмысы, арманы, мұңы, шері, «шіркін-айы» жатыр емес пе. Міне, Бағдат қы­зымыз сол халық әндеріне қашанда адалдық танытып, киелі сахнада өзінің дауыс бояуымен сол өнердің наси­хат­таушысы, жанашыры болып келе жатыр. Сонымен қатар ке­шегі Рабиға Есімжанова, Жамал Ома­ровалардың сарқыты, көзі. Бү­гінгі таңда сол көштің басында тұр­ған өршіл, жігерлі, намысты әншіміз.

«Жақсы ән орындаушысын тап­­са, иесін төрге сүйрейді» деген, бірде Нұрғиса Тілендиев аға­мыз Бағдатты шақырып алып: «Қ­ара­ғым, осы сені «Өз елімді» жақ­сы орындайды деп естимін. Тың­дап көрейінші», дейді ғой. Тың­дайды. Бағдаттың сахнада сәй­гү­лік аттай тықыршып, шабытына қамшы ұрып, әннің болмысын­ берудегі энергиясына, күш-қуатына риза болады. Әнді жай ғана «өз елім» деп емес, «бұл – менің елім, бұл – менің жерім» деген рухпен, жігермен, жан дүниесімен жеткізеді. Ұнағаны сонша, оркестрге шақырып, өзіне қай­та оркестровка жасап, айтқыза­ды. Сонда Нұраға: «Бағдаттың әнді айту трактовкасы бөлек қой, шір­кін! Әсіресе халық әндерін өзіндік өзгеше стильмен береді. Әрі әнді нотамен емес, жүрекпен, қазақы жан беріп орындайды», деп баға берген. Осылайша, Нұрағасы өзіне ғана арнайы репертуар жасайды. Қазір санаса, он жылда барлығы жиырмаға жуық әнді оркестрге арнап жазып беріпті. Сонда ғой, «Отырар сазы» оркестріндегі музыканттар Нұрағаңның ұжымда ұзақ жылдар ән салған әншілердің өзіне осыншама әнді жазбағанын таңданыс­пен ­айтады екен. Бұл әри­не әнші­нің бағы әрі жетістігі еді.

Бүгінде әншінің төлқұжаты­на айналған «Сарыарқа» ше! «Қа­зақ­­­стан» ше! Әнді өзіне ғана тән дау­­сымен құбылтып, кең тыныс­ты үнімен, жүрекпен шары­қ­­та­та айтқанда, шынында да Са­ры­ар­қаның сайын даласын көз ал­дыңызға әкеледі. «Қазақ­кон­церт­­те» Бағдат ұзақ жылдар ән сал­ған «Самал» халық аспаптар ор­кестрінің жетекшісі болған бел­гілі композитор Владимир Пи­терцев: «Бағдат ән салғанда бүкіл қазақ­тың ен даласын құша­ғына сыйдырып айтады» деп, ол да үл­кен баға берген. Ал Бағдат­тың өнердегі құрбысы, қазақтың Розасы (Рымбаева) бір сұхбатын­да: «Қазіргі заманда не көп, әнші көп. Бірақ соның ішінде әншінің де әншісі бар. Бағдаттың әнші­лік өнерінде қазақы бояу жатыр. Бүгінде үлкен апаларымыз өмір­ден өтіп кетті. Бағдат өзі кезінде сол апа­ларынан тәлім-тәрбие алған. Қазір өзі ұстаз ретінде жас­тарға дәріс беріп жүр. Қазақтың халық ән­дері қалай болуы керек дегенде, бүгінгі жастарымыз эстрада емес, халық әндеріндегі иірімдерді табу, табиғатын ашу, оның бүкіл дәстүрін, кеңдігін көр­сету жағынан Бағ­дат апаларынан көп тәрбие алуы, үйренуі керек», деген еді.

Бағдаттың бүгінгі тыңдарман­дары, әсіресе жастар біле бер­мейтін ерекшелігі – ол тек қазақ­тың ғана емес, кезінде орыстың, қырғыздың да халық әндерін олар­дан асырмаса, кем айтпады. Бір ғана мысал. Онда кеңес ода­ғының кезі. Новосібір қала­сында өтетін Бүкілодақтық көр­меде Қазақстан павилионына ке­­лу­ші қонақтарға орысша ән са­лу­ға Бағдатты аттай қалап апа­рады. Өйткені оның репертуарында орыстың алтын дауысты ән­шісі Людмила Зыкинаның «Мать земля моя», халық әндері «Коро­бейники», т.б. біраз ән бар еді. Даусының кеңдігі, көмейден кеулеген сыңғыры, әннің табиғатын түсініп, жүрегінен өткізіп айтатыны Зыкинадан бір кем емес. Міне, сол жолғы көрмеде Бағдат орыстың халық әндерінен попурри орындап жатқанда Новосібір қаласының мэрі тоқтап, ән біт­кенше асқан ри­зашылықпен тыңдап тұрады. Ол кезде ұялы телефон жоқ, кешке қа­рай дүкен аралап кеткен Бағдатты шарқ ұрып іздесін. Сөйтсе, губернатор мырза кешкі қонақасына қазақстандық орысша ән айтқан сол қыздарыңыз келсе деп қолқа салса керек. Сөйтіп, бір кеш бойы орысша ән салдырған ғой. Бірақ Бағдат 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін орысша ән айтуды қояды. Міне, Бағдатты намысты әнші дегеніміз сол.

Қырғыз ағайындар да Бағдат­­ты өте жақсы көріп, сыйлайды, құр­мет-тейді. Қырғыздың халық ән­дері «Жал жалым», «Нарындан жаз­ған сәлем хатты» қырғыздан ар­тық орындайтыны сонша, қа­шан­­да Қырғызстанда өтетін үкі­мет­тік концерттерге арнайы шақырта­тын. Тіпті Манастың мың жылдық тойында да «құда түсіп», осы «Жал жалымды» орындатқан.

Бірде 90-жылдары Алматыда­ғы Республика сарайында екі ел­дің – қырғыз ағайындардың «Мыс­қыл», қазақтардың «Тамаша» ойын-сауық отауының бірлескен кон­церті өтеді. Сол концертте Бағ­дат қазақша да, қырғызша да ән салады. Сонда ғой, қазақтың бел­гілі сатирик жазушысы Садық­бек Адамбеков ағамыз іні­лері Жарасқан Әбдірашев пен Көпен Әмір­бекке: «Мына кітабым­ды қа­зақша керемет ән салған қыр­ғыздың Бағдат деген қызына бер­сем деп едім. Келешекте Қазақ­станға әкеліп ән салдыртуға күш салайық», десе керек. Көпекең болса: «Бағдатты білмегеніңіз ұят қой, аға. Өзіміздің қызы­мыз ғой», деп қаттырақ айтыпты. Ал сол жолы Қырғызстанның Қазақстандағы ел­шісі Акбар Рыс­­құлов «Бағдат екі елдің ара­сындағы алтын белдік қой» деп қызымызға арнап «Қазақ – қырғыз арасы» деген өлең жазады. Оған Алтынбек Қоразбаев ағасы ән жазып, оны біраз жылдан бері орындап жүр.

Кейіннен Алматыда тағы бір елара­лық үкіметтік жиынға сол кез­дегі Қырғызстанның тұңғыш Пре­зиденті Асқар Ақаев келіп қа­ты­сып, концерттің соңында сах­наға көтеріліп, финалға шыққан әртіс­терге барып: «Қазақ – қырғыз арасы» әнін орындаған қыз қай­да?» деп бір құшақ гүл сыйлайды.

 

«Анамды өзгеше сағынамын...»

Бағдат – тағдырлы әнші. Өмір оны маңдайынан сипай қоймады. Жеті жасында анасынан, сегіз жасында әкеден айырылып, ағайынды үш қыз, бір ұл әжесі Ділдәбала мен кіші әкесі Хамидіннің тәрбиесінде өседі. Анасы Жырғаш жиын-той­ларда ән салып, жарқылдап оты­ратын, әзіл-қалжыңға жақын көп­шіл адам болған. Қашанда сол жиын­дарға кенже қызы Бағдатын ілестіріп, қасынан тастамайтын. Әкесі Сәмидін – ауылда бригадир. Бірде орыс, шешен мен қазақ­тар сөзге келіп, арты төбелеске ұла­са­ды. Ушыққаны сонша, әрқай­сы­сы қол­дарына түскен айыр, балта алып жүгіріседі. Бірін-бірі қуып, жү­герінің ішіне кіргенде, тасада тұрған орыс жігіті Бағдат­тың әкесінің басынан кетпенмен шауып жібереді. Содан ол кісі өлім аузынан қалғанымен, сөйлегенде ­тілі күрмеліп, бір аяқ, бір қолы кем ­болып қалады. Анасы дүние­ден өткен соң, әкесінің денсаулығы күрт нашарлап, араға жыл салып бақи­лық болады.

Ата-анасы қайтыс болған соң, Қырғызстанда тұратын әке­сі­нің туған інісі Хамидін қара ша­ңы­рақты ойсыратып алмайық деп, үлкен қызметін тастап, ауылға кө­­шіп ке­леді. Ол кісінің перзенті бол­маған­дықтан, ағасының бала­ларын ­баурына басып, өз перзен­тіндей бағып-қағады. Кіші әкеле­рі ақылды, ел арасында беделді, артық сөйлемейтін, өте ақкөңіл, дом­быра, мандалина тартып, өлең жазатын ауылдың зиялысы еді. Сөзді орнымен қолданбаса: «Не, пәле, қалай болса солай, қиқы-жиқы сөйлейсіңдер», деп ренжитін көрінеді. Осылайша, тазалыққа, жігерлілік, құлшынысқа үйреткен кіші әкесі «Осы қызым бір жерден шығады» деп бетіне ешкімді қа­ратпайды. Әжесі болса: «Әттең, ұл болып тумағаның-ай сенің», дейді екен. Онысы – немересі­нің үйдің де, түздің де шаруасын тиянақты әрі шапшаң қимыл­дап, дөңгелетіп әкететініне риза бол­ғаны. Малдың астын тазалап, шө­бін салып, суарды. Сиыр да сауды. Кеш­кілік бар жұмысты бітіріп, мал­ды кіргізген соң-ақ солардың ал­­дында тұрып «Бұл­бұлды», «Ал­қоңырды» бар ­дау­­сымен айта­тын. Кейде түн­де әжесі екеуі малды қа­рау­ға шық­қанда да, қай жағынан әні тасып тұратынын, шырқай жөнелгенде: «Айналайын, жарым түнде қақсамай қойсаңшы», деп апасы ойбайын салады екен. Әжесі 1975, ағасы 1986 жылы дү­ниеден өтті. Міне, осындай жанашыр жандардан өмірде көп нәр­се үйренген Бағдат әнші бүгінгі жеткен жетістігіне осы кісілердің еңбегі зор болғанын, олардың сенім­­дерін ақтауға тырысқанын ерек­­ше сағынышпен еске алады.

«Анаңызды қандай кезде есі­ңізге аласыз?» деген сауалымыз­­ға: «Шешемнің көзі күліп тұратын. Хадиша әпкем екеуміз «Апама мен тарт­қанмын» деп таласатын­быз. Ауылдағылар «сен тартқансың» дейді. Әпкемнің көңіліне қарап, «сен-ақ тарта берші» деп қоя­тын­мын. Әкемді ойлап қоямын да, анам­ды ет жүрегім езіле өзгеше сағы­намын. Мен ата-енеммен 16 жыл бірге тұрдым. Алғаш тұр­мыс­қа шығып, қатты қиналған ша­ғымда, болмаса әділетсіздікке тап бол­ғанда оңашада апа деп айғай­лап, өкіріп жылап алатынмын», деді көздері­не жас тұнған әнші.

 

Ұстаз тәлімі

Бағдат Жамбыл облысы Мер­кі ауданында он жылдықты тәмам­даған соң, Алматыдағы рес­­публикалық эстрада-цирк өнер студиясына оқуға түседі. Ауыл­дан ән­ші болсам деп арман арқа­лап кел­ген бойжеткеннің бағы шығар, кереметтей педагогтің қо­лына түседі. Қан­шама атақты әншілердің ұстазы болған Надия Шарипова өнер­де ғана емес, өмір­де де шәкіртіне жол сілтеп отыр­ды. Бағдатты қызын­дай өте жақсы көргені сонша, жаны­нан тастамай, кейде сабақ біткен соң үйіне алып кететін. Оның дәлелі, бірде қазақтың әлемдік деңгей­дегі әнші қызы Майра Мұхамед­қызының жаңадан елге келіп жат­қан кезі, ұстазы Надия апайы­ның үйіне дайындалуға барады. Сонда қабырғада ілініп тұрған Бағдат­тың фотосын көріп, «Мынау ән­ші апай ғой», десе керек. Сонда ол кісі: «Менің алдымнан қаншама студент дәріс алып, бітіріп шық­ты. Бірақ соның ішінде Бағдатты ­жақ­­­сы көргенім сонша, қызымдай ­бол­ды», деген ғой.

«Өмірімде ондай зиялы, мейі­рім­ді, анамның орнын толтырған­дай болған парасатты жанды көр­ме­дім. Ал оқуды бітірісімен «Қа­зақ­концертке» жұмысқа кірдім. Өнер­де На­дия апайға, сосын ыс­тық-суығыма ортақтасып, жақсы-жама­нымды көтере білген қасиетті қара шаңыраққа қарыздармын. Ал­тын­­бек аға да қашанда қол­дау көрсете­тін. Бүгінгі таңда бұл ұжым­­ды бел­гілі азамат Тайыр Қара­­таев қолына алды», дейді әнші қызымыз.

Сахнада жарты ғасырға жуық ән салып, халқына бірнеше рет есеп берген концерттерінде «Ел­ге сәлем», «Мен даланың қызы­мын...», «Халқым – барым, өнерім – арым, өмір – бағым», «Ән – жүре­гім» деген тақырыптарының өзі оның елін, жерін, қазағын қан­ша­лықты жақсы көретінінен хабар берсе керек.

«Расында да, мен даланың қы­зымын, – дейді әншіміз ағынан жарыла. – Дала – ол менің тамырым, тұғырым, бет-бейнем, бол­мы­сым, арым. Сол даланың бүкіл қасиетін білемін, сол дала­ның түтінін, сол даланың жуса­нын иіскеп өстім. Сол далада қазақ­тың барлық салт-дәстүрін то­лық болмаса да, бір кісі­дей біліп өстім. Егер бүгін бір нәр­сеге қо­лым жетіп жатса, сол даладан нәр, тә­лім-тәрбие алғаным. Сол үшін де қазақ екеніме осы жер­де мақ­тана аламын. Оның үс­тіне тың­дар­мандарымның, мені жақ­­сы кө­ретін көрерменімнің дені ауылда.

 

Асыл қазына – фольклорда

«Бүгінде қазақтың халық ән­­деріне деген елдің, жұрттың ықы­ласы кеміп бара жатқандай. Баяғы­дағыдай «ой, шіркін дү­ние, іштегі арманын айтып тұр ғой» деп өзінің жоғын іздеп отыратын тыңдармандарды жоғалтып алдық. Бірақ ойлы да саналы, сарабдал тыңдармандарымыз да баршылық. Дегенмен жас­тарға ой салуымыз керек. Ескі­лік­тің әні деп қарайды. Сол ескі­лік­тің әні­нен шедевр жасаған Дима­шы­мыз «Дай­дидаумен» бү­кіл әлем­ді аузына қаратып, таң­ғал­ды­рып отырған жоқ па? Сту­дент­терге дәріс бергенде, «Неге ха­лық әндеріне біртүрлі, жеңіл көз­қараспен қарайсыңдар. Біздің асыл қазынамыз фольклорда. Біз сол халық әндерінен бастау ала­мыз», деймін. Қазір шетел­дің же­ңіл әуеніне еліктеушілер басым. Көп елік­тегеннен де ол ән өмір­шең бола алмайды. Сондықтан да бар­дым-келдім әндер бүгін айтыл­са, ертең ұмытылып қалып жатады...»

 

Бақытты әнші

Бағдат – дара дарынымен бірге ақыл-парасаты тең әнші. Уақыттың талабына сай ізденгіш қасиеті ұнайды. Тынымсыз. Қолға алған ісін бітіргенше тыным таппайды. Еңбекқор. Сұлулыққа жаны құштар. Жалпы, өмір, қоғам жайлы өз ойы бар әнші. Көп оқиды. Әнді алып шығатын сөзі болғандықтан, оған аса қат­ты мән береді. Туған­ның, бауырдың, достықтың парқын біледі, бағалайды. Өмірде аяулы ана, сүйікті де қамқор әже, адал дос, жанашыр бауыр. Бағдаттың бар байлығы екі баласы болса, олардың да байлығы, қазынасы – ана­лары. Қашан көрсең дән сүйре­ген құмырсқадай қос қарашығын шамасы келгенше бағып-қақты, оқытты, тәрбие берді. Балаларын біреу­дің арқасында емес, өз басын алып жүруге, өз мәселелерін өзі шеше алатындай етіп тәрбие­леуге күш салды. Меруерт те, Марал да «Хабар» телеарнасының белді қыз­меткерлері. Шүкір, қазір үш не­ме­ресі бар. Ал әрбір ананың арма­ны – балалары аман-есен бо­лып, не­ме­релерінің қызығын көру.

Ізденгіш өнер иесі кейіннен өз ұлтының тілін, әдебиетін, руха­ниятын терең білу мақсатында ҚазҰУ-ның филология факульте­тін де тәмамдады. Бүгінде Астана­да­­­ғы Қазақ ұлттық өнер уни­­вер­си­тетінде эстрада-вокал кафед­ра­сында профессор, «Қазақ­кон­церт­те» де ән салады. Шығар­ма­­шы­лық­пен қатар, шәкірт те тәр­­­бие­леп келеді. Өзін бақытты ән­ші­­мін, бақытты анамын деп есеп­­тейді.

...Қазір өмір ырғағы өзгерді, қарбалас уақыт. Бүгінде қай сала­ның адамында болмасын, асы­­ғыс тірлік. Бағдат кешегі күні де, бү­­гін де өзіне ғана сенді, хал­қына сен­ді. Сондықтан да оның бар тілеуі – халқы аман,  сүйік­ті көрер­ме­ні көп болса. Зады, әнші үшін, өнер адамы үшін халқы ардақтап, ­құр­метке бө­легеннен артық атақ та, даңқ та жоқ. Бағдатымыз жақ­сы әндерімен сағындырып жүр­се дей­міз... Лайым солай болса екен...

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» ардагері