• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Бизнес 08 Ақпан, 2024

Бизнесті дамытуға не бөгет?

99 рет
көрсетілді

Қазақстан 2029 жылға қарай экономика көлемін екі еселеу­ге (ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізу) ниеттеніп отырғаны белгілі. Айтқанға оңай болғанмен, бұл – атқарарға ауыр шаруа. Нәтижені еселеу биігіне қазіргі мұнай сатумен баруға болмайды, әрине. Жаңа жағдайда өндірісті дамыту, шағын және орта бизнестің еңсесін тіктеу арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Соңғы деректер бойынша – ІЖӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі – 13,4, өндіруші сектор үлесі 14,5 пайызға жеткен. Бұл біздің біртіндеп шикізаттық модельден өңдеу индустриясын дамытуға бейімделіп жатқанымызды байқатады.

«Өнеркәсіптік саясат тура­лы» заңға сәйкес ішкі өң­де­у­­шілердің бағасы бир­жа­лық котировкалардан тө­мен дең­гейдегі шикізатпен қам­та­­масыз ету механизмі ен­гізілді. Сондай-ақ ірі компа­ния­лар қайта өңдеушілерді қол­дау мақсатында өз міндет­те­­мелерінің аясын кеңейтіп жатыр. Ол үшін шағын және орта бизнес белдеуін құрып, табиғи жер қойнауын пайдалануды сатып алуды реттеп, қосымша міндеттемелер қабыл­дап жатыр. Сонымен қатар мемлекет тарапынан субсидия мен кепілдіктер беріліп, ШОБ-ты қолдау күшейе түсті. Мәселен, «Бәйтеректің» былтырғы қар­жылық қолдауы 2,3 трлн тең­геге жетті. ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 36,4 пайызға жетті және ШОБ секторындағы жұмыс істейтін азаматтар саны 4,3 млн-ға ша­ма­­ласты.

Жаңа өндіріс нысанын 3 жыл бойы салықтан босату, қосымша құн салығынан босату да кәсіпкерлер үшін көп көмек. Осы жылы шикізаттық емес секторда жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 291 жоба пайдалануға берілмек. Соның 170-сі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі және олардың құны 800 млрд теңгеге жетеді.

Бес жылдан соң ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізу үшін бұдан былай жыл сайынғы эконо­ми­калық өсім деңгейі 6 па­йыз­дан кем болмауы керек. Ха­лықаралық валюта қо­ры­­ның мәліметі бо­йынша, биыл жыл соңында ІЖӨ 259,3 млрд долларды құрайды деп күтіледі. Егер солай болса, онда ішкі жалпы өнім 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 15 пайызға өсім көрсетеді.

Осындай жетістікті қам­та­масыз етуге тиіс кәсіпкер­лер­дің де түйткілі бір басына жетіп артылады. Сенатор Ләззат Рысбекованың айтуынша, ең бірінші кезекте мем­ле­кет­тік қолдаудың тетігі мен тәсілін қайта қарау керек. Екіншіден, перспективалық ба­ғыттар мен түпкілікті нәти­же­ге бағдарлануды ескермей, 5 млн теңге көлеміндегі грант­тық қолдау түріндегі ша­ғын жобаларды іске асыруға басымдық беріліп жатыр. Бұл бюджет қаражатын шашуға алып келеді. Үшінші қиындық – құқықтық проблемалар. Мы­салы, бизнес-идеялардың жаңа­шылдығын анықтау бойынша нақтылық жоқ. Бұл тұ­жы­рым­да­маны жергілікті жер­лерде кәсіпкерлер де, кон­курстық комиссия мүшелері де әртүрлі түсіндіреді. Түптеп келгенде грант алудың негізгі шарты бо­лып саналатын «жаңа­шыл­дықты» растау талап етіле де бермейді.

Ұлттық экономика министр­лігінің хабарлауынша, қа­зір бизнес жүргізу шарттары айтарлықтай жеңілдетілді. Мысалы, 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды.

«Тәуекелдерді басқару жүйе­­­­лерін автоматтандыру нә­ти­­­же­сінде 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз тексерулер тағайындалып жатыр. Бұл шара тексерулер санын 2 есе азайтады. Сонымен қатар мем­лекет бизнесті қаржылай қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, биыл 900 млрд теңгеден астам сомаға ШОБ-тың банктік несиелерін субсидиялау және кепілдендіру жоспарланып отыр. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бі­ріктірілгенін ескере отырып, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тәсілдері әзірленді. Суб­си­диялаудан кепілдік беру құрал­дарына және өзге де қар­жылық емес қолдау шараларына біртіндеп көшу көзделеді. Одан бөлек, облигациялар мен бірлестірілген несиелер арқылы қаржыландыру құралдары ке­ңінен қолданылады», деп мәлім­деді ведомство.

Әкімшілендірудің сервистік моделін енгізуді көздейтін жаңа Салық кодексі бойынша жұмыстар да жалғасып жатыр. Нәтижесінде, салық міндет­те­мелерін орындау үдерісі ай­тарлықтай жеңіл­демек. Жал­ы салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%-ға, ал салық есебі нысандарының саны 30%-ға қысқарады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады. Нәтижесінде, са­лық міндеттемелерін орындау жеңілдетіліп, салық жинау тиім­ділігі артпақ.