Ауған соғысының ардагерлері Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуын атап өтіп жатыр. Іс-шара мектептерде ерлік сабақтары, ардагерлерге құрмет көрсету және даңқ мемориалдарында еске алумен жалғасып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге басымдық берілген. Ал 15 ақпанда барлық аймақта Ауғанстанда қаза тапқандарға арналған даңқ мемориалдары мен ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Қабырғаны қайыстырар сол соғысты 22 296 отандасымыз басынан өткізсе, оның 927-сі қаза тауып, 19-ы хабарсыз кетті. Мыңдаған адам мүгедек болып оралды. Күні кеше Астанада «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында бұл туралы майдандас достарын еске алған ардагерлердің өздері айтып берді. Олардың айтуынша, отандастарымыздың бесеуі Кеңес Одағының Батыры атағын, біреуі Халық қаһарманы атағын алса, екеуі «Айбын» орденінің иегері болды. Жүздеген әскери қызметкер бұрынғы КСРО және Қазақстан Республикасының ордендері және медальдарымен марапатталған.
Бірлестік басшысы Бақытжан Ертаев: «Ауған соғысы тарихқа айналды. Бірақ сонда да өлілер мен тірілердің үні бәрімізді әлі күнге алаңдатады. Жақындарынан айырылғандар үшін, жастық шағын соғыс пен ыстық ауған күнінде күйдіргендер үшін жоғалту азабы, тірінің ауырсынуы олардың өмірінің соңына дейін созылады», деді.
Отанына оралған интернационалист-жауынгерлер шенеуніктердің түсініспеушілігі мен қоғамның немқұрайдылығына тап болған. Сондықтан 80-жылдары Ауғанстаннан оралған жастарды қолдау мақсатында ардагерлер одақтары құрыла бастады. Соғыс отынан оралған жігіттер кәсіподақтардан өз орнын тапты, оларға жан-жақты қолдау көрсетілді. Бүгінде жас ұрпақты өз жеріне, халқына патриоттық рухта тәрбиелеу – ардагерлер қозғалысының басты бағыттарының бірі. Жыл сайын 15 ақпан мен 7 мамырда барлық оқу орнында Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен ерлік сабақтары, шығармашылық және спорттық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ Ауғанстан ардагерлері одағы жанынан еріктілер қанаты құрылған. Пандемия кезінде Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға 7 мыңнан астам гуманитарлық көмек таратылды. Бұл жұмыс бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Соғыс ардагерлері Қаңтар оқиғасында да шет қалмай, Алматыда еліміздің Конституциялық құрылысы мен құқықтық тәртібін сақтауға көмектесетін штаб құрды. 7 қалалық аурухана, жедел жәрдем стансасы, бірқатар әлеуметтік нысан қорғауға алынды. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта патрульдік қызмет ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж кез келген адам хабарласа алатын сенім телефоны құрылды.
Бірлестік басшысы Бақытжан Ертаевтың айтуынша, еліміз егемендік алған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 34 адам Халық қаһарманы атағын алса, 48-і «Еңбек ері» атанған. «Олардың ішінде бүгінгі күнге Халық қаһарманы атағын алған 11 және «Еңбек ері» атағын алған 37 адам арамызда. Ендігі жерде біздің ұйымның мақсаты мен міндеті – көне дәстүрлерді жаңғыртып, әр ұлттың мәдениетінің өзіндік ерекшелігін түсіну. Мемлекет жас ұрпақты толеранттылыққа, өзара сыйластыққа тәрбиелеуге ынталы. Ал кез келген мемлекеттің басым міндеті – патриоттық тәрбие беру. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты – Халық қаһармандарын, «Еңбек ерлерін» насихаттай отырып, ұлттық жадыны сақтау негізінде жалпыұлттық тарихи мәдениетті қалыптастыру үшін қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру», дейді бірлестік басшысы.
Кеудесін оққа тосқан ерлердің көзсіз ерлігі туралы ұмытуға хақымыз жоқ. «Өз батырларын құрметтейтін және мақтан тұтатын халық – ұлы халық» демекші, жақындарынан айырылғандар үшін, жастық шағы от пен оқтың ортасында өткендер үшін Ауған соғысы – жазылмайтын жара. Себебі соғыс өрті сөнгенімен, жақынын жоғалтқандардың жан-жарасы, қайғы-мұңы басылмайды.
Жас ұрпақтың ендігі міндеті – елдікті ту еткен ерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсету.