• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Ақпан, 2024

Кәсіби этиканы жүйелеу ұсынылды

182 рет
көрсетілді

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен өткен дөңгелек үстелде журналистика саласында қордаланған мәселелер талқыланып, алда атқарылуға тиіс маңызды мәселелерге назар аударылды. Әсіресе ақпарат айдынына ауадай қажет білікті кадрларды даярлаудан бас­тап, салаға қажетті жүйені өзгертудің өзектілігі қаузалды.

Белгілі журналистер мен депу­тат­тардың, медиахолдинг басшылары мен медиакоммуникация мамандары қатысқан «Журналист этикасы» атты дөңгелек үстелде БАҚ саласындағы этикалық нормаларға байланысты өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды.

Іс-шараны ашқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева министр­лікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, ақпарат саласы зәруліктерін шешуге атсалысып жүрген әріптестерге алғысын білдірді. Сала басшысы отан­дық БАҚ-тың белсенді дамуы үшін атқарылатын жұмыстар салаға тың серпін беріп, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізеріне сенім біл­дірді. Осы орайда журналистердің этика мәселесін шешу бойынша бірқатар нақты ұсынысын ортаға салды.

«Кейінгі жылдары адамзат басына түскен сынақтар ақпараттың қаншалықты маңызды екенін анық көрсетіп отыр. Сондықтан кәсіби журналист қашанда жоғары эрудициясы, нақтылығы және объек­тивтілігімен қарапайым желі қол­данушысы мен блогерлерден ерекшеленіп тұрары анық. Осы қасиеттер журналистиканы биікке шығарады», деді сала басшысы. Оның айтуынша, бүгінде ақпарат тарату үдерісінде блогингтің әсері қатты сезіледі. «Алайда блогерлердің жұмысы кәсіби журналистердің орасан зор еңбегі мен тәжірибесіне негізделген», деді министр. «Қазір кәсіби білімі жоқ, журналистиканың негізгі қағидаттарын басшылыққа алмайтын адамдар ақ­парат­тық контент жасаумен айналысып жатқанын көріп отырмыз. Кейінгі жылдардағы шулы оқиғаларды жариялауда «хайпқа» ұмтылу, жеке материалдар мен құпия ақпараттың жариялануы осы мәселеге ерекше назар аударуды талап етеді. Журналист өзінің күнделікті қызметінде қоғамды объективті және өзекті ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, этикалық нормаларды да қатаң сақтауы керек», деді А.Балаева.

Сондай-ақ Аида Балаева халық­аралық тәжірибеде журналистік және редакторлық этиканың бірыңғай стандарты ерікті өзін-өзі реттеу жүйесін қамтамасыз ететінін айтты. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның да, қоғамның да ақпарат алу құқығын теңестіреді. Мәселен, «Журналистикадағы кәсіби этиканың халықаралық қағидаттары» және «Журналистердің мінез-құлық принциптерінің декларациясы» секілді құжаттарда негізгі этикалық қағидаттар белгіленген. Шынайы ақпарат беру және оқиғаларды объективті жариялау жөніндегі ережелерді сақтау, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі мен кәсіби адалдығы, жеке өмірі мен қадір-қасиетін, қоғамдық мүдделерді, жалпыға ортақ құндылықтар мен мәдениеттердің алуа­н түрлілігін құрметтеу – жаңа әлемдік ақпараттық және коммуникациялық тәртіпті дамытуға және нығайтуға ықпал етуге бағытталған.

«Алайда гиперақпарат және цифр­ландыру дәуірінде әлемдік дәстүрлі журналистика үлкен қиындықтарға тап болды. Оның ішінде кәсіби этиканы сақтау мәселесінде түйткілді дүние көп. Шекаралар бұлыңғыр болған жағдайда және цифрлық мазмұндағы контентті дайындауға барлығы қаты­са алатын бүгінгі күні этикалық қағи­даттарды сақтау, өз қызметі үшін жауап беру қиындап отыр. Ал бұл жалпы журналистикаға деген сенімнің төмендеуіне әкелетінін көріп отырмыз», дейді министр. Өйткені оқырман немесе көрермен көбінесе кәсіби дайындалған және этикалық тұрғыдан тексерілген ақпаратты ажыратуға тырыспайды. Сол үшін министр қазіргі қоғамда «факт­чекинг» және «верификация» секілді ұғымдарды нығайту маңыздылығын алға тартты.

Сонымен қатар Аида Балаева цифрлық медианың үстемдігі журналистикадағы этикалық дағдарыстың бастаушысына айналғанын жеткізді. Оның айтуын­ша, журналистік этика тақырыбын көтергенде журналистік кәсіптің мәселе­лерін ғана емес, қоғамдық құндылықтар мен гу­манистік негіздерді де қаперден шығар­мау қажет. «Халықаралық журналистикада «sensitive journalism», яғни «сезімтал журналистика» бағы­ты бар. Этносаралық қатынастар, кемсі­тушілік, харассмент, суицид, зорлық-зомбылыққа қатысты күрделі және ше­тін тақырыптарды көтергенде кәсіби біліктілік пен сақтық керек. Мысалы, отандық желілік басылым­дардың бі­рінде балалар суи­циді егжей-тегжей көрсетілген, дәрілер­дің дозасы мен атауы айтылып, баламен бейнежазбаның скриншоты пайдаланылған. Ал психо­логиялық көмек көрсету желілері туралы ақпарат жоқ. Бұл мәселеде ақпа­рат құралдарында осындай күрделі тақырыптарды жариялау журналистер мен редакторлардан жоғары этиканы және кәсіби стандартқа сәйкес келуді талап ететінін түсіну маңызды», дейді сала басшысы. Бұл ақпараттық егемендікті қамтамасыз етумен қатар сын-қатерлер барын қаперден шығармау қажеттігін аңғартады. Ең алдымен, кә­сіби мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлу маңызды болып отыр.

Журналистика саласының көпқырлы үдерісін реттеудегі үкіметтік емес сек­тордың рөлін ерекше атап өткен сала басшысы қолданыстағы журналистердің Әдеп кодексіне назар аударуға шақырды. Министрдің айтуынша, құжаттың тиім­ділігі мен маңыздылығы бұрынғыдан да өзекті бола түскенін ескерсек, кодексті медиа­саланың дамуы мен қоғамның сұра­ныстарына сәйкес қайта қарау қажет­тілігі артып отыр.

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостан­дығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова демократиялық саясатты ұстанатын елдердің өзінде сөз бостандығына байыптылықпен қарайтын халықаралық нормалар қолданылатынын алға тартты. «Сөз бостандығы болу керек. Алайда мәселе адамның жеке басының қадір-қасиеті және ұлттық қауіпсіздікке қатысты болған жағдайда шектеу артық етпейді. Біздің ұйым көп жағдайда БАҚ пен журналисттердің мүддесін қорғауға жұмыс істейді. Себебі БАҚ – төртінші билік. Ал төртінші билік бұл – халық. БАҚ-тың негізгі жұмысы – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Олар қоғамдық сананың өзгеруіне, мүмкіндіктерін пайдалануға көмектеседі. Дегенмен қазір кәсіби этика мәселесі күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа айналды», дейді ол. Оның пайымынша, этика мәселесін заңмен ғана шектеу жеткіліксіз, журналистика өзін-өзі реттеу керек. Мысалы, халықаралық тәжірибеде саланы реттеудің үш құралы бар. Біріншісі – Этика кодексі, екіншісі – ньюс-омбудсмен, үшіншісі – кеңестер мен дөңгелек үстелдер. Олардың негізгі мақсаты – БАҚ-тағы қордаланған мәселелерді реттеуді қолға алу. «Меніңше, осындай гибридті форматта өткізілетін кеңестер мен ньюс-омбудсмендердің жұмысы көп мәселенің шешілуіне түрткі болады. Өйткені көп елде тұтынушылардың өздері омбудсмендерге тікелей сұрақтарын қойып, шағымдарын айта алады. Бұл кейбір кейстердің сотқа жетпей шешімін табуы­на көмектеседі. Бір жағынан мемлекет бюджетін үнемдесе, екінші жағынан халықпен ашық байланыс орнатуға алып келеді. Халықпен ашық байланыс бар жерде БАҚ барынша ашық әрі шынайы ақпаратты ұсынуға ниетті», дейді қор директоры.

Жиында құқық қорғаушы, «AU» онлайн-құқық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова зорлық-зомбылық мәселелерін жариялау кезінде шектеу­лер енгізу қажет екенін айтты. Оның айтуынша, кей журналистер қызметін кәсіби тұрғыда атқармайды. Оларда талдау, журналистік тергеу жоқ, құқықтық ұғымдар туралы түсінігі, сұхбат берушінің сарап­тамасы жоқ. БАҚ өкілдерінің көбі зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жариялай отырып, өз жұмысының салдарына жауапсыз қарайды. «Зорлық-зомбылық жағдайларын жариялау кезінде адам құқықтарының бұзылуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда журналистерге шектеу болуы керек. Мысалы, басылымдарда жәбірленушінің басынан өткен зорлық-зомбылық оқиғасы жан-жақты, кейбір жағдайда егжей-тегжейін анықтап айтып береді. Яғни журналистиканың негізгі қағидаттары, оқиғаны жариялау әдісі қате болғандықтан зорлық-зомбылық құрбандары қайта жәбірленеді, демек жарияланым салдарын болжау мүмкін емес. Сол үшін ережелерді енгізу, құқықтық тренингтер өткізу, сондай-ақ «Құқықтық журналистика» пәнін енгізу қажет», деді ол. Себебі қазіргі жағдайда зорлық-зомбылық тақырыбын жазатын журналистердің заң білімі жоғын былай қойғанда, құқықтық терминологияны түсінбейді. «Күдікті мен жәбірленушіні ажырата алмайтындар бар. Көтеріп отырған мәселеге қатысы жоқ маманның пікірін қосады. Ал ол сотқа қатыспаған, тек теориясын біледі. Соңында анау айтты, мынау айттымен сараптама жазып шықтық деп санайды. Қазір буллингтің сан түрі бар. Біздегі журналистер буллингтің түрін талдап, мамандарды сөйлетіп, ашық береді. Оны көрген балалар айтылғанды қағып алады. Әр сөйлемді жазарда жауап­кершілік болу керегін үйрету ма­ңызды», дейді А.Омарова.

Сондай-ақ Suleyman Demirel University деканы Мадияр Саудбаев медиа кадр­ларды даярлауға қатысты мәсе­­лелерді атап өтіп, оқытушылар құрамының құзырет­тілігі, факультеттердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі өткір мәселеге айналғанын жеткізді. Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дың саясат және журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ журналистердің Әдеп кеңе­сін құруды ұсынды.

Іс-шара соңында Аида Балаева: «Жур­налистика этикасының мәселелерін редакциялар мемлекеттің араласуынсыз өздері реттеуі керек екені анық. Өз тарапымыздан жиында айтылған барлық ұсынысты, соның ішінде журналистердің жаңа үкіметтік емес ұйымын құруды қолдауға дайынбыз», деді. Бұл орайда министрлік дөңгелек үстелдің тұрақты түрде өтіп тұруына мүдделі екенін жет­кізіп, саланың көптеген өзекті мәселесін осындай кездесу кезінде шешуге мүм­кіндік мол екенін алға тартты.