• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Ақпан, 2024

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, академик: Тарихтың күші – деректе

325 рет
көрсетілді

Тарихын білген елдің тамыры бекем. Өткенді таразыға салып, болашаққа бағдар жасау үшін тар жол, тайғақ кешуімізден сабақ алудың маңызы зор. Осы орайда газетіміздің 9 ақпандағы санында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет ҚОЙГЕЛДІНІҢ «Ақиқат қызыл сөзге емес, дәлелге мұқтаж» атты сұхбаты жарық көрген еді. Сүбелі әрі көкейкесті әңгіме оқырманға ерекше әсер етіп, жұртшылықтың өтінішімен ғалым ағамызға тағы да бірнеше сұрақ қойдық.

– Мәмбет Құлжабайұлы, ХХ ғасыр басындағы реформа туралы нақтырақ білгіміз келеді. Алаш буы­нын елді өзгерту ұстанымы қандай сипатымен ерекшеленеді?

– Ең алдымен, іргелігімен ерек­ше­ленеді. Алаш қайраткерлері сол тарихи кезеңде ұлт тағдырына қатысы бар қоғамдық мәселелерді елеп-екшеп алға шығарды және оларды кешенді шешудің үлгісін көрсетті. Бұл істе халықтың қолдауына сүйенді. Бұл ұлт пен оның саяси басшылығының арақатынасы үйлесімін тапқан тари­хи сәт еді. Осы жағдай Алаш тұлғалары­на сенім мен күш берді. А.Байтұрсын­ұлы: «Қазақ» газеті бұл істе ұлттың ақыл-ой орталығына айналып, оның қоғамдық-мәдени өмірін басқарды» деп жазды. Нәтижесінде, қазақ өмірі буырқанған күй кешті, жігерлі қоз­ғалыс арнасына түсті. Қозғалыстың үніне айналған ақындардың «Ал, қазақ, бостандыққа сал малды, сал жанды!» ұраны халыққа жетті. Съездер ұйым­дастырылды, қазақ комитеттері, үкі­ме­ті, атты әскері құрылды. Осының бәрі өмірде болған, өмірге ентелеп кіріп келген азаматтық қоғамның, алға ұм­тыл­ған елдің нақты көрінісі болатын.

Кәмпеске комиссиясына жауап берген Абай перзенті Тұрағұл Ибрагимұлы өзінің атының жалпы қазаққа мәлім болғандығын Алашордаға бар ынтасымен қызмет істегендігімен байланыстырады. Мұндай мазмұндағы қыз­метті «Николайдың темір бұғауында жаншылған қазақ азаматтарының бәрі де жасағанын», бұл ақиқат көзі ашық барлық адамға мәлім екенін, ал ол кезде кеңес өкіметінің халыққа пайда-зиянын қалың қазақ түсіне қоймағанын айта­ды. Бұл – сол тұстағы көкірек көзі ояу қазақ азаматтарының бәріне ортақ пікір. Қазақ қоғамына Алаш басшылығы ұсын­ған өзгерістер түсінікті еді және халық оны қабылдауға даяр-тын. Сол бір аласапыран тарихи кезеңде Алаш қайраткерлері енгізіп үлгерген бір-екі реформалық шараларға тоқталып өтейін.

Алаштың реформаторлық қызметі, ең алдымен, ағартушылық саласында көрініп, тамаша нәтиже берді. Бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес уақыт­та қолында не билігі, қалтасында не қар­жысы жоқ, қорғансыздың күйін кешіп саяси бақылауда жүрген тұл­ғалар ұлтты оятқан кітап, газет-журнал шығарып, баспа ашты, қазақ тілін әдебиет және ғылым тілі дәрежесіне көтерді, оқу бағ­дарламалары мен оқулықтар даярлады, соңынан ерген жас буынға заманауи білім алуға нақты көмектесті. Сол кезеңде атқарылған осы ауқымды істің негізгі элементтері ұлтқа әлі де қызмет істеп келеді.

Алаш буыны іргелі тұрғыдан қолға алған жұмыстың бірі емес, бастысы ата­мекен жерді ұлтқа, болашақ ұрпақ­қа сақтау болатын. Патша өкіметінің ішкі ресейлік губерниялардан жерсіз орыс шаруаларын қазақ жеріне жаппай көшіріп әкелген отарлау саясаты, осы мақсатта қазақ қожалықтарын оты­рықшы өмір салтына көшіріп, егін­шілікке жарамды жерлерді переселендер үшін босатып алуы Ә.Бөкейхан басшылығымен шынайы әшкереленді. Осы ұлттық-саяси жұмыс Мемлекет­тік Думадағы мұсылман фракциясы, «Қазақ», «Уақыт» газеттері, «Айқап» жур­налы және басқа күрес құралдары арқылы жүргізілді. Нәтижесінде, қазақ қожалықтары үшін жер нормасын анықтау жөніндегі өкіметтің арнайы ғылыми экспедициялары ісі аяқсыз қал­дырылды. Переселен саясаты өкімет ойлас­тырылғандай өріс ала алмады, оған шектеу қойылды.

А.Байтұрсынұлы коммунистік партиядан шығарда «қазақ мәселесіне байланысты қазақ қоғамымен таныс еместер шешім шығарып қабылдайтын болды, мұндай жағдаймен келісе алмаймын» деп ой айтқан екен. Алаш тұл­ғалары билікке келгенде өзгерісті неден бастар еді?

Әрине, А.Байтұрсынұлы Бүкіл­ресейлік Орталық атқару коми­тетіне жолдаған хатында еуропалықтар қазақ­­тардың көшпелі өміріне жүйесіз, қара­байыр қаңғыбастыққа жақын әлем ретінде қарайтынын сынады. Олардың көзқарасына салсаң, қазақтарға сахарада көшіп жүруге тыйым салып, бел­гілі бір жерге тұрақтандырса, олар отырықшы өмірге бауыр басып, ба­йып, бүгінгі мәдениет жетістіктерін қабыл­дайды... Олар осылай деп ойлады. Шын мәнінде, бұл пікір бүтіндей негізсіз. Мұндай ойдағы кісілердің қазақ өмі­рімен таныс еместігін көрсетті. Ал қазақ өмірі табиғат жағдайына, ауа райы мен жер құнарына бүтіндей тәуел­ді еді. Алаш қайраткерлері түр­лі билік орындарына көшпелі мал ша­­руа­шылығы өте құбылмалы нәзік ша­­ру­ашылық түрі екендігін, оның жү­­йе­сі бұзылса, миллиондаған қазақ бұқа­ра­сы күнделікті тіршілігінен айыры­­ла­тын­дығын, осы күйге түскен оған еш­қандай да әлеуметтік қамсыздан­ды­ру мекемесі көмектесе алмайтынды­ғын айтып дәлелдеді. Сондай-ақ қазақ малы өнеркәсіп өнімдерімен салыстырғанда құнсыз екендігін, ендігі уақытта ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік-эко­но­микалық және мәдени теңсіздікті түбе­гейлі өзгерту қажеттілігін күн тәртібіне қойды.

Бұл келтірілген фактілерден қан­дай ой туады? Алаш буыны қазақ же­рін мал кіндігі деп түсінді. Ал олар би­лікке келген күнде реформалық өзге­рістерді, алдымен, қазақтың мал ша­руашылығы­на байланысты «реквизи­ция», «конфискация» сияқты шаралар­дан емес, оны жаңа сұраныстарға бейімдеуден бастаған болар еді. Олар­дың осыған орай ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан негізгі жобалары да бар-тын. Мәселен, Әлихан Бөкей­хан қазақ мал шаруашылығын жаңа сұраныстарға бейімдеу ісінде аустралиялық және швей­цариялық тәжірибені ескеруді ұсынды.

Тәуелсіздік жылдары біздің өкімет экономикалық мәселелерді шешу ісін­де оңай жолға түскенін байқамай да қал­ған секілді. Басымдылықты жер асты кен орындарын игеруге беріп, басқа балама жол іздестіруге ың­ғай та­нытпағаны – соның көрінісі. Осы­ның салдарынан қазақтың шаруа­­шы­лығы уақытында нарықтық арнаға түсе алмады, мал өнімдері құнсыз­да­нып, мал шаруашылығы терең күйзе­ліс­ке ұшырады. ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дарындағы дағдарысты еске салатын жайттар қайталанды. Ауыл­дағы қазақ азып-тозып қалаға көшті. Тек кейінгі жылдары ғана жағдай бір­шама түзеле бастаған секілді. Деген­­мен көп нәрсені жоғалтып алдық. Халық ата кәсібі мал өсіруден шет­­­теп қалды. Бұл салада кәсіби ұрпақ сабақ­­тастығы үзілді. Мал өсіру шаруа­шылығына қатысты кешенді шара­лар қабылданбады. Енді ауылға мал өнім­дерін өңдейтін өнер­кәсіп ошақтарын жеткізбей бұл жағдай шешімін таппайтыны анық.

– Сіз айтқан мәселелер ауыл ­ша­руа­­шылығына байланысты. Ал өнер­­­­кәсіп саласына қатысты Алаш­тың ұс­та­нымы қандай еді?

– Қазақ жері кеңестік кезеңде басым түрде метрополия өнеркәсібінің шикізат көзі міндетін атқарғаны мәлім. Тәуелсіздіктен кейін бұл қатарға шетел­дік компаниялар қосылды. Ғасырдан астам уақыт қазақ өз же­ріне ие емес. Қазақстан тарихында жағымды ісімен, жақсы атымен қалған Д.А.Қонаев рес­­публиканы басқарған кезеңде 68 жұ­­мысшы поселкесі мен 43 қала тұр­ғы­­зыл­ғанын жазады. Ал 2012 жылы ел үкіметі моноқалаларды дамы­ту­дың 2012-2020 жылдарға арнал­ған бағ­­дар­ламасын бекітті. Онда моно­қалалардың саны – 27. Яғни кеңестік шындықтан қалған мәселені енді тәуел­сіз Қазақстан шешуі керек. Менің түсі­нігімде бұл сан дәл емес, анықтай түсуді қажет ете­ді. Жер асты мен жер үсті шикізат көз­деріне салынған ауылдар мен қала­лар бұл саннан анағұрлым көп болса керек.

Ұлы драматург Уильям Шекс­пир­дің «Дауыл» драмасында отар­лау­­шы мен отарланушының ара­қаты­на­сын еуропалық Просперо мен латын­амери­калық абориген Калибана­ның диалог­тері арқылы беріледі. Жылы да сиқырлы сөзімен аңқау да аңғал Кали­бананы бауырына тартып, ата-бабасының мұра­ға қалған қазына­сын көрсетуді сұрай­ды. Еуропалықтың түрлі уәдесі мен болар-болмас ықы­ласына басы айнал­ған Кали­бана бар байлығын жайып салады. Іс біткен соң көп ұзамай-ақ «қонақ­жай», «ақ­көңіл» Калибана жақсылық­ты түсін­бейтін надан «бұратана» ата­лып, түрлі кемсітулерді көреді. Не ке­рек, екі «достың» ара-қатынасы Кали­ба­наның «Еркін едім, құлға айналдым! Сенің өзіңді де, айтқан сөзіңді де чума (оба) алсын!» деген қарғысымен аяқ­та­лады. Бұл, әрине, америкалық өмір­ден алынған мысал. Осы күй отарлық тәуелділікті басынан өткізген елдердің бәріне ортақ емес пе?

Әлгі 27 моноқала туралы ақиқат кеңес­тік индустрияландырудың Қазақ­стан нұсқасының ішкі мазмұнын ашып тұр. Одақта индустрияландыру нау­қа­ны жарияланғанда озық ұстаным­да­ғы қазақ саяси басшылығы мен орта­­­лық үкімет арасында идеялық қақ­­ты­ғыс туындады. Пікірталас екі мәсе­­ле төңі­регінде жүрді. Алаш ұста­ны­­мын­дағы басшылық индустриялан­дыру нәтижесінде, Қазақстан шикізат көзі ғана емес, соңғы өнеркәсіп өнім­дерін шығаратын елге айналуға тиіс деген ұстанымда болды. Бұл – бірін­ші­ден. Екіншіден, индустриялық ошақ­тар құру қазақ жұмысшы және инже­нер-тех­никалық кадрларын қалыптас­ты­ру­мен қатар жүруге тиіс деген талап қойылды.

Бұл ұстанымға орталық үкімет одақ экономикасы біртұтас халық шаруа­шылық комплексі, соған байланыс­ты еңбек бөлінісі жеке республикалар көлемінде емес, одақ көлемінде жүреді деген ұстанымды қарсы қой­ды. Ал қазақ қайраткерлерінің респуб­ликадағы өнеркәсіп ошақтарын соңғы өнім шығаратын өндіріс орындары ретінде дамыту идеясы қазақ ұлтшыл­дығының көрінісі есебінде бағаланды. Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігін енді ғана алған қазақ мемлекетінің ірі өнеркәсіп орындарының 96-97 пайызы одақтық басқаруда болғандығын мойындады.

Орталық өкіметтің бұл ұстанымы кадр даярлау ісінде де байқалды. 1965 жылы Қазақстан компартиясы ор­талық комитеті бұлтсыз күнгі най­зағай жарқылындай жағдайға тап бол­ды. Ащысай полиметалл комбина­тынан (1927 жылы құрылған) 43 инженер-техник кадрлары қол қойған петиция келіп түсті. Петицияда Мәс­кеу өкілі Тараканов басқаратын ком­бинатта қазақ инженер-техник және жұ­мысшы кадрларын өсірмей, кем­сітіп ұстау дәстүрі бұзылмай, жал­ғасып келе жатқаны туралы мәселе қойыл­ды. Орталық комитет арнайы комис­сия шығарып, мәселенің егжей-тег­жейін анықтап, республикадағы бар­лық ірі өнеркәсіп басшыларына Ащысай полиметалл комбинатындағы жағдайдан сабақ алуға шақырған хат жолдады. Бұл келтірілген фактілер Қазақстанның «дамыған социализм» кезіндегі өнеркәсіптік даму жағ­дайынан біршама мәлімет берсе керек.

– Бұл күрделі ахуал тәуелсіздік жылдары түзетілді ме?

– Әрине, өзгерістер бар. Дегенмен эко­номика бұрынғы Қазақстанда қа­лып­тасқан тәртіптің залалды сал­дарын енді тарта бастағандай. Ана өңірде жарылыс, мына өңірде өрт. Тәуелсіздіктің басты нышаны мемлекеттің өзінің табиғи ресурстарына иелігі болса керек. Онсыз мемлекеттілік жоқ. Әсі­ре­се жер ресурстарына қатысты заң қабыл­дағанда базалық қағидаттар есебінде жеке тұлғалық немесе компанияның мүддесі емес, сол жердің иесі ұлттың мүд­десі есепке алынуға тиісті емес пе? Яғни, біріншіден, жер асты кендері – шексіз емес және қалпына қайтып келмейтін береке. Екіншіден, түрлі тарихи кезеңдерде атамекен жер үшін күресіп, тері мен қанын төккен – қа­зақ халқы.Үшіншіден, атамекеннің жер үсті және қойнауы байлығында бүгін­гі буынның ғана емес, ертеңгі ұрпақ­тың да еншісі бар екенін ұмыту – қылмыспен тең.

Менің түсінігімде, жер қойнауы бе­ре­кесіне қатысты инвентаризация жүр­гізіп, кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл шешімдер қабылдануға тиіс­ті. Бұл арада өткен күндерде ұлт­тық калибаналдарымыздың прос­перо­ларға көрсеткен «қызметі» туралы сөз қозғамай-ақ қоя тұралық. Ал осы күндерде елімізде болып жатқан жағ­дай­ларға көз жұма қарау мүмкін емес. Жақында Баянауыл ауданындағы «Май­қайың алтын» акционерлік қо­ғамы аумағында болған апатқа байланысты мәліметті оқыдым. Бұл акцио­нерлік қоғамның жүз пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан ком­панияға, Милан Попович дегенге тиесілі екен. Тағы бір мәліметке сенсек, Майқайың кен орнын ресейлік бизнесмен Игорь Алтушкин деген бақылай­ды-мыс. Ал осы кәсіпорын құрылған уақыт­тан бері мұнда 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш, 13 млн тон­надан астам кен кәсіпорынға қарай­тын кен байыту фабрикасында қайта өң­делген. Осынша табысқа кенелген кәсіп­орын өз қаржысына өңірде еш­қа­шан тұрғын үй салып, басқа да әлеу­меттік нысандар тұрғызбаған, тұрғызу қаперінде де жоқ. Осы ретте мынан­дай бір сауал сұранып-ақ тұр. Неге осы қазақ жерінде жұмыс істеп, табыс тауып жатқан компа­ния­лардың бәрінің дерлік аты ағылшын тілінде? Солардың біразының иелері қазақтар, Қазақстан азаматтары ғой. Бұл фактінің астарында қандай да бір сыр жатыр ма? Жалпы, қазақ жерінде жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік компаниялар туралы мәлімет халыққа қолжетімді болу керек емес пе?

– Жалпы елімізде жер ресурстарын игерудің тарихына қатысты зерттеу жұмыстары бар ма? Арнайы зерттеу жобалары жүргізілген бе? Жоқ, әлде бұл тақырып соншалықты өзекті емес пе?

– Сіз аса маңызды мәселеге қоз­ғау салып отырсыз. Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығы «Менің ғылымдағы өмірім» деген кешенді жобаны бастап, соның ішінде елдегі геология ғылымының жүріп өткен жо­лын, зерттеу ісін қолға алып, кітап шы­ғардық. Осы мақсатта Ащысай полиметалл комбинатының, моноқала­лар тізіміне кірген Кентау қаласының тарихы туралы монографиялық еңбек даярланды. Осы зерттеу жұмысы­ның барысында ел тарихында көмескі тарта бастаған талай маңызды фактілер­ге жолықтық. Сол геология тарихы­на арналған кітабымызды қолыма алып, геология және экология салаларына қатысы бар министрдің қабылдауына бардым. Мақсатым – министрге елдегі геология және моноқалалар тарихын кешенді түрде іргелі зерттеу қажеттілігі туралы ұсыныс айту. Өкінішке қарай, бұл тақырыптың өзектілігіне көңіл аудар­ған министрді көрмедім. Сөз ретіне қарай айта кетейін, елімізде жер асты кендері таусылып, енді бүгін қа­ңырап бос қалған шахталар баршылық. Біз оларды, мәселен, Қаратау-Ащысай өңірінен кездестірдік. Дәл қазір осы қарау­сыз қалған шахталарға мемле­кеттік қамқорлық қажет.

– Репрессия құрбандарын толық ақтауға байланысты құрылған ко­мис­сияның мүшесі ретінде сізге мынадай бір сұрақ қоюдың реті келіп тұр. Алаш тұлғаларына байланысты әлі де шешімін таппаған мәселелер бар ма?

– Бұл – саяси репрессияның себеп-салдарын зерттеу ісіне қатысты құ­рылған екінші комиссия. Екі комис­сияның да атқарған жұмысының нәти­желі және тиімді болғанын асыра ба­ға­лау мүмкін емес. Сонымен бірге бұл екі комиссияның да жұмысына ат­са­лысқан зерттеуші ретінде мынан­дай бір жағдайға назар аударуды қажет деп санаймын. Сөз Алаш буынының еліміздің тәуелсіздігі үшін күрес жолында атқарған ісіне саяси баға беру туралы. Мақсат болған іске байланыс­ты кінәліні анықтау емес, тарих оған өз бағасын берген. Мақсат – хал­қына лайық таңдаған жолы үшін кі­нәлі саналып, жазаланған тарихи буын­ның қызметіне, бүгінгі ұрпағының көзқарасы мен ұстанымын білдіру. Яғни, біріншіден, өткен ғасырдың ба­сында антифеодалдық және анти­коло­ниалдық сипатта өмірге келіп, қыз­метін ағартушылықтан бастап, хал­қын мемлекеттік ұлт деңгейіне көтеру ісін қолға алған Алаш буыны бас­таған қозғалысты қазақ халқы­ның ұлт-азаттық қозғалысы ретінде тану. Екіншіден, оның мақсатты қызметі нәтижесінде өмірге келген Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясы қа­зақ мемлекеттілігін жаңғырту әрекеті есе­бінде мойындау. Үшіншіден, осы жал­пы­ұлттық азаттық қозғалысты бас­тап жүргізген оның басшылары мен қолдаушыларын азаттық қозғалыстың қаһарман тұлғалары ретінде мойындау. Осы ұсыныста табиғи тілектен артық нәрсе бар ма? Меніңше, жоқ. Бұл – біздің буын айтуға тиісті ақиқат.

Тарихтың күші – деректе. Алаш тұлғаларын әлем контексінде биік көтеретін факті аз емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»