• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қылмыс 16 Ақпан, 2024

Қателіктің салдарын түзеу қиын

209 рет
көрсетілді

Қазір құқық бұзушы жасөспірімдердің мәселесі күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығып отыр. Өкінішке қарай, олардың көбі ойланбай істеген әрекеттің опық жегізерін түсінбейді, елімізде әрбір заңсыз әрекет үшін жауапкершілік қарастырылғанын және қателіктің салдарын түзету қиынға соғарын сезіне бермейді. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жан-жақты сөз болды.

Жасөспірімдерді нашақорлыққа тартумен және есірткіні таратумен байланысты ахуалға тоқталған ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов: «Бүгінде біз вир­туалдық кеңістікте өмір сүріп отыр­мыз. Бұл өз кезегінде қашықта қарым-қатынас жасауды тез меңгеретін жас­тардың субъективтік мәдениетімен бетпе-бет келуіне алып келді. Осы күні есірткі заттарын сату бойынша ин­тер­нет-дүкендердің иелері де осы жағ­дайды тиімді пайдаланады. Сал­да­ры­нан есірткі бизнесіне тартылатын жас­өс­пірімдер саны көбейіп келеді», деді.

Министрлік өкілінің айтуынша, ішкі істер органдары 5-9 ақпан аралығында республика бойынша «Тосқауыл» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізген. Нашақорлықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру және есірткі құқық бұзушылықтарын анықтауға арналған іс-шара аясында халыққа, әсіресе жоғары сынып оқушылары мен студент жастар арасында профилактикалық құқықтық түсіндіру жұмыстары ұйым­дас­тырылған. Оның ішінде есірткіге қарсы іс-шараларға ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның жеке құрамы, әкімдік қызметкерлері, денсаулық сақтау және білім беру саласының өкілдері, жастар сая­са­тының көшбасшылары, үкіметтік емес сектор және еріктілер барынша тартылған.

Полицияның бастамасымен халық­­пен барлық жерде кездесулер өткі­зі­ліп, оқу орындарында 356 дәріс, 18 акция, 10 дөңгелек үстел және нар­колог-дәрігерлерді, тәжірибелі педагог­тер мен психологтерді, сондай-ақ аза­маттық қоғам өкілдерін шақырумен 55 кездесу ұйымдастырылды. Бар­лы­ғы 538 түрлі профилактикалық іс-шара өткізілсе, оның ішінде 12 спорттық-бұқаралық, 87 турнир және флэшмоб ұйымдастырылған.

«Еріктілер қозғалысының өкілдері есірткі заттарының граффити жарнамасын жоюға айтарлықтай үлес қосты. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл қамтамасыз етілді. «Тосқауыл» операциясы кезеңінде 4 есірткі зертханасы жойылды. Осылайша, Алматы қаласының жеке үйлерінің біріндегі синтетикалық есірткі өндіретін есірткі зертханасы жабылды. Полицейлер 13 кг мефедрон синтетикалық препара­тын, сондай-ақ оларды өндіруге арналған реакторлар мен түрлі жаб­дық­ты тәр­кіледі. Сондай-ақ елі­міз­дің ең ірі мегаполисінде полиция қыз­меткер­лері «Mercedes» маркалы авто­кө­лікті тоқтатты, тексеру кезінде жалпы сал­ма­ғы 3,7 кг синтетикалық «Альфа-PvP» есірткісінің «жылдамдық» деп ата­латын 10 полиэтилен пакеті табылды», дейді Б.Әмірханов.

Сондай-ақ Атырау облысында интернет-дүкенге курьер болып жұ­мысқа орналасқан синтетикалық пси­хо­троптық заттарды салушылар ұс­талды. Жалға берілетін пәтерді тінту кезінде кепілгерлерден салмағы 1 кг 500 грамм «Альфа-PVP» және «Мефе­дрон» есірткі заттары тәркіленді. Шым­кент қала­сында есірткі полициясы қыз­мет­­керлері кепілгерді ұстаса, жалда­ма­лы пәтерді тінту кезінде салмағы 1 кг 500 грамм «амфетамин», «ЛСД» және «экстази» есірткі заттары табыл­ған. Солтүстік Қазақстан облысында да учас­келік полиция инспекторы арнайы бөлімше жауынгерлерінің қол­дауымен криминалдық полиция қыз­мет­керлерімен бірге жергілікті тұр­ғын­ды ұстады. Одан 8,5 кг марихуана тәркіленді.

Операция аясында көші-қон қыз­метінің қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын шетел азаматтары мен олардың тұратын жерлеріне тексерулер жүргізіліп, 1 321 көші-қон заңнамасын бұзу анықталған. Сондай-ақ 218 құқық бұзушы елден шығарылды. Қызметтік-іздестіру иттерінің арқасында 33 есірткі қылмысы анықталған. Бұдан басқа, қаруды заңсыз сақтаудың 31 фактісі тіркеліп отыр.

Департамент басшысының орынбасары «Тосқауыл» операциясының қоры­тындысында барлығы 258 қыл­мыстық құқық бұзушылықтың жолы кесілгенін, оның ішінде 58 есірткі өткізу фактісі, 40 аса ірі мөлшерде сақтау және 7 есірткі контрабандасы анықталғанын айтып отыр. Ал заңсыз айналымнан шама­мен 144 кг түрлі есірткі, оның ішінде 30 кг синтетика, 110 кг мари­хуана, 3 кг гашиш және 800 грамм трамадол тәркіленген.