Сыр топырағында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары алғашқы мұнай тоннасы игеріліп, екі мыңыншы жылдар басында аймақ тұрғындары жер қойнауынан «қара алтынмен» қатар шығатын ілеспе газдың игілігін көре бастады. Осылайша, бұрын айдалада алау болып жанып жататын шикізат 124 шақырымдық «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбыры арқылы облыс орталығына жетті. Кейін индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы шеңберінде екінші газ өңдеу зауыты салынып, «Қазгермұнай» БК» ЖШС бастамашы болған істің аясы кеңейе түсті.
Жуырда осы өндіріс орнына баспасөз туры ұйымдастырылып, ондағы жағдаймен таныстық. Екінші газ өңдеу-тасымалдау цехынан басталған сапарымызда мамандар журналистерге жұмыстың жай-жапсарын айтып берді. Тәулік бойы жұмыс істейтін өндіріс орнында 59 адам тұрақты еңбек етеді.
Кәсіпорынның шикі газ өндіру қуаттылығы – жылына 550 миллион текше метр. Бірнеше сатылы өңдеу арқылы газ өндіретін компанияның жылына 440 млн текше метр тауарлық газ шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі «Қазгермұнай» БК» ЖШС күніне 703 мың текше метр шикі газ қабылдап, ұлттық операторға 570 мың текше метр тауарлы газ тапсырып отыр. Өндіріс орны орта есеппен 1 жылда облысқа 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ береді.
Бұлар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын болғандықтан өнімді тікелей сата алмайды. «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусіновтің айтуынша, газ бағасын Энергетика министрлігі белгілейді, жергілікті әкімдік пен тиісті орындар бақылауға алады.
Мамандар ілеспе газ шығынының басым бөлігі мұнайдың есебінен жабылып отырғанын айтады. Ал негізінен сұйытылған газ өндіру ісі – көп қаражат пен жұмысты керек ететін шаруа. Сондықтан біздегі көп компания осы күні шығынға ұшырап отыр. Қарапайым-ақ есепке жүгінейік, сұйық газдың 1 тоннасына Энергетика министрлігі қосымша құн салығынсыз белгілеген шекті баға 40 320 теңге болып тұр. Ал әр зауыттың қуаты мен ондағы құрал-жабдықтардың мүмкіндігін саралай келгенде 1 тонна сұйық газды өндірудің өзіндік құны 50 000-72 000 теңге аралығында қалыптасады. Осыдан да компаниялардың өндіріс пен жабдықты жаңартуға жұмсайтын шығындары өтелмейді. Жанармай құю бекеттеріндегі арзан газдың екінің бірі сезіне бермейтін осындай астары бар.
«Автокөлік жүргізушілері есебінен тұтынушылар жыл санап көбейе түскенімен де өндіріс көлемінің артпай отырғанының бір себебі – осы. Тағы бір мәселе – жер қойнауын пайдалану бағытында бай тәжірибесі, қолында қыруар ресурсы бар инвестор сұйық газ өндірісіне көп қызыға қоймайды. Біз сияқты компаниялар мұны әлеуметтік міндеттеме ретінде орындап отыр. Сондықтан бұл салаға көңіл бөлген жөн», дейді «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.
Жер астындағы қазына да кенеусіз емес. Мұны айтып отырған себебіміз, соңғы уақытта облыста мұнай өндіру көлемі жыл сайын 1 млн тоннадан кеміп келеді. Соған байланысты ілеспе газ өндірісі ауқымы да азайып отыр. Сондықтан кәсіпорын былтыр «Оңтүстік Ақсай» табиғи газ қорын ашты. Жаңа кен орнынан жылына 100 млн тонна өнім өндірілуі мүмкін.
Энергетика министрлігі еліміздегі сұйытылған газ өндіретін 9 зауыт жұмысына мониторинг жасапты. Министрлік өкілдері шекті баға кәсіпорындар мүмкіндігін шектеп отырғанын жоққа шығармайды. Бұл, ең алдымен, өндіріске инвестиция тарту ісіне кедергі келтіреді. Инфрақұрылымды жетілдіріп, газ өңдеу кәсіпорындарын уақтылы жөндеуге де қолбайлау болады. Сондай-ақ кадр мәселесіне көлеңкесін түсірмей қоймайды. Осы күннің өзінде талай білікті маман жоғары жалақысы бар басқа салаға ауысып кетті.
– Осы мәселелер шешімін табуы үшін, ең алдымен, өндіруші кәсіпорындар ұсынысын ескергеніміз жөн, – дейді Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бақытжан Таубаев. – Сұйытылған мұнай газын өндіру рентабельсіз болғандықтан сала жұмысында іркіліс көбейіп тұр. Мұндай жағдайда жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу, жаңғыртуға қаражат салу оңай емесі тағы белгілі. Осының салдарынан көптеген өндіріс орнының тоқтап қалуы жиіледі.
Министрлік қазір салада қалыптасқан проблемаларды реттеудің амалдарын қарастырып жатыр. Олардың айтуынша, алдағы уақытта Үкіметке мәселенің өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді шешімі ұсынылады.
Қызылорда облысы