Былтыр дәл осы уақытта Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталып, ресми тіркелген партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына дайындықты пысықтап жатқан болатын. Саяси ұйымдар да, өзін-өзі ұсынған үміткерлер де үгіт-насихат кезінде сайлаушыларды сендіріп, өз мүмкіндіктерін сездіріп, бағдарламаларын жария етті. Қарапайым тілмен айтқанда, уәде берді. Уәде – шыншылдық пен әділдіктің бауыры. Ал уәдені орындау – адами қарым-қатынастың маңызды бөлігі. Бүгінде жыл бұрын сайлаушыларға берген уәденің қаншалықты орындалғанын немесе жүзеге асырылу барысын жұрттың білгісі келетіні анық.
Түркістан облысы өткен жылғы саяси додада еліміздегі ең көп сайлаушы тіркелген өңір ретінде аталған болатын. Яғни былтыр сайлаушылардың тізіміне 1 миллион 168 мыңнан аса адам енгізілген-ді. Былтыр наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы науқанында «Amanat» партиясы облыс бойынша сайлаушылардың 56,9 пайыз дауыс жинады. Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мандат саны 338 болса, соның 269 мандатын, яғни облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының 80,2 пайызын аталған партияның өкілдері иеленді. Сондықтан болар өңірде бұл саяси ұйым белсенді. Депутаттық корпус өкілдерінің жұмыс тиімділігі партия қабылдаған сайлауалды бағдарламаны іске асыру нәтижелерімен және сайлаушылар білдірген өтініштердің орындалуымен бағаланатыны мәлім. Бұл орайда Түркістан облыстық мәслихатындағы «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бүгінге дейін сайлаушылардан келіп түскен 1 748 өтініштің 97 пайызы оң шешімін тапқанын айтады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Президент Жолдауында «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» екенін айтты. Біздің мақсатымыз да нақты да нәтижелі істі көрсету. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картамызда облыс көлемінде алдағы бесжылдық мерзімде атқарылуға тиіс жұмыстар түгел қамтылды. Халықтың сұранысын зерделеп, оларды жергілікті атқарушы биліктің бағдарламалық жоспарларымен үйлестіре отырып, мәні мен мазмұнына, міндеті мен межесіне сай топтастырып кешенді жоспарын түздік. Партия филиалы қабылдаған Жол картасы облыс үшін маңызды 4 негізгі бағытты қамтиды. Бесжылдық кезеңде 136 индикатор бойынша 542 іс-шараны атқару жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен 119 атаулы іс-шара тармақтарының 108-і толықтай жүзеге асып, жоспарды іске асырудағы орындаушылық тәртіптің деңгейі 90,7 пайызға жетті. Жол картаның орындалуын нақтылы сандармен сөйлететін болсақ, жоспарда қамтылған міндеттер аясында өңірімізде 57 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде инновациялық жобалар ретінде керамзитті кірпіш өндіру, алюминий профильдер шығару ісі жолға қойылды. Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген облысымызда жаңадан 9 тауарлы-сүт фермасы, 9 мал бордақылау алаңы, 6 жылыжай кешені және 6 балық өсіру фермасы іске қосылды. Ашылған жұмыс орындарының саны мың бірлікке артты. Жалпы көлемі 853,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 5 150 оқушыға арналған 20 мектеп, Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» кешені, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында спорт кешендері салынды. Өңірдің туристік тартымдылығын кеңейтуде 2 заманауи қонақүй кешені, 2 емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылды. Партия ұйытқы болған «Туған жер» арнайы жобасы бойынша меценаттардың есебінен 127 қоғамдық маңызға ие нысан салынып, техникалық жаңартуды қажет ететін 86 нысан жөндеуден өтті», дейді Алтынсары Үмбетәлиев.
Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облыста 326,1 мың шақырым автомобиль жолдары жөнделіп, 44 елді мекен газбен, 20 елді мекен ауызсумен қамтылған. Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы іске қосылды. Кентау қаласында 55 көпқабатты тұрғын үй модернизациядан өтті. Облыс бойынша 85 мектептің қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылған. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтуда Келес, Созақ, Сауран, Ордабасы, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласында 8 өрт сөндіру бекеті салынды. Өңірде былтыр құрылған 133,6 мыңға жуық жаңа орындарының 93,4 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс. Фракция жетекшісінің айтуынша, «Жер аманаты» жобасы бойынша облыста 2022 жылы 1 млн-нан астам гектар жайылым ортақ игілікке, былтыр 335 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр мемлекеттен бөлінген мақсатты 19,7 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан 16 аудан, қаладағы 64 ауылдық округте жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашылықтары құрылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда егін, мал шаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру ісі жолға қойылған. Өндірістік кооперативтердің құрал-жабдықтарын жаңарту бастамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ауыл-аймақтарда 12 650 адамды оқыту курстарына қамту жоспарланса, нақты 14 600 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылып, жылдық жоспар артығымен орындалған. Сондай-ақ саяси ұйымның белсенділігімен өңірде «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» жобалары жүзеге асырылып келеді.
– Партия айқындаған ең негізгі басымдықтың бірі – тұрғындармен нәтижелі кері байланыс арнасын түзу. Былтыр партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 13 287 арыз-шағым келіп түсті. Азаматтар сұраныстарының 63,2 пайызы оң шешімін тапса, 35,2 пайызына заң аясындағы кеңестер берілді. Ал 219 өтініштің қаралу мерзімдері нақты белгіленіп, орындалуы бақылауға алынған. Облыстағы партиялық алаңдарда 3 мыңнан аса қабылдау жүргізіліп, оларға 10 мыңнан аса адам жүгінді. Сонымен қатар, шалғай елді мекен тұрғындарының сұраныстарын тыңдауда 216 мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, 1 084 азаматтың арыз-талаптары тыңдалды. Олардың тең жартысы шешімін тапса, қалғандарына заң аясында кеңестер берілді. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша айына екі мәрте құқық қорғау органдары өкілдерінің, заңгерлердің, адвокаттардың, сот орындаушыларының қатысуымен ашық есік күндерін өткізу, жеке қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Осы форматтағы 470 қабылдау жүргізіліп, 1 080 азаматтың мәселелері қаралды. Арыздардың 65 пайызы оң шешімін тапса, 35 пайыз кәсіби құқықтық кеңестер берілді. «Халыққа көмек» жобасы шеңберінде 443 қабылдау өткізіліп, 1300 азаматтың жеке мәселелері қарастырылды. Келушілердің 64 пайызының мәселелері оң шешімін тапты. Партиялық филиал жанындағы қоғамдық кеңестердің 132 отырысы өткізіліп, 210 мәселе қаралды. Қаралған тақырыптар аясында мемлекеттік органдарға 432 ұсыным жолданып, олардың орындалуы партия назарында болды. Жол картасына енген нысандардың құрылыс алаңдарында 50 партиялық бақылау бекеті қойылып, анықталған 21 кемшілік партияның ықпал етуімен түзетілді, – дейді Түркістан облыстық мәслихатындағы «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.
Қоғамға мейлінше ашық болып, сайлаушылармен байланысты нығайту мақсатында облыстық партия филиалы жанынан брифинг алаңы ашылған. Бекітілген кестеде мәслихат депутаттарының және аудан, қалалардың мәслихат төрағаларының қатысуымен 49 брифинг өтіп, партия айқындаған басымдықтардың жүзеге асырылу барысы таразыланған. Сондай-ақ фракция жетекшісінің айтуынша, «Жастар рухы» жастар қанаты бірқатар маңызды жұмыс атқарды. Студенттік жатақханалардың ахуалына мониторинг жүргізілген.
Түркістан облысы