Қазақ пен өзбек қарым-қатынасын жақындататын ортақ құндылық көп. Өйткені екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Бүгінде тарихы тамырлас халықтардың мызғымас достығы мемлекеттерді бір мақсат пен мүдде жолына тоғыстырып отыр. Тату көрші, сенімді серіктестікке негізделген берік қарым-қатынастың арқасында бауырлас елдердің арасындағы ортақ келісім де көбейіп келеді.
Кеше елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және мемлекет басшылығымен келіссөздер өткізді.
Келіссөздерден кейін баспасөз өкілдерімен тілдескен министрлер ортақ келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге алғаш ресми сапармен ат басын тіреген өзбекстандық әріптесі мен делегация мүшелеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, мәні зор мұндай кездесулер бекем достықтың жарқын көрінісі мен сындарлы диалогтің жалғасына айналып келеді. 2022 жылы қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар және шекараны демаркациялау туралы тарихи шарттар қазақ-өзбек байланысының жаңа тұғырнамалық парағын ашты.
М.Нұртілеу: «Бахтиёр Саидов мырзамен шағын және кеңейтілген құрамда дәстүрлі достық, өзара қолдау мен сенім рухындағы келіссөздер өткіздік. Біз ықпалдастығымыздың тың бағыттарын айқындап, іргелі міндеттерді мақсат етіп отырмыз. Биыл өтетін жоғары деңгейдегі сапарларға, Мемлекет басшыларының көпжақты форматтағы кездесулеріне ерекше назар аударылды. Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын ортаға салдық. Сауда, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты талқыланды», деп атап өтті.
Қазақстан Өзбекстанның үштікке кіретін ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін жеткізіп, соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 млрд доллардан асқанына тоқталды. «Өнеркәсіптік кооперация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда жалпы құны 156 млн долларды құрайтын 12 бірлескен жоба іске қосылды. Бұған қоса құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны қарастырып жатырмыз. Алдағы белестердің бірі – осы алған екпінді жоғалтпай, екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Қазақ-өзбек шекарасында Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын қосу осы мақсатқа бағытталған. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізудің маңыздылығын да бөлек атап өту керек», деді М.Нұртілеу.
Министрдің сөзінше, Орталық Азия аймағы тұрғындарының көкейінде жүрген маңызды мәселе – су-энергетикалық кешені төңірегінде де пікір алмасып, шешу жолдары секілді басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланған. Бұл бастамаларға сыртқы саяси ведомстволары тарапынан қажетті қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін тілге тиек етіп: «Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа темір жолдарды салу жобалары ерекше назарға алынған. Өз кезегінде шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңілдету бағытында нақты қадамдар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақ тарапы бұл мәселелерде ортақ мүдде тұрғысынан қарап, өзіміздің мүддемізге сәйкес шешуге дайын екендігімізді атап өттім. Шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңілдету бағытында бірнеше ұсыныс берілді. Оның ішінде шекарадан өту пункттерінің санын арттыру, жаңа жол салу мәселелер секілді көптеген нақты сұрақты талқылап, жақын арада тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік», деді М.Нұртілеу. Сондай-ақ ол қазір елімізде 500 мыңға жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 800 мыңға жуық қазақ қоныс тепкен. Олардың барлығы екі елді одан әрі жақындастырып, қос халықтың ортасындағы алтын көпірге айналып отыр.
Өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов тамырлас елдердің туыстық әрі достық қарым-қатынасын жоғары бағалады. Тығыз байланыс әрі қарай жалғасын таба беретініне сенім білдіре келіп, қазақ-өзбек экономикалық және сауда қатынастары қарым-қатынасымыздың маңызды бағыттары саналатынын айтты. «Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіміз. Соңғы жылдары өзара тауар айналымы екі есе өсті. Көп ұзамай біз бұл көрсеткішті тағы 2-3 есеге арттырудың жолын қарастырдық. Былтыр қараша айында Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қосылған құн тізбегін құру арқылы жаңа нарықтарды бірлесіп ашуға және оларға бәсекеге қабілетті өнімді экспорттауға мүмкіндік береді», деді Өзбекстан министрі. Оның айтуынша, екі елдің көлік және транзиттік әлеуетін арттыру да алда атқаруға тиісті өзекті міндеттердің бірі. Сондай-ақ шекаралас өңірлерде орналасқан өткізу пункттерін жаңғырту, өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, кедендік және басқа да қызметтерді цифрландыру мәселелері ортақ шешімді қажет етеді. Климаттың өзгеруі су ресурстарын пайдалану мәселелерін жаңаша көзқараспен қарауға алып келді. Сондықтан кездесу барысында Орталық Азиядағы трансшекаралық өзен суларын ұтымды басқаруда заманауи технологияларды енгізуге, Халықаралық Аралды құтқару қорының құқықтық және құрылымдық негіздерін нығайтуға баса назар аударылған.
Мәдени-гуманитарлық байланыс өзбек-қазақ қатынастарының негізі саналатынын айтқан Бахтиёр Саидов: «Былтыр маусым айында Өзбекстанда қазақ мәдениетінің күндері салтанатты түрде аталып өтсе, биыл Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндерін ұйымдастырамыз» деді. Қос халықтың ежелден келе жатқан бір-біріне туыстық қолдауы, сенімді серіктестігі туралы мысал көп екенін жеткізіп, бұл болашақта да екі мемлекеттің тұрақты әрі қарқынды дамуына қызмет ете беретінін айтты. Сөз соңында ол Қазақстан делегациясын Өзбекстанға шақырып, дәстүрлі қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді.