Жиырма жасында бозкілемде жарқылдаған Еламан Баимов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын атқарып жүр.
«Алақандай ауылда бір үйдің баласындай бауырмал өскен ел-жұрттың берген ақ батасы күш-қуат беріп, жігер сыйлайды», деп бастады сөзін кейіпкеріміз. 2008 жылы Бейжің қаласында жазғы олимпия ойындары өтті. Төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде грек-рим күресінен ел намысын Еламанның ауылдасы Әсет Мәмбетов қорғайды. Ауыл жұрты әлемдік деңгейде бозкілемде белдескен балуанның бұған дейінгі әрбір жеңісіне де балаша қуанатын-ды. «Тайлы-тұяғымызбен көгілдір экраннан жерлес спортшының бозкілемге шығар сәтін асыға күттік. Әсет аға үшін тақымын қысып, «ақұдайлаған» ағайынның ішінде қара домалақ біз де жүрдік. Әсет ағаны жүлдегер тұғырынан көрген шақта төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Алтыншоқының ғана емес, мұқым Алаш елінің намысын қорғаған олимпиаданың қола жүлдегеріне мен секілді барлық бала еліктедік. Үлкендер де біздің күш сынасқанымызды қызық көріп, «Қанеки, Әсеттің ізін басатын кім бар?» деп белдестіріп жіберетін. Біз де білек түре кірісетінбіз», дейді білекті сарбаз.
Кейіннен грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Әсет Секенұлы туған аулына ат басын бұрып, жергілікті жұртпен кездеседі. Сол кездесуде ауыл мектебіне бозкілемге қажетті құрылғыларды сыйға тартқан. Осылайша, мектепте күрес үйірмесі ашылып, бұдан былай балалар далада емес, нағыз балуандар секілді бозкілемнің үстінде дайындалатын күнге жетті. Бұл уақытта біздің кейіпкеріміз 3-сынып оқушысы екен. Күреске деген қызығушылығы осылай басталған Еламан Баимов спорттың осы түрін жанына серік етеді. Білікті бапкердің алдын көрген ол Семей, Ақтөбе қалаларында ұйымдастырылған сайыстарда бақ сынайды. «Сүйікті әдісім – жамбасқа салу. 9-сыныптан кейін Алматы қаласындағы Авиация академиясының колледжіне техник-электрик мамандығына оқуға түстім. Мамандығым техник-электрик болғанымен, ұшақтың қыр-сырын меңгердім. Колледжде оқып жүріп те күрестен қол үзбедім», дейді ол. Бозкілемде бір аунаса мауқы басылмайтын сарбаз – бүгінде күрестен спорт шеберіне үміткер.
Әскери бөлімде жүрсе де, спортты жанына серік еткен жауынгер: «Бұл жерде спорт түріне барлық жағдай қарастырылған. Бос уақытымды спортзалда өткіземін. Жауынгерлік жасақ қатарында көше тәртібін күзетемін. Сарбаз үшін спорт аса қажет. Өйткені қызмет барысында тәртіп бұзушы қарсылық білдіріп, қол көтерген жағдайда тойтарыс беру қажет», дейді. Сондықтан әскери бөлімде жаяу жасақ құрамындағы сарбаздарды жекпе-жек ұрыс-тәсілдеріне үйретеді. Ондай кезде Еламан грек-рим күресінде қолданатын әдіс-тәсілдердің қиюын келістіріп, жекпе-жекке ыңғайлап алады. Болашақта мамандығы бойынша жұмыс істеп, отандық әуе саласының әлеуетін арттырғысы келетінін айтқан ол: «Жоғары білім алып, боз кілемде белдесуді тоқтатпаймын. Дәулет Тұрлыханов, Әсет Мәмбетов ағалардай өскен өңірдің өскелең ұрпағын спортқа баулығым келеді», деп ағынан жарылды. Біз арманы асқақ, мақсаты биік шымыр білекті жауынгердің бағындырар белесі көп болуын тіледік.