• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жемқорлық 26 Ақпан, 2024

Жемқорлыққа қарсы күрес санадан басталады

154 рет
көрсетілді

Жемқорларға жазаны арттырып, айыппұл мөлшерін өсір­ге­німізбен, елдің қаржысын қал­таға басатындардың са­ны азайған жоқ. Керісінше, шенді-шекпенділердің әдеті қол ­астындағы қызметкерлерге жұқты ма, осы күні түйені түгімен жұта­тын­­дардың есебі естен тандыратын күнге жетті. Қоғамдық сана­дағы қауіпті құбылысты жауап­кер­шілікпен жүгендеу мүмкін емес­тігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Сондықтан құзыретті органдар жемқорлықпен күресте мәдениетті қалыптастыруды қолға ала бастады. Себебі ар мен ұяттың құнын түсінетін адамда жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция қалыптасады.

Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйым­дас­тырған екі күндік оқыту семинарында аймақтардан келген жүзден астам қатысушы жемқорлыққа қарсы заңнама, академиялық адалдық қағи­даттарын енгізудің тәжірибелік құ­­ралдары туралы мәлімет алды. Сон­дай-ақ қатысушыларға мотива­ция­лық сессиялар өткізілді. Олар­дың қатарында жоғары оқу орын­да­рының, оның ішінде Ішкі істер және Қорғаныс, Төтенше жағ­дай­лар министрліктерінің, Бас про­ку­ра­ту­раның Құқық қорғау органдары ака­демиясының оқу орын­да­рының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пәндерінің оқытушылары да бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, маңызды іс-шараның мақсаты – жастардың санасында тәрбиемен бірге жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру.

«Іс-шарада қатысушыларға жем­қор­лыққа қатысты жан-жақты мәлімет беріп қана қоймай, олар­дың да осы саланы жетілдіруге қатысты ой-пікір­ле­рін ортаға салуына мүмкіндік жасап отырмыз. Халықаралық деңгейде жастар арасындағы сыбай­ластыққа қарсы мәдениетті қалып­тас­ты­ру және құқық негіздерін түсіндіру тә­­жірибелерін тү­сіндіреміз. Қазір елдегі 90-нан астам университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мә­дениет негіздері» деген пән жүр­гізіледі. Былтырғы оқу жылында бұл пәнді 78 мыңға жуық студент оқып шыққан. Мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында жат әдетке қатыс­ты иммунитетті қалыптастырып, оның қоғамдағы зардабын жеткізу. Осы арқылы жастардың бойында адалдық пен парасаттылық құнды­лық­тарды қалыптастыру. Се­ми­нарға уәкілетті орган мен жо­ғары білім саласының мамандары спикер ретінде шақыртылды», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қыз­ме­тінің Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы мәдениетті қа­лыптастыру бас­қармасының басшысы Мирас Қарғабай. Сондай-ақ құзыретті орган­дар халықаралық стандарттардың бірі сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы білім беруге ба­ғыт­талған тәжірибені қа­лып­тас­ты­ру­ға ден қойып отыр. Осы­ған байланысты «GRACE» халық­аралық бастаманы енгізуге БҰҰ-мен бірге атқаруға ниетті. Бұл үшін мамандардың ғана емес, оқытушы құрамның да айтарына құлақ түру маңызды. Сондықтан семинар жұмысына БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сарапшысы Бьянка Копп, Вена қала­сындағы «Grace» бастамасының үй­лес­тірушісі онлайн қатысып, қазақ­с­тандық әріптестердің пікірін тыңдады.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің атынан спикер ретінде шақыртылған Руслан Тоқатов «Адамды түзетпей қоғам өзгермейді. Қоғамдық сананы дұрыс қалыптастырмай, қылмысқа қарсы күресті қолға алу қиын», дейді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұ­жы­рымдаманы жүзеге асырудың қадам­да­рын түсіндіріп, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар тура­лы ақпараттандыру маңызды. Оның ішінде сыбайластықты тоқтатуға бай­ланысты нақты қадамдар туралы айтқан спикер: «Заңды қатайтқанмен, адамның санасы түзелмесе, ештеңе өзгермейді. Сондықтан, ең алдымен, халықтың санасын оятуға жұмыс істеу керек. Қоғамдағы парасаттылықты дәріптеу, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды да қолдануды қолға алу қажет. Бүгін қатысушыларға блокчейн технологиясы туралы да түсіндіріп өтемін», деді ол.

Семинар аясында «Нархоз» универ­ситеті «GRACE» халықаралық бастамасын іске асыру тәжірибесін ұсынып отыр. Білім беру мен серіктестік қаты­настардың трансформациялық күшін пайдалана отырып, балалар мен жас­тар арасында жемқорлықтан бас тарту мәдениетін құруға бағытталған жұ­мыстың берері бар. Осы орайда оқыту семинарына қатысушылардың да пікірін тыңдап көрдік. Олардың ойын­ша, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жоғары оқу орнынан емес, отбасындағы тәрбиеден басталу керек.

Астана халықаралық университеті деканының орынбасары Жанат Сейілханов білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы пәнді өткізудің қыр-сырын түсіндіруге бағытталған іс-шараның берері мол екенін айтады. «Барлық аймақтан оқытушы құрам жиналдық. Уәкілетті органдардың тарапынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты жұмыстардың мән-ма­ңызы түсіндірілді. Оның ішінде ерік­ті­лердің жұмысы, хабарласқан адамдарды көтермелеу, субъектілерді қор­ғау секілді біраз ақпарат алдық. Жалпы, уни­верситеттердің арасында жүргізіліп жатқан семинар нақты ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған пәнді енгізіп, оны әрі қарай жетілдіріп, болашақ ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруді үйретіп жатыр», дейді ол. Спикер басқосуда талқыға түскен жемқорлыққа қатысты тұжырымдар мен ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты айтылғандардың дұрыс екенін алға тартты. «Мектеп пен университеттегі жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасындағы тәрбиеге аса мән берілгенде ғана жемісін береді. Қылмысқа қарсы иммунитет адамға тал бесіктен берілуге тиіс. Одан кейін өз ұлтымыздың өзіндік менталитетіне байланысты заңдар мен нормалар қабылдану керек. Мысалы, елімізде жемқорлар тапқан табысын жақындарына аударуға құмар. Бұл орайда жемқордың отбасына немесе ба­лаларына белгілі бір мемлекеттік жеңілдіктерден айырып тастау нормасы қолданылса деп ойлаймын», дейді Ж.Сейілханов.

Семинарға Есіл университетінен қатысқан Қайбар Мәниұлы: «Елде де әлемдік тәжірибедегідей жемқор­лық­тың алдын алуға аса көңіл бөлінеді. Қылмысқа қарсы іс-қимылдың басы – мәдениетті қалыптастыру. Бұл үшін тәрбиеге көңіл бөлу қажет. Бұл жұмыс университетте ғана емес, кез келген отбасында, кез келген ортада жүргізілуге тиіс. Жастардың санасына жемқорлық қоғамға зиян, болашағыңа балта шабу, еліміздің өркендеуіне тұсау салып, ұрпағымыздың жолын жабу екенін сіңіріп өсіруге көңіл бөлгеніміз дұрыс. Бұл жұмыс университетте ғана емес, балабақшадан басталғаны жөн», дейді.

Экономикасының көші алға кеткен көп елде жемқорларға берілетін жаза қатал. Мәселен, АҚШ-та парақорлық бабымен істі болғандар ақшаны үш есе үстемемен қайтарып қана қоймай, бар жиған-тергені мемлекетке өтеді. Ал өзі ұзақ уақыт темір торға қамалады. Жемқорларға жеңілдік жасалмайтын Қытай мен Иранда парақорлардың жазасы – өлім. Бұл елдерде ақша жымқыру отанға опасыздық ретінде қаралады. Сол себепті жеңілдетілген жазаны алған күннің өзінде, қолыңнан немесе саусағыңнан айырыласың. Сингапур секілді елдерде жемқорлыққа қатысты ұсақ қылмыс жасағандарды халықтың алдына шығарып сабап, артынан парақорлардың атын атап, түсін түстеп, қоғамдық жерлерге іліп қояды. Бұдан кейін болашақ ұрпағын ойлайтындар қарабет болмаудың қамына кірісетіні түсінікті. Сондықтан семинарда айтылғандай, алдымен тәрбиеге, одан кейін жазаға ден қойған артық етпесе керек. Әсіресе «әке-көкемен» көрініс табатын қылмысқа қылбұрау тәрбиенің тізгінін мықтап ұстағанда ғана жемісін береді.