Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы заңға қол қойды. Құжаттағы негізгі жаңашылдық қандай, бұл салада енді не өзгереді?
Әр мектептің лицензиясы болуға тиіс
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты қоғамда резонанс тудыратын мәселелер жиілеп кетті. Әрине, оның барлығын назарда ұстап, ретке келтіру үшін тәртіп керек. Заңды түрде қадағаланып, талаптар қойылуға тиіс. Осы орайда Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заң жобасы әзірленген еді. Президент жақында заңға қол қойды.
Білім сапасын жақсарту білім беру бағдарламаларын реттеумен ғана шектелмейді. Оқушыға қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру, білім беру жүйесін құрудағы күрделі мәселелерді жеңілдету, орын тапшылығын жою, артық жүктемелерді азайту, жемқорлықтың алдын алу сынды мәселелерді шешу де маңызды рөл ойнайды.
Аталған факторлардың барлығы дерлігі біздің қоғамда өзекті. Мысалы, биылғы оқу жылында республика бойынша 270 мың оқушыға орын жетіспеген еді. Жаңа мектептердің салынып, қолданысқа берілу қарқыны миграциялық және демографиялық өсімге ілесе алмай келеді. Жаңа қабылданған заңға сәйкес мектептер мен балабақшаларды қамтамасыз етпейінше, көпқабатты үйлер салуға болмайды.
Сондай-ақ заң аясында мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекешелендіруге тыйым салынды. «Өзгертулер мен толықтырулардың ішінде білім беру нысандарын жекеменшікке беруге тыйым салатын норма бар. Бұл өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік мектеп пен колледж мекемесі жекешелендірілмейді, дейді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов. Мұның мемлекеттік мектепке ғана қатысы барын айта кеткен жөн. Яғни бизнес өкілдері өздері жекеменшік мектеп сала алады. Оған еш кедергі жоқ. Алайда лицензия алу жағы бұрынғыдай болмайды. Бұған дейін мектеп иелері бірінші мекемеге лицензия алып, соны кейін ашылғандарына да пайдаланып келген еді. Ендігі өзгерістерге сәйкес әрбір мектептің өз лицензиясы болуға тиіс. «Білім беру ұйымдарын лицензиялау бойынша жаңа нормалар ұсынылды. Біз қалалардағы бір заңды тұлғаның 5 мектеп ашып, бірақ бірінші мектепке ғана лицензия алып, қалғандары сол лицензия бойынша жұмыс істеп жүргендеріне куә болудамыз. Сондықтан, әрбір білім беру ұйымына бөлек лицензия алу, яғни әрқайсысына қажетті жағдай жасау бойынша норма енгізілді», деді депутат.
Заңдағы жаңа өзгерістерге сай, колледждер мен мектептер ақылы қызметтерден түскен табысты өз дамуына жұмсауға құқылы.
Қауіпсіздік қадағаланады
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде 7 687 жалпы білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 52 мектеп – апаттық жағдайда, 300-ден астамы заманауи талаптарға сай келмейді. Негізінде жыл сайын әрбір мемлекеттік мектепке республикалық бюджеттен қаржы қарастырылады. Бұл ақшаны білім беру мекемелері сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, орта білім беруді жаңарту мен мұғалімдерді даярлау сынды шығындарға жұмсайды. Алайда барлық мектеп бірдей жағдайда емес. Әсіресе ауылдық жерлерде мекеменің жабдықталуы жағынан кемшілік көп. Сыныптар, спорттық жабдықтар үнемі жетіспейді. Тіпті химия, физика немесе биология сияқты сабақтарды айтпағанда, жаттығу залы жоқ мектептер бар. PISA зерттеуінше, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі оқушылардың білім жетістіктеріне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты жаңа заң бойынша 30 жылдан астам пайдаланылған мектеп, балабақша және колледж ғимараттары әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексерілетін болады. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, көпқабатты ғимараттардың терезелері арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен жабдықталуы міндеттелді.
Басшылыққа берілетін басымдық
Заңда тағы бір ерекше өзгеріс бар. Ол білім беру ұйымдары басшыларының бекітілген штат саны шеңберінде штат кестесін өзгерту құқығына қатысты. Енді директорлар қажет маманды тиімсіз кадрды алмастыру арқылы штат кестесіне сай қабылдай алады. «Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Бүгін білім беру ұйымдары үшін типтік штаттар бекітілген, яғни сыныптардың санына байланысты мекемеде осыншама орынбасар, есепші болу керек деп бекітіледі. Бірақ мекеме басшысында осы штаттарды тиімді пайдалану үшін қажеттілігі жоқ лауазымды, керегіне алмастыруға дербестігі жоқ. Сондықтан заң жобасында бекітілген штат санының шеңберінде, штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы беріледі. Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штатқа байланысты мектеп директорында 7 орынбасары болу керек болса, ол орынбасарларының санын азайтып, мысалы 4 орынбасарды қалдырып, үшеуінің орнына психолог, әлеуметтік педагог немесе заңгер сияқты қажетті қызметкерлерінің лауазымдарын енгізе алады. Білім бөлімімен штат кестесін келіскенде мұны жылына бір рет жүзеге асыра алатын болады», деп түсіндірді А.Аймағамбетов.
Ал Республикалық физика-математика мектебі немесе Білім инновация лицейі сияқты желілік мектептерге қатысты, оларға арнайы басты ұйымға барлық қызметті үйлестіруге, жалпы бағдарламаны енгізуге, кадрларды басқаруға, біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін нормалар бар.
Заң жобасында әкімдіктердің жауапкершілігін бекіту туралы да бірнеше нормалар қарастырылған. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі кезде балабақшаларды, мектептерді, колледждерді басқару, тағайындау, қаржыландыру және әкімшілендіру мәселелері әкімдіктердің қолында. Сәйкесінше, әкімдіктердің білім сапасын қамтамасыз ету жауапкершілігі заңмен бекітілді.
Орынсыз олқылықтар реттеледі
Елімізде лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдану үшін емтихан тапсыру міндетті болатын. Енді бұл ереже өзгереді. Шынымен алты жастағы баланы емтиханмен іріктеу тиімсіз. Сондықтан бірінші сыныпқа қабылдау үшін емтихан өткізуге заңмен тыйым салынды. «Біріншіден, бұл норма дайындық деңгейіне қарамастан, мектепке қабылдау кезінде балаға қойылатын шектеулерді алып тастайды. Бастапқы білімді игеруге, танымдық қабілеттер мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға тең мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Екіншіден, психологиялық күйзеліс, жағымсыз тәжірибе жойылады. Өйткені емтихан баланың психоэмоционалдық жағдайын нашарлатуы, денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге ата-аналар енді сынақ нәтижесін күтіп уайымдамайды әрі балаларды мектепке қабылдау рәсімінің қоғамдық резонансы болмайды. Бұл өзгерістер алдағы оқу жылында 1-сыныпқа қабылдағанда енгізіледі», деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Білім беру саласында жемқорлық дендеп кеткені белгілі. Мектеп директорларының, есепшілерінің, білім басқармасы қызметкерлерінің былықтары әшкере болғаны туралы ақпараттарды жиі көзіміз шалады. Мамандар тарапынан ақша бермесең, жұмысқа алмайды дейтін пікірлерді де көп естиміз. Енді заңға сәйкес жемқорлықты азайту мақсатында баланы кезекке қою, балабақшаға орналастыру, сондай-ақ білім саласы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау, аттестаттау үрдістері бірыңғай ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылады.
Оқу-ағарту министрлігі балаларға қауіп төндіретін негізгі себептердің бірі ретінде әлеуметтік желінің теріс әсерін атап көрсетіпті. Расында қазір білім алушылардың әртүрлі ақпаратқа сеніп, алданып қалуы оңай. Интернеттің жасөспірімдердің сана-сезімін қалыптастыруға айтарлықтай әсер етіп жатқанын көріп те жүрміз. Сондықтан заң білім беру ұйымдарында діни және басқа зиянды ақпараттың таралуына жол берілмеуге бағытталған нормамен толықтырылған.
Сонымен қатар қоғамда қызу талқыланған сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы шешім де жобаға енгізілді. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Бала телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Сабақ кезінде білім алушы тек оқуға көңіл бөлуі керек.
Бұған қоса девиантты мінез-құлқы немесе мектепішілік есепте тұрған балаларды қосымша біліммен проактивті түрде ата-аналарының өтінішін күтпей-ақ секциялар мен үйірмелерге қабылдау туралы норма қабылданды.
Колледжде не өзгереді?
Қабылданған заңда колледждерге де қатысты жаңа нормалар бар. Атап айтсақ, дуалды жүйе бойынша білім алушыларды өндірістік кәсіпорындарда практикадан өту кезінде ықтимал өндірістік жарақаттардан және тәуекелдерден ерікті негізде сақтандыру құқығын беретін норма қабылданды. Колледждерді лицензиялауды жеңілдету бойынша да норма енгізілді. Енді лицензия біліктілік бойынша емес, жалпы мамандықтар бойынша беріледі.
Сонымен қатар заңда жоғары оқу орындарына дипломмен қоса, түлекке алған құзыреттіліктері туралы қосымшаны беру құқығы қарастырылған.
«Біздің колледждер мен университеттер оқуды аяқтаған студенттерге диплом мен әр пән бойынша бағалары көрсетілген қосымша ақпаратты береді. Бірақ ол бүгінгі таңда жеткіліксіз ақпарат. Осыған орай, қазір берілетін диплом мен транскриптке қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құжат беру құзыреттілігі де жобада қарастырылып отыр», деді Мәжіліс депутаты А.Аймағамбетов.
Технологиялардың дамуына байланысты онлайн оқу форматы тәжірибеге енгізіле бастады. Дегенмен зерттеулерге сүйенсек, педагогикалық, медициналық, фармацевтикалық мамандықтар бойынша онлайн білім алудың қаупі бар. Сондықтан заңда колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтықтан білім алуға тыйым салынды.
Заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қоғамдағы қордаланған мәселелерден туып, қабылданып отыр. Мәжіліс депуттатары Үкімет отырысында күн тәртібіне қойып, қозғаған кейбір проблемалар заң жүзінде осылай шешімін тапты.