Елордалық басылымда жүргенде «Астана Опера» театрының айтулы дирижері, белгілі музыкант Абзал ағамыз туралы жазып едім. Содан бері де сырғып біраз жыл өтті. Бірақ ол кісі соны ұмытпапты. Көргенде жылы шырай танытып, ілтипат көрсетті. Осы жақындық бүгінгі әңгімемізге себеп болып, бірден шүйіркелесіп кеттік.
– Абзал Мирасбекұлы, кез келген өнердің қиындығы мен қызығы бар. Соның ішінде дирижерлік өнер құпияға толы секілді. Жалпы, дирижерлік қабілет адамға қона ма, әлде ол оқу-тоқумен келе ме?
– Сіз айтып отырған екі пікірмен де келісемін. Адам тумысынан бір өнерге бейім болатыны анық. Егер оны есейе келіп, дамытса, талантын ұштаса, соның биігіне шығады. Дирижерлік өнерде солай. Бірақ кәсіби дирижер болу үшін талант, қабілет қана емес, ұшан-теңіз білім керек. Талмай еңбектену қажет. Өйткені оның жауапкершілігі жоғары.
Жалпы, музыка мен математика – бір-біріне өте жақын сала. Өйткені музыка да математика секілді нақтылықты ұнатады. Нота – музыканттардың заңы. Мұнда бәрі анық жазылған. Мысалы, ер әншінің дауысы үш түрге бөлінеді: біріншісі – тенор, екіншісі – баритон, үшіншісі – бас. Тенор – әншінің ең жоғары дауысы. Музыкалық талғамы жоғары елдер тенорларды ерекше бағалайды. Әйел әншілердің де дауысы үш түрге бөлінеді. Мұны дауыстың ерекшелігі деп білеміз. Сол секілді музыкалық дыбыстар да әртүрлі болады. Оркестрдің дыбысын толығымен дирижер ғана біледі. Сонымен бірге ол әншінің дауысын оркестрмен әрлеп, бояу қосады. Бір жағынан мен дирижерді көктегі қыранға теңер едім. Өйткені қыран биіктен жердегінің бәрін көреді. Дирижер де солай. Мысалы, музыкант өзі ойнайтын партиясын ғана білсе, дирижер оркестрдегі әр аспаптың дыбысын сезінеді. Дирижер ағылшын тілінен аударғанда «кондуктор» деген мағына береді. Қазақша айтқанда, жолбасшы, жетекші деген ұғымға жақын. Өйткені дирижер композитордың шығармасын жүрегінен өткізіп, байытады. Музыканттармен тіл тауып, сөйлеседі. Кез келген мәселені тез шешеді. Бейнелеп айтсам, дирижердің миы компьютер секілді жұмыс істейді. Оны ғылымда психофизика дейді. Мұндай қабілет көп адамның бойында жоқ. Өзім дирижерді ғарышкерге ұқсатамын. Өйткені олар ғарыш кеңістігінен жердегі құбылыстың барлығын карта арқылы көреді. Біздің картамыз – партитура.
Музыкада соло және тутти деген ұғым бар. Солода әнші туындысын жеке дауыста айтса, туттиде шығарманы оркестр немесе хордың толық құрамымен орындайды. Мәселен, дирижер оркестрдегі әр музыкалық аспаптың балансын ұстайды. Әр заттың өлшемі бар ғой. Сол секілді музыканың да өлшемі бар. Үйлесімі болады. Мұның бәрі – мектеп. Бірден оны білу мүмкін емес. Бұл еңбекпен, тәжірибемен келеді. Репетицияда біз музыканттармен сөйлесеміз, ескерту жасаймыз. Концерт басталғанда ондай мүмкіндік болмайды. Енді дирижер қимылмен, таяқшамен жұмыс істейді. Тіпті музыканттармен көзбен тіл қатысады. Жалпы, дирижерлердің деңгейі әртүрлі болады. Біреуінің техникасы жылдам болса, екіншісінің шығармашылық шеберлігі жоғары.
– Өзіңіз бала күніңізден дирижер болуды армандадыңыз ба?
– Жоқ, мен композитор болсам деп армандадым. Өйткені жас күнімнен өнерге жақын болдым. Музыкалық мектепте оқыдым. Сол мақсатпен ауылдан Алматыға келдім. Музыкалық училищенің «хор» бөліміне түстім. Бірінші курста алғаш рет симфониялық оркестрдің концертін көріп, ғажап әсер алдым. Әсіресе оркестр дирижері Төлепберген Әбдірәшевтің сахнадағы қимылы ерекше ұнады. «Сондай дирижер болсам» деп ойладым. Училищеде «хор» және «вокал» бөлімінде қатар оқыдым. Төртінші курста ұстаздарым «Дирижерлік пен вокалдың бірін таңда» деген ұсыныс айтқанда, бірден дирижерлікті қаладым. Одан соң әскерге кеттім. Әскерде де оркестрге дирижерлік етіп, біраз тәжірибе жинадым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның опера-симфониялық бөліміне түскім келді. Бірақ Мәскеу консерваториясына түсуге жоғары білім керек екен. Менікі арнаулы орта. Амал жоқ, Алматыға келіп, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның «Хор» бөліміне түсіп, белгілі дирижер Базарғали Жаманбаевтың класына қабылдандым. Ол мені алғаш көргенде: «Бала, сені оркестр отыратын орыннан көріп тұрмын. Мықты дирижер болам десең, шет тілін меңгер. Оны білмесең алысқа бармайсың. Сосын жадыңмен жұмыс істеп үйрен», деп Пушкиннің «Е.Онегин» романын жаттауға берді. Екі жылдан кейін консерваторияда опера-симфониялық бөлім ашылып, соған қосымша тағы түсіп, бас-аяғы аталған оқу орнында сегіз жыл оқыдым.
– Осы өнердің қыр-сырын үйреткен ұстаздарыңызға тоқталсаңыз?
– Консерваторияда сабақ берген Базарғали Жаманбаев ағамыздан көп тәлім алдым. Мен үшін ол кісінің орны бөлек. Теориялық білімімді жетілдіріп, өнерімді ұштады. Тәжірибемді молайтты. Одан кейін де Нұрлан Жарасов, Валерий Руттер секілді танымал дирижерлерден дәріс тыңдадым. В.Руттер Германияаға кетіп бара жатқанда маған біраз дүние үйретті. Сондай-ақ ұстаздарымның ішінде өзім ерекше қадірлейтін тағы бір тұлға бар. Ол – атақты дирижер Фуат Шәкірұлы Мансұров. Бұл кісінің есімі елімізге ғана емес, көптеген шет мемлекетке танымал. Ф.Мансұровтың қазақ өнеріне қосқан үлесі мол. Алматыдағы симфониялық оркестрдің негізін қалады. Біраз жыл қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижерлік етті. Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері болды. Осы оркестрмен Италия, Германия, Польша және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің мерейін өсірді. Кейін Мәскеудегі Үлкен театрының дирижері болып, ұзақ жыл қызмет атқарды. Өте талантты адам. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Спорт шебері. Сонымен бірге физика және математика ғылымдарының кандидаты. Фуат Шәкірұлымен соңғы рет Ресейдегі Зеленоград қаласында кездестім. Сонда ол маған өзінің жетекшілігіндегі оркестрге дирижерлік етуді ұсынды. Жеңіс мерекесінің қарсаңы еді. Біз қала тұрғындарына «Прощание славянки» маршын ойнадық. Музыка аяқталғаннан кейін даңқты дирижер сахнаға шығып: «Бала күнімде оркестрмен Алматыда Панфилов дивизиясын әскерге шығарып салдық. Сонда осы маршты ойнадық. Одан бері қаншама жыл өтті. Әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Мәскеуді жаудан қорғаған Панфиловшылар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгін сол маршты тағы тыңдап, толқып тұрмын.Сіздердің алдарыңызда оркестрге менің шәкіртім дирижерлік етті», деп батасын берді. Содан көп ұзамай ол кісі дүниеден озды.
– Еліміздегі дирижерлік мектеп туралы не айтасыз?
– Дирижерлік мектептің тарихы өткен ғасырдан басталады. Көрнекті композитор, өнер зерттеушісі Ахмет Жұбанов 1934 жылы алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблінің негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырды. Ол осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторының туындыларын оркестрге лайықтап, нотаға түсірді. Сондықтан отандық дирижерлік мектептің басында Ахмет Жұбанов тұрғаны анық. Сондай-ақ осы қатарға алғашқы қазақ операсын жазған композитор Евгений Брусиловскийді де қосуға болады. 50-жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас дирижері КСРО халық әртісі Исидор Зак болды. Бұл кісі де осы мектептің қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бұдан кейін белгілі дирижер, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Базарғали Жаманбаев, дирижер Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірәшев секілді ағаларымыз отандық дирижерлік мектепті одан әрі дамытты. Шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі жастар арасында дарынды дирижерлер жетерлік. Олардың есімдері де елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танылып үлгерді. Соған қарап біздің дирижерлік мектептің іргетасы мығым қаланған деп есептеймін. Жалпы, дирижер – бірегей маман. Сондықтан ол көп болмайды.
– Әлемдік деңгейдегі даңқты музыканттармен жұмыс істеп жүрсіз. Жалпы, олардан не үйрендіңіз?
– Мысалы, әр дирижердің музыканттармен жұмыс істеу тәсілі бөлек. Соның жақсысы болса, алып, кемшілігі болса, қайталамауға тырысасың. Өнер саласында біраз жылдан бері жүрмін. Әлемге танымал көптеген музыкантпен, дирижермен өнер көрсеттім. Солардың әрқайсының мен үшін орны бөлек. Өйткені солардың өнерін көріп, шеберлігімді шыңдай түстім. Мәселен, атақты италиялық дирижер, ұзақ жылдар «Ла Скала» театрының көркемдік жетекшісі болған Риккардо Мути мен атақты дирижер Клаудио Аббадоны өнерсүйер қауым жақсы біледі. Бұл кісілердің өнері ғана емес, азаматтығы да керемет. Адамгершілігі биік тұлғалар. Осы атақты тұлғалармен қатар өнер көрсете жүріп, тәжірибем молайды. Сондай-ақ ресейлік дарынды дирижер Валерий Гергиевті де айтуға болады. Өз саласының нағыз майталманы. Осы дирижерден де біраз дүние алдым. Өткен жылы жазда театр оркестрі гастрольдік сапармен Италияға барды. Сонда біздің ұжым италиялық дирижермен жұмыс істеді. Ол енді хирург секілді шығармадағы әр детальға, штрихқа ерекше мән береді екен. Мен үшін бұл да тәжірибе болды.
– Біраз отандық композитордың опералық шығармасын қайта өңдеп, сахнаға шығардыңыз...
– Ертеде Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсын жазғанда оған бір әріптесі: «Евгений Григорьевич, әншіге өте жоғары дауысты жазбаңыз, мен оны қалай ойнайтынын білмеймін», депті. Бұл қиын кезең еді ғой. Опера және балет театры енді ашылған. Кәсіби музыканттар санаулы. Театрға ел арасынан шыққан әншілер ғана қабылданды. Мәселен, «Қыз Жібек» партиясын алғаш орындаған Күләш Байсейітованың дауысы керемет. Бірақ кәсіби музыкалық білімі жоқ. Сондықтан 1-2 жоғары дауыстағы партияны орындау әншілерге қиындық туғызды. Мәселен, Джакомо Пуччинидің операсында 2-3 октава да бар. Сондықтан «Қыз Жібек» операсында айтылатын Жібектің ариясын жоғары және төменгі нотолармен байытып, түрлендірдім. Бұл Жібектің вокалдық шеберлігін ария деңгейінде көрсетті. Жоғары нотада орындау үшін әнші еңбектенуі керек. Математика секілді опералық шығармаларда да стандарт бар.
Опера және балет қойылымдары музыкаға ғана емес, оқиғаны күрделендіретін драмаға құрылған. Мысалы, маған балетмейстер келіп, «Қойылымның мына жерінде музыка аз, соған көбірек музыка қосу керек», деп айтады. Мен оны автордың сонымен үндесетін басқа шығармасынан алып, енгіземін. Қазір біз көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың жүзжылдығына байланысты «Айсұлу» операсын дайындап жатырмыз. Бұл шығармаға да режиссер екеуміз ақылдасып, кішкене өзгеріс енгіздік. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында «Қоянды» базарының көрінісі жерден сахнаға көтерілгенше музыка ойнап тұруы қажет. Біз оны Төлебаевтың басқа шығармасынан алдық. Жалпы, бұрын жазылған опералық шығармалардың бүгінгі көзқараспен қарағанда толықтыратын, жаңартатын тұстары бар екені анық. Мысалы, кино бір рет қана түсіріледі. Ал театрда сахналанған әрбір спектакльді жаңа туынды деуге болады. Өйткені қойылым сахналанған сайын әртістердің шеберлігі артып, шыңдала түседі.
– «Астана Опера» театрында отандық туындылар аз қойылады деп айтады. Бұған не дейсіз?
– Шынымды айтсам, елордадағы опера театрында ел композиторларының сүйекті шығармалары сирек қойылады деп айта алмаймын. Бізде опера жанры кенже дамыды. Бірақ соған қарамастан композиторлар тыңнан түрен салып, біраз опера жазды. Оның дені сахналанды. Қазір шетелдік көрермендер «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларын өте жақсы біледі. Операның отаны – Италия. Осы елдің опералық туындылары әлемнің кез келген театрында қойылады. Өйткені опера қойылуы керек. Сондай заңдылығы бар. Мәселен, опера әншісі өз партиясын орындағанда төменгі нотамен бастап, жоғары нотаны алады. Сонда дауысқа ешқандай зиян болмайды. Айталық, «Біржан-Сара» операсында Біржан сахнаға шыққаннан кейін 2 минутта бірден жоғары нотаны алады. Одан кейін қайтып, төменгі нотаға түседі. Бұл әншіге қиын. Сондықтан біз Біржанды «шаһид» дейміз. Дәл осындай кейіппен сахнаға «Біржан» партиясын орындайтын опера әншісі төрт рет сахнаға шықса, ол жарты жыл демалуы керек. М.Төлебаев бұл операны драматургия жағынан солай жазған. Опера мамандары мұның вокалдық қиыншылық туғызатынын айтады. Сондықтан «Біржан-Сара» операсы үш айда бір рет қана сахналанады. Осы аралықта басты партияны орындайтын әнші демалып, дауысын қалыпқа келтіреді. «Абай» операсы да солай.
Біз мүмкіндігінше отандық шығармаларды сахналауға күш саламыз. Бұған дейін көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсын қойдық. Жұртшылық жылы қабылдады. Тағы басқа да композиторлардың туындыларын сахнаға шығардық.Биыл Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлуы» мен Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» операсын әзірлеп жатырмыз. «Астана Опера» айына жоқ дегенде екі ұлттық операны тыңдарманға тарту етсе, бұл аз емес дер едім.
– Осыдан екі-үш жыл бұрын бір сұхбатыңызда әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз туралы опера жазып жатырмын депсіз. Соны аяқтадыңыз ба?
– Әлі аяқтаған жоқпын. Ол үшін барлық жұмысты тастап, алаңсыз отыру керек. Бірақ ондай мүмкіндік болмай тұр. Негізі опера жазу қиын. Инемен құдық қазған секілді. Шетелдерде операны тапсырыспен жаздыртады. Атақты композиторлардың өзі опера жазу үшін 3-4 жыл тапжылмай жұмыс істеген. Мысалы, бір операны жазуға 10-20 жыл уақытын арнаған композиторларды білемін. Егер мемлекет композиторларға сүйекті шығарма жазуға қаржылай грант бөліп, қолдау көрсетсе, жақсы болар еді.
– Классикалық музыканы тыңдағанда адам бойын билеп әкететін бір сиқырлы күш бар. Оның сыры неде деп ойлайсыз?
– Классикалық музыканың тыңдарманға берері мол. Бір симфония кем дегенде 40 минут орындалады. Ол адамды сол уақыт бойы ойландырады. Музыкалық шығарманың мазмұнынан қоғам мен уақыт бейнесін сезіне аласыз. Бірақ оны түсіну керек. Сондықтан көрермен классикалық концертке келер алдында сонда ойналатын шығармалардың авторымен, туындыларымен танысып алғаны жөн. Бір жағынан, классикалық музыка жаппай көпшілікке арналмаған. Ғылымда оның адам денсаулығына пайдасы зор екені дәлелденген. Музыка адам психологиясын қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ онда жүрек қағысына әсер ететін ритм бар. Сонымен жүректі емдеуге болады. Адам уайымға батып, қиналып жүргенде симфония тыңдаса, содан жол тауып шығуға мүмкіндік береді. Мәселен, жапондар классикалық музыкаға тәжірибе жасап көрген. Олар Моцарт пен Бетховеннің шығармалары ойналғанда стақанға су құйып, сол мезетте оны тоңазытқышқа қойған. Сонда стақандағы суға көркем суреттің бейнесі шыққан. Ал рок музыканы қойғанда стақандағы сурет қисық көрінген. Өткен жолы «Біржан-Сара» операсында ақынның «Теміртас» әні орындалғанда көрермендер жылап отырды. Осы сәт маған қатты әсер етті. Егер адам жыласа, ол әлі адамдық қасиетін жоғалтпағаны. Өйткені қазір адам жаны қатыгезденіп барады. Кейде екі-үш сағат таза табиғат аясында серуендеп, үйге келгенде жаның сергіп қалады ғой. Классикалық музыканы тыңдағанда сондай әсер аласыз. Қысқасы, классикалық музыканы тыңдауға көрерменнің дайындығы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»