Тиісті ем-дом алуда МӘМС-тің айналасында толастамай тұрған дау-дамай, кедергілер, кемшіліктер, көзқарастар қайшылығына қарамастан, 2023 жылы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
Т.Әбілдаев жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия сияқты басқа профильдер бойынша мыңдаған операция жасалатынын айтты. Мұндай операциялар күрделілігіне байланысты күнделікті қала емханалары мен ғылыми орталықтары деңгейінде де орындалуы мүмкін.
«Мысалы, 2023 жылы МӘМС арқылы 134 мыңнан аса операция жасалып, оған 78 млрд теңге төленген. Оның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға қор 21,7 млрд теңге төледі. Сақтандырылмаған азаматтар осындай операцияларды жасататын болса, қалтасынан бірнеше млн төлеген болар еді», деді Т.Әбілдаев.
Өткен жылы Алматы қаласында 1 841 кардиохирургиялық операция, 562 нейрохирургиялық операция, лор-профилі бойынша 250 операция жасалған.
«Кейінгі кезде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт көбейгені белгілі. 2023 жылы алматылық травматологтер осындай 4 670 операция жасаған. Оған МСҚ 6,9 млрд теңге төледі», дейді филиал директоры.
Сонымен қатар ағза алмастыру операциялары да МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылады. 2023 жылы құны 565,6 млн теңгеден асатын 95 трансплантация жасалды. Мұндай бір ғана операцияның өзі орта есеппен алғанда 7-9 млн теңге тұрады. Осы қызметтердің бәрін сақтандырылған азаматтар МӘМС арқылы қиындықсыз пайдаланып келеді.
Биыл Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті 334,2 млрд теңгені құрап отыр. Оның 158,5 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Филиалдың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, қазіргі таңда қор былтыр қала тұрғындарына көрсетілген медициналық қызмет ақысын толық төлеп болды. Барлық емдеу мекемесі аванс алды.
«2024 жылы оңтүстік астаналықтар медициналық көмекті 213 емдеу мекемесі арқылы ала алады, оның 122-сі – жекеменшік. Биыл қызмет көрсетушілер саны жаңа он клиникамен толықты. Олардың дені – бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер, яғни емханалар мен стоматологиялық клиникалар. Бұл тізіммен fms.kz сайты арқылы танысуға болады», деп атап өтті Т.Әбілдаев.
Биылдан бастап қор мен медицина ұйымдарының жұмысында көптеген үдеріс оңтайландырыла бастады. Біріншіден, қаржыны медицина ұйымдары арасында бөліске салу ісі толығымен автоматтандырылды. Бұл қаржыландыруды барынша тездетуге мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірыңғай қызмет пакетін кезең-кезеңмен қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Қазірдің өзінде үш немесе одан да көп келісімшарттың орнына бір келісімшарт, қос қаржыландыру көзінің орнына бір пулды пайдалану жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл басы артық қағазбастылықтан арылтып, әсіресе дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Мұның пациенттерге кері әсері болмайды, олар медициналық көмек түрлерін бұрынғыша пайдалана бермек», деді филиал директоры.
АЛМАТЫ