Былтыр жыл соңында Қармақшы ауданында құс фабрикасы іске қосылып, облыста тағы бір өндіріс орны пайда болды. Еліміз бойынша құс еті бағытында отызға жуық фабрика бар екен. Ал аймақтағы осындай алғашқы өндіріс орны өңірдің экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Бұрындары Сыр бойында өндіріс орнының санаулы екенін екінің бірі айтатын. Мұның зардабы негізгі табыс көзі – мұнай қоры сарқыла бастағанда байқалды. Жан-жақтың бәрі індеттен үркіп, қақпасын қымтай жапқан коронавирус пандемиясы кезінде де өзі өндірмегеннің өзгеге кіріптар болатыны тағы есімізге түсті. Сондай сәтте әлеуметтік маңызы бар деп танылған 19 түрлі азық-түлік тауарының ішінде тек күріш пен тұз ғана жергілікті өнім екенін білгендер шарасыздықтан бас шайқаған. Осыдан да болар, жергілікті кәсіпкер Нұрлан Іздібаев түрлі себеппен құрылысы іркілген жобаны жалғастырғанда ауыл шаруашылығында мол тәжірибе жинаған азаматтың жаңа саланы меңгеріп кетуіне тілекшілер көп болып еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беріп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған болатын. Мысалы, осы Қызылорда облысының тұрғындары жылына 14,1 мың тонна құс етін пайдаланады екен. Осыған дейін оның барлығын сырттан алып келдік. Былтыр жыл соңынан бері Қармақшыдағы құс фабрикасы арқылы аймақ жұрты жергілікті өнімге қол жеткізе бастады.
Жалпы, 3 млрд теңгеге іске асқан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлініпті. Кәсіпкер фабриканы жабдықтауға «Аграрлық несие корпорациясынан» 880 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Жергілікті әкімдік те көмегін аяп қалған жоқ, индустрияландыру бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, өндіріс орнының инженерлік инфрақұрылымы жасақталды.
Кәсіпкер өндіріс орнын ашу арқылы туған топырағын түлетіп, жерлестерін жұмыспен қамтуды көздегенін айтады.
«Оларға жұмыс тауып, бала-шағаларын асырауға мүмкіндік жасаудан сырттап қалсам, азаматтығыма сын болар еді. Сол себепті фабриканы өзімнің туып-өскен ауылыма салуды жөн көрдім. Осы күні жерлестер жәрдемімен қолға алған істің барысына жұрт ризалық танытып жатыр. Амандық болса, алда талай жоспар бар», дейді кәсіпкер.
Құс фабрикасы жобасына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Сыйымдылығы 60 000 құсқа арналған 6 бордақылау, инкубациялық, сою, қалдықтарды өңдеу цехтары және әкімшілік ғимараты бар өндіріс орнында 2023 жылдың қазанында инкубатордан алғашқы 57 000 балапан шығып, бордақылау цехына жіберілді. Тез жетілетін бройлер тұқымдас қанаттылар қарашаның ортасынан бастап пышаққа ілінді. Осылайша, алғашқы 4 күнде 10 тоннадан астам өнім дайындалыпты. Алдағы уақытта толық іске қосылғанда 42 күндік тауықтың таза салмағы 2,2-2,5 келіге жетеді. Сол кезде тәулігіне 13-14 тонна өнім шығара бастайды.
Қазір сіз бен біз алып жүрген тауық етінің дені мұздатылған. Осыны көтеріп жүрген мамандарға сенсек, тауық еті -40°С-та құрамы мен маңызын жояды екен. Сондықтан фабрикада жергілікті өнімнің тұтынушыға құнары мен балғындығын сақтай отырып, салқындатылған күйде жетуі қадағаланып отыр.
Бүгінде мұндағы 90-нан астам жұмысшының көпшілігі Ақтөбе ауылының тұрғындары болса, Ақжар мен Жосалы кентінен келетін бригадалар да бар. Барлық цех толық жұмысқа қосылғанда өндіріс орнында жұмыс істейтіндер саны 120-дан аспақ.
Жаңа жобаны жетілдіре түсудің жоспары көп. Соның бірі – Ақтөбе ауылы мен Қызылорда қаласынан құрама жем зауытын салу. Қазір осы бастама соңында жүрген кәсіпкер мұндай зауыт осы салада жүрген аймақ кәсіпкерлеріне де тиімді боларын айтады. Өңір үшін тың кәсіп бастаған кәсіпкер жергілікті азаматтарды құс шаруашылығының қыр-сырына қанықтыру үшін сырттан мамандар шақырыпты. Астана қаласы мен Атырау, Петропавл облыстарынан келген технолог, ветеринар-дәрігер, ветеринар-техниктер жергілікті мамандарды жаңа іске баулыды. Жалпы, көпшілігіміз құс баққанды оңай көретініміз рас. Шын мәнінде олай емес, әрине. Жаныңды салып істемесең қай кәсіптің де көгермейтіні анық.
Фабрикада балапанның өсіп жетілуіне қарай ауа тұрақтылығы, температурасы сақталып, қорегі, витамині уақтылы беріліп отырады. Өндірістің талапқа сай болуын қалаған кәсіпкер жұмыртқа тасымалдайтын арнайы көлік те алдырды.
«Алда тауық етінен шұжық дайындайтын зауыт ашу жоспарда бар. Сонымен қатар өнім қалдықтары, оның ішінде тауықтың мойын еті мен ішкі құрылысы, сирақтары мен қанаттарын жарата отырып тыңайтқыш өңдеу де ойда жүр», дейді кәсіпкер Нұрлан Іздібаев.
Қызылорда облысы