• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Технология 04 Наурыз, 2024

Халықаралық хаб

86 рет
көрсетілді

Дубайда отандық стар­таптарға қолдау көрсететін IT-хаб ашылды. Qaz Step Innovation Hub IT-жо­баларға өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға, өнді­рісін алға жылжытуға жәр­дем­деседі.

Қазіргі уақытта платформа 15 отандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өнімін ұсынуға көмек­тескен. Qaz Step Innovation Hub-тың негізін қалаушы Тимур Мәу­лешовтің айтуынша, БАӘ мен Таяу Шығыс нарықтарына шығу еліміздің технологиялық экспортына серпін береді.

– Хаб отандық IT-компанияларға жаңа серіктестер мен инвесторлар табуға көмектеседі. Кейінгі 5-7 жыл­да шетелдік венчурлық қор­лар мен халықаралық бизнес-қоғам­дастық өкілдері еліміздің IT-өнім­дерді экспорттау саласындағы әлеуетін байқай бастады. Сондықтан біз отандық стартаптарға БАӘ мен Таяу Шығыстың қарқынды дамып келе жатқан нарығында өздерінің жоғары әлеуетін көрсете алатын қо­лайлы ортаны құратын боламыз. Ос­ылайша, Qaz Step Innovation Hub отандық IT-қызметтерді әлемдік нарыққа шығарады, – дейді ол.

«Qaz Steppe» инновациялық хабының ашылу салтанаты Дубай­дағы Қазақстан сауда үйінің павильонында өтті. Перспективалы отандық стартаптар хабын іске қосу рәсіміне Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты. А.Шаққалиевтің айтуынша, біздің мемлекет цифрлық саланы ынталандыру саясатын ұстанады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспорты 500 млн долларға жетті. Отандық IT-саланың әлеуетін барынша іске асыру үшін Сауда үйінің павильонында стартап-қоғамдастықтың бастамасы бойынша коворкинг-орталық іске қосылады.

 «Qaz Steppe Innovation Hub ма­ман­дандырылған алаңы қазақ­стандық IT-қызметтер секторын халықаралық нарықтарға жыл­жы­туға, Қазақстан мен БАӘ іскер топ­та­рының мүдделерін біріктіруге ықпал етеді. Сондай-ақ өзара тиімді ынты­­мақтастықты тиімді дамытуға және біздің IT-компанияларымыз­дың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүм­кіндік береді», деді министр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, алаң 15 отандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өз жобаларын таныстыруға және 100 жергілікті және халықаралық компаниялардың өкілдерімен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылауға көмектесті. Олардың ішінде EMAAR, Etisalat, Google, Microsoft, Mastercard, L’Oreal, Abu Dhabi Commercial Bank және бас­қалары бар. Бұған қоса, отан­дық кәсіпкерлер кәсіпкерлер БАӘ мемлекеттік органдары мен компанияларының өкілдерімен кездесті.

«Qaz Steppe Innovation Hub Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстанды ІТ-елге айналдыру жө­ніндегі алға қойған мақсатын іске асырудың бірегей алаңына айналады. 2021 жылдан бастап қазақстан­дық стартаптар еліміздің аума­ғын­да орналасқан 1 миллиард­ дол­лардан аса сомаға инвестиция тартты. Бүгінде БАӘ-де болып жат­қан тех­нологиялық бум біздің талант­ты ма­мандарымыз бен қызықты стар­тапта­рымыз үшін жаңа перспективалар ашады»,  деді Т.Мәулешов.