Әйел – қай салада жүрсе де сұлу. Ирландия жазушысы Джеймс Джоистің ойынша, сұлулық – білім мен көрік, ар мен сән, жарық пен сауық. Яғни барша ғаламаттың үйлесімі. Бұл сөзге әркім әртүрлі баға береді. Әртүрлі қабылдайды. Ал ғаламды жаулап алған цифрлық үдеріс сұлулықтың символы әйелдерді қалай қабылдады? Цифрлық сала, оның ішінде IT ерлер ғана айналысатын мамандық сияқты көрінгенімен, іс жүзінде олай емес. Иә, дүниежүзілік статистикаға сәйкес қазір бұл бағыттағы мамандардың 92 пайызы – ер-азаматтар. Алайда әйелдер қатары да көбейіп келеді. Олар экономикалық мүмкіндігін кеңейтіп, жобаларын жандандырып жүр. Онлайн жұмыс істеп, соның арқасында үйін ұядай ұстап отырғандар баршылық. Төзімі мен білімін көркіне серік еткен цифрлық саланың сұлуларын сөзге тарттық. Өздері айтсын.
Алина Әбдірахманова,
Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесі
– Мен Тараз қаласының тумасымын. Мамандығым цифрлық салаға қатысты болмаса да, 2020 жылы виртуалды шындыққа байланысты стартап бастадым. Содан бері цифрлық салаға қызығып, бел шеше кірісіп кеттім. Бұл бағыттың қыр-сырын үйрену үшін, талмай оқыдым, зерттедім. Көптеген белестен өттім. Солай өткен жылы мені «Astana Hub»-тың басқарушы директоры қызметіне шақырды. Әрине, қабыл алып, біршама қызмет атқардық. Оның ішінде «IT-Aiel» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бағдарламаны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және «Astana Hub» халықаралық технопаркі жүзеге асырды. Бұл бағдарлама әйелдердің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың мансаптық өсуіне жаңа мүмкіндік ашады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 2600-ден астам әйел қатысты. Қазір оқыту үдерісіміздің мерзімі аяқталды. Дегенмен олармен үнемі байланыстамыз. Жоба кезінде жүзеге асырған бағдарламаларын жетілдіріп, пайдасын көріп жатқандар көп. Арасында әрі қарай да цифрлық салаға дендеп еніп, «Data Science» бағдарламаларын оқып жатқандар да бар. Тіпті көбі IT компаниялардан тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұрып кетті. Өздерінің үй бизнестері бар әйелдер кәсібін түгелдей цифрландырып, жаңа деңгейге өтті. Осы жылы жобаның атауын өзгерттік. Енді ол – «Tech Aiel». Күзге қарай ерекше леппен екінші кезеңі басталады. Сонымен қатар «Tech Girls» бағдарламасын да қостық. Мұнда 18 бен 23 жас аралығындағы жас қыздар IT үйренеді. Наурызда басталған жобада 3000 қыз білім алып жатыр.
Қазір Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесімін. Менің компаниям бұл оқу ордасын барынша цифрландырып, IT университетке айналдырады. Қосымша «Yassa Education» платформам бар. Ол басшылар мен кәсіпкерлерге арналған.
Ал отбасым туралы айтар болсам, бір қыздың анасымын. Есімі – Әлия. 1-сыныпта оқиды. Ол да цифрлық бағытқа жақын. Роботтехника үйірмесіне қатысып, қосымша білім алады.
Негізінен IT-да жүру қыз баласына қиын емес. Бұл жолда көбіне тұлғалық дамыған, оқыған азаматтар жүреді. Сол себепті де ешбір гендерлік бөлу немесе қысым көрген емеспін. Керісінше, IT – әйелдерге арналған дер едім. Өйткені мұнда еркіндік бар. Отбасыңа, басқа да жұмыстарға үлгеріп, бәрін қатар алып жүруге болады. Қазақстан IT-і өте жайлы, сауатты, мейірімді жандардан тұрады. Оған кіруден қорықпау қажет. Көптеген компанияның тәжірибесі қызметкерлердің гендерлік тепе-теңдігін сақтайтын бизнестің табысты екенін дәлелдеді. Әйелдердің IT саласын дамытуға белсенді қатысуы саланы жаңа деңгейге көтеруге көмектесетініне сенімдімін. Экономиканың тұрақты дамуы үшін қоғамның әлеуетін арттыру, стереотиптерден арылу, тәлімгерлікті қолдау маңызды.
Қыздарға ұсынар біршама кітап пен фильм бар. Соның ішінде өзіме ерекше ұнайтындарын атап өтейін. Фильмдер: «Обсессия (Whiplash)», «Әлеуметтік желі», «Джой». Кітаптар: «Bad Blood», «Сақтар», «Жел өтіндегі тағдырлар».
Әйгерім Исатаева,
«Qonzhyq App» қосымшасының авторы
– «Qonzhyq App» жобасы – жас ұрпақтың ұлттық музыкаға, əдебиетке, мəдениетке, салт-дəстүрге жəне ана тілін үйренуге деген қызығушылығын оятуға бағытталған мобильді қосымша. Қазір 150 мыңнан астам тіркелген қолданушы бар. Қосымшамызға халық фольклорының классикалық жəне заманауи алтын жинақтамасы енгізілген. Онда 1200-ден астам ертегі, заманауи жəне халық əні, түрлі аспаптағы күй, бесік жыры, классикалық жəне заманауи ақындардың поэзиясы, сонымен қатар Абайдың қарасөздерінің жеңілдетілген нұсқасы да қоса жүктелген. Кейінгі бір жыл бойы үлкен ойын форматындағы оқу бөлімін жасап, жақында қостық. Бала ана тілін оқып, көріп, естіп, жаттығулармен жұмыс істеп, тез жəне қызықты үйрене алады. Негізі бастамасы балаларды дамытатын «Қонжық Марио» атты ертегілерінен келеді. Өзім ана болғандықтан, ана тілінде контент шығаруды ойластырғанмын, бірақ уақыт өте келе қазір кітаптар үлкен сұранысқа ие болмайтынын түсіндім. Сол себепті жаңа заманға сай, барлығының ұялы телефонында болатын мобильді қосымша ретінде шығаруды жөн көрдім.
Шындығында, IT саласында ешқандай қедергі көрген жоқпын. Менің ойымша, IT-дағы кедергілер жынысқа байланысты емес жəне барлығына бірдей. Мен кездестірген қиындықтар құзыретті топты табу, өнім нарығына сəйкестігін (Product Market Fit) табу, жобаның стратегиясын дұрыс құру болды. Бірақ тобымызбен бірігіп, еңбектің арқасында қиындықтарды оңтайлы жеңдік.
Біздің қазақ қыздары мені қатты қуантады. Біз жұмыс істеп, өзімізді дамытып, үйге қарап жəне балаларды тəрбиелеуге де үлгеріп жүрміз. Осы қалыптан таймай, əр əйелге ішкі үйлесімділік, өз мақсаттары мен жолын табуды тілеймін. Ең бастысы, мақсаттан таймау. Барлығында қиындық болады, тапқыр жəне еңбекқор адам өз жолын таба алады.
Əркімнің өз талғамы бар, бірақ мен іскерлік əдебиет пен классикалық әдебиетті ұнатамын. Кейде аудармасы дұрыс бола бермейді, сондықтан кітапты жазылған тілінде оқығанды жөн көремін. Үздік үш кітап деп бөліп-жара алмаймын. Өйткені маған барлық кітап бірдей ұнайды. Фильмдердің ішінде «Ағылшын пациенті», «Дюна» жəне «Мұзды өлке» фильмдерін ұсына аламын. Бұл шығарылымдардың əрқайсысын сюжеті, əдемі көрінісі жəне ойы мені таңғалдырды. Аудармасы мен əндері жақсы болғандықтан, «Мұзды өлке» мультфильмін қазақ тілінде көргенді ұнатамын.