Әсілінде әйелдің заты нәзік, жүрегі жұмсақ дейміз. Әйткенмен ықылым заманнан бері ел басына қатер төнгенде ерлермен қатар жауға қарсы тұрып, ауыр жұмыстарды атқарған аналар аз емес. Адамзаттың осы бір әдемі жаратылысы ежелден-ақ өздерінің батыл әрекеттерімен әлемге әсер етіп, тарихтың бағытын өзгертуге қауқары жеткен.
Қазір де темірдей тәртіпке бағынатын құқық қорғау саласында ерлермен қатар иық тірестіре қызмет етіп жатыр. Олардың арасында бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен халықтың тыныштығын күзеткен көпбалалы аналар да аз емес. Біздің кейіпкеріміз Айгерім Көмекбаева – түзде тергеуші, үйде отбасының ұйытқысы болған аяулы ана.
Темірдей тәртіпке бағынатын құқық қорғау саласындағы жауапкершілігі жоғары, міндетін отбасындағы қызметімен қатар қоятын полиция қызметкері «Елдің тыныштығын қорғауда кірпік қақпай қызмет ету – Отан алдындағы абыройлы міндетім. Отбасындағы жылылықты сақтап, балаларыма тәлім-тәрбие беру – аналық махаббатымның өлшемі. Ал екі иығыма артылған жауапкершіліктің жүгін әрқашан биік ұстау – үлкен мәртебе», дейді. Өмірлік серігі Асадуллабек Сопаев та талай жылын құқық қорғау саласына арнаған. Сондықтан да болар, сапта жүрген серігін кез келген сәтте қолдап, әр ісінде демеу беруге даяр екенін айтады.
«Мен де өзге әріптестерім секілді бала күнімде түрлі кәсіп иесі болуды армандағанмын. Мектеп бітірер жылы жүрек қалауым адамдарға көмектесуге арналған жолды таңдауға түсті. Сөйтіп, 2008 жылы Тараз қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Кейін болашақ заңгер маманы ретінде тәжірибелік жұмысқа алындық. Маған ішкі істер органдарының ішкі асханасымен танысу тапсырылды. Содан бастап мамандығыма деген құрметім артты. Полиция формасын киген соң тағдырымды біржола құқық қорғау саласымен байланыстыруға шешім қабылдадым», дейді ол.
Қоғам тыныштығын күзету жолын 2008 жылы Жамбыл облысы ПД ЖБО-ның 102 оператары лауазымынан бастаған Айгерім қазір талай істің ашылуына септігін тигізіп жүрген тісқаққан тергеушіге айналды. Екі жылдан бері Байқоңыр ауданы ПБ анықтау бөліміне ауысқан ол қауырт тірлікте жүрсе де, отбасында шаңырақтың түтінін түзу ұстап, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырған кезі жоқ. Төрт баланың анасы атанған тергеушінің айтуынша, адам тағдыры шешілетін жауапты жұмысында жүріп, жақын жандарға жылылық сыйлай білу де керек. «Қызығы мен шыжығы көп бұл қызмет өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Алдыңа келген адамды тергеп, оның тағдырын шешу оңай іс емес. Алайда жұмыстағы ауыртпалықты үйімнің сыртындағы табалдырықта қалдырып кетемін. Себебі жұмыстағы күйзеліс жақындарыма сыйлайтын жылуға әсер етпеуге тиіс. Меніңше, қызмет пен отбасын абыроймен алып жүру – кез келген әйел үшін үлкен жұмыс. Бірақ екі жақта да жүрек таңдауың жаңылдырмаған болса, әйел үшін алынбайтын қамал болмайды. Тек серігіңнің қолдауы мен кәсібіңе деген адалдық болса жетіп жатыр. Содан да болар, жұмысқа да үлгеремін, отбасыма да уақыт табуға тырысамын», дейді Айгерім Жақыпбайқызы.
Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасында әке тәрбиесін, ана махаббатын сезініп өскен балалар да шетінен өнерлі. Мектепте оқитын үш баласы үлгілі оқушы. Бүгінде әртүрлі спорттық секция мен өнер үйірмесіне қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал үйдің кенжесі балабақшаға баратынын айтқан анасы: «Ол – біздің үйдің еркесі ғана емес, бастығы», деп әзілдеп те алды. «Алғаш ана, әке атанғанымыз әлі есімізде. Тұңғышымды дүниеге әкелген кезде әкесі қарақшылық іс бойынша қылмыскерді ұстауға Алматыға кеткен еді. Сүйінші хабарды естігенде төбесі көкке жеткендей қуанды. Отбасылық өміріміздегі бір-бірімізге берген қолдауымыз қызмет жолында да түрлі қиындықты жеңуге көмектеседі», деп ағынан жарылды.
Сөз арасында қоғам тыныштығы жолындағы қызметтің ауырлығы әйелдің бойындағы нәзіктікті жоғалтып алмай ма деген сұрағымызға: «Керісінше, алдыма келген кез келген іс өзімді адам ретінде тануыма септігін тигізеді. Өйткені жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы қарым-қатынасты зерттеу арқылы айналамыздағы жандарға жылылық керек екенін одан сайын сезіне түсесің. Бір жолы адам бөтеннің көлігін заңсыз айдап кеткен бір жігіттің ісін тергедім. Көлік жуу орталығында жұмыс істеп жүргенде балалықпен өзі жуған көлікті түнгі уақытта заңсыз айдап, қала ішінде әбден қыдырған. Түн жарымда анасына көлік жүргізе алатынын айтып мақтанып та алған. Өзі кеше ғана кәмелеттік жасқа толған. Жастықтың буымен жүріп, көлікті қатты жылдамдықпен айдаймын деп камераға түсіп қалған. Көлік жуу орталығына жеткен уақытта жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Ойланбай істеген әрекеті қылмыстық істе күдікті ретінде танылып, сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін апарды. Ана ретінде балаға аяушылық танытуға болар еді. Бірақ заң алдында барлығымыз бірдейміз. Бұл істен не түйдім? Әкенің мейірімін, ананың аялы алақанын, отбасының тәлім-тәрбиесін көрген баланың болашағы жарқын болары хақ. Сондықтан қанша жерден жауапты жұмыста жүрсек те, адам баласы үшін ұрпақ тәрбиесінен асқан маңызды міндет жоқ», дейді.
Тарихта түрлі кезеңде ел билеген әйел басшылар адамзаттың дамуына баға жетпес үлес қосқан. Мәселен, әйгілі сақ патшасы Томирис «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің тас-талқанын шығарып, басқыншылардан тәуелсіздігін сақтап қалғанын кейінгі ұрпақ әлі жыр қылып айтады. Қазір де елге адал қызмет ете жүріп, бала-шағаның бабын тауып, әулеттің ырыздығын арттырып жүрген бұрымдылар баршылық. «Мен, ең алдымен, Премьер-министрмін, содан кейін әйелмін», деген әйгілі саясаткер Маргарет Тэтчер де «үйді басқарудағы туған мәселелерді түсінетін әйел ел басқарудағы мәселелерді де түсінеді» деп бекер айтпаса керек-ті.