Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірнеше заң жобасы талқыланды. Оның ішінде әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелеріне қатысты заң жобалары бар. Сондай-ақ палата отырысында еліміздің оңтүстік аумақтарындағы суару маусымына дайындық барысы қаралды. Бұдан кейін депутаттар тиісті мекемелерге кезек күттірмей шешілуге тиіс түйткілдерді жіпке тізіп, сауалдарын жолдады.
Бірнеше бағыт қамтылған
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараев: «2021 жылы 1 шілдеде мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың өзара іс-қимыл тәсілдерін түбегейлі өзгерткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізілді. Кодекс қолданысқа енгізілгеннен бері ережелердің тиімділігі әкімшілік соттардағы дауларды қарау тәжірибесінде көрінді. Құқық қолдану практикасы ӘРПК-нің процедуралық және процестік бөліктерін одан әрі жетілдіру қажет екендігін көрсетті. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында да әкімшілік әділет саласын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті», деді. Оның айтуынша, заң жобасы бірнеше бағытты қамтыған. Біріншісі – жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодексінен әкімшілік әділет аясына көшіру. Екіншісі – Үкіметке мемлекеттік органдар және мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы заңнамалық нормаларды түсіндіру жөніндегі дауларды шешу жөніндегі өкілеттіктерді бекіту. Үшіншісі – Әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманың жекелеген нормаларын одан әрі түзету, сондай-ақ ӘРПК-ке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Осылайша министрлік мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы даулардың ӘРПК ережелері және Үкімет регламентінің ережелері бойынша қаралу тәсілін әзірлеген. Айталық, егер бір мемлекеттік орган басқа мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, онда ол жоғары тұрған мемлекеттік органға әкімшілік шағыммен жүгінуге құқылы және тиісінше жоғары тұрған мемлекеттік органның шешімімен келіспеген жағдайда, Үкімет аппаратына жүгінуге болады.
Мақсат – баянатқа бағыныштылықты болдырмау
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжаттың маңыздылығын Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасындағы өзгерістердің бір бөлімі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын жеткізді. Онда азаматтарды қылмыстық қудалау аясында негізсіз тартуды болдырмау, бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін бермеу, кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу, тінту, жеке тінту және тәркілеу бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу шаралары қарастырылған. Бұдан басқа, бұрын «қорғалуға құқы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу ұсынылып отыр. Оның айтуынша, адам өліміне байланысты емес, аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру, қорғалуға құқы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқы бар адамдар шеңберіне біріктіру, жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету үшін кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарға еселенген айыппұлдарды енгізу көзделген.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәліметтерді көрсетіп, рапорт беру арқылы қылмыстық іс қозғайтынын, кейде бұл азаматтардың құқын бұзуға әкелетінін атап өтті. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болатынын айта келіп: «Азаматтардың құқын қорғау үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?» деп сұрады. Депутаттың сауалына жауап берген Әділет министрі мұндай мәселенің барын жоққа шығармады. «Сол үшін біз егер қылмыстық әрекеттің салдары экономикалық шығын келтірілмесе, дәлелдейтін құжаттар болмаса, баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген нақты шектеу қоюды көздеп отырмыз. Бұл сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде баянатты тіркеуге жол бермейді және азаматтардың құқы мен бостандығын қорғауға көмектеседі», дейді сала басшысы.
Заң жобасының үшінші блогі қылмыстық үдерісті оңтайландыруға және қағазбастылықтан арылтуға бағытталған. «Бұл бөлім қылмыстық істі әдепкі бойынша электронды форматта қарауға мүмкіндік береді және қылмыстық үдеріске қатысушылардың пікірін ескеру қажет. Сондай-ақ қашықтан беттестіру және жауап алу мүмкіндігін енгізу жоспарлануға тиіс. Өйткені бүгінде тергеуші басқа аймақтардан да беттестіру үшін адамдардың келуін қамтамасыз етеді. Оған қоса, қашықтан жауап алу мен беттестіру субъектілерінің ауқымы кеңейеді. Осылайша, жәбірленуші және куәмен қоса, қорғалуға құқы бар куә мен күдіктіге қатысты бейнебайланыс режімінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланып, тергеу әрекеттерін жүргізуге болады», деп түсіндірді А.Есқараев.
Бюрократияны азайта ала ма?
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың мақсаты – халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемаларын шешу, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 мамырдағы электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындауға бағытталған. Құжат аясында Кәсіпкерлік кодекске, Кедендік реттеу туралы кодекске және «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» заңдарға түзетулер енгізілмек. Атап айтқанда, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымдағы объект» деген термин енгізілді. Бұл норма жаңартылатын энергия көздерінің шағын генерациясының мәртебесін неғұрлым нақты айқындауға және оны жаңартылатын энергия көздерінің ірі коммерциялық бизнес-жобаларынан ажыратуға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт дейін ұлғайтылды. Түзету ірі бөлшек тұтынушыларға өздерінің шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі есебінен электр энергиясына деген өз мұқтажын барынша қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бұл бойынша нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады. Мұндай толықтыру азаматтардың жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерін пайдалану үдерісіндегі бюрократияны айтарлықтай азайтады, тіркеуші органдармен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін болғызбайды.
Мәдени код – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі
Бұдан кейін депутаттар тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдерімен бірге еліміздің оңтүстік аумақтарында ағымдағы суару маусымына дайындық барысын талқылап, депутаттық сауалдарын жолдады.
«Amanat» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан материалдық емес рухани мұралар жайын қозғады. «Материалдық емес құндылықтар – ұлттың иммунитеті. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырылған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді. Бүгінгі біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ. Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер», деді депутат. Үкімет 2013 жылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі қабылдаған тұжырымдама сол күйі қағаз бетінде қалғанын айта келіп: «Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ. Әлемде 150 ел халықаралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар», деді ол. Сондықтан депутат аяқсыз қалған жұмысқа жан бітіріп, тиісті мемлекеттік орган мәдени мұраны сақтауда жұмыс істейтін уақыт жеткенін жеткізді.
Сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз жұмысын сынға алып, қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру моделі жоқ екенін жеткізді. Олардың айтуынша, салымшылар ӘМСҚ-дағы өз қаражатын бақылай алмайды, ал қор атауындағы «сақтандыру» ұғымы профанацияға айналды. Соған қарамастан «Ашық НҚА» порталында табысы 850 мың теңгеден асатын адамдар үшін МӘМС жарналарын бес есеге ұлғайту туралы заң жобасы орналастырылды. Ең қызығы, порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат ғана уақыт бөлінген. Сол аз ғана уақыттың өзінде жүздеген азамат қарсы пікір білдіріп, МӘМС бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдерінің де ерекше наразылығын туғызған. «Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды. Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан, төлеуге міндетті болып шығады. Яғни жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымдарын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмектер мен дәрігерлерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек. Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адамдар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеушінің өз жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс», дейді депутаттар. Әйтпесе, олардың медициналық көмекке жүгінбестен ай сайын қорға төлейтін ақшасы үшінші адамдардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сорақысы, қор оны өз қалауынша пайдаланады. Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі ғана болып отыр.