• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Наурыз, 2024

Қазақстан-Қытай: Тауар айналымы 30 пайызға өсті

110 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Рес­публикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдалас­тықтарды іске асыру барысын талқылады.

Кездесуде сауда-экономика­лық, инвестициялық, транзиттік-көлік ынтымақтастығын, сондай-ақ мәдени және өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім және ғылым, технологиялар трансфері саласындағы әріптестікті нығайтуға баса назар аударылды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айн­а­лымы 30%-ға өсіп, 31,5 млрд долларға жетті. 2023 жылдың 9 айын­да Қазақстан экономика­сына салынған ҚХР инвести­ция­ларының көлемі шамамен 1,4 млрд долларды құрады. Қазіргі уақыт­та инвестициялар көлемі 14,5 млрд доллардан асатын 45 бірлескен қазақ-қытай жобасы іске асырылып келеді. Осы жылдың 2 айында контейнерлік тасымалдау көлемі 2,6 есе өсті. Сондай-ақ сауда қаты­настарының қазір­гі әлеуеті тауар айналымын одан әрі әр­тарап­тандыру және инвести­ция­лық өзара іс-қимылды кеңейту перс­пе­к­тивалары бар екенін көрсетіп отыр.

Келіссөздер барысында өзара саудадағы шектеулерді жою, әкімшілік кедергілерді алып тастау және кедендік рәсімдерді оңайлату жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, еліміздің Қытай нарығына жоғары деңгейде өңделген ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екені айтылды. Сондай-ақ «Бақты-Тачэн» жаңа теміржол арқылы өткізу бекетін салу, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейту және өңірлік интеграцияны дамыту бойынша транзиттік-көлік саласындағы іске асырылып жатқан қадамдар талқыланды. Оған қоса жолаушылар рейстерінің санын арттыру мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестік өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақ-қытай бірлескен жо­ба­­лары нарықта сапалы және сұранысқа ие өнімдер шығаратын жоғары технология­лық кәсіп­орындар құруға мүм­кіндік береді. Бүгінде еліміздің аума­ғында 3 000 бірлескен компания табысты жұмыс істеуде. Бұл екі елдің бизнес қауымдастықтары серіктестігінің тұрақтылығы мен өнімділігін көрсетеді», – деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Чжан Сяо екі елдің стратегиялық әріптестігін дамыту серпіні жоғары екенін растады.

«Бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарлары екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге және дамытуға зор серпін берді. Біз Қазақстан Пре­зиденті жариялаған ауқымды эконо­микалық өзгерістер бағдар­ламасын жоғары бағалаймыз. 2029 жылға қарай Қазақстанның ІЖӨ-сін екі есе ұлғайту жөнін­дегі биік мақсатқа қол жеткізуге әбден болады деп санаймыз»,  деді Чжан Сяо.

Сондай-ақ Қытай елшісі ауыл шаруашылығы, энергетика, жоғары технологиялар және бас­қа да салалардағы ынты­мақ­тас­тықтың кең әлеуетін атап өтті.

Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов пен Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамыту жұмысын күшейтуге дайын екендерін растады.