• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 18 Наурыз, 2024

Жеңіске жетелеген жауынгер рухы

229 рет
көрсетілді

Елордада бүкіл әлемдік тарихи маңызды зор оқиға – Шанаққала жеңісіне 109 жыл толуына орай фотокөрме өтті. Тарихи тағылымы мол іс-шара Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы мен Қарулы күштердің Мемлекеттік Әскери-тарихи мұражайы бірлесе отырып, Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрмеге Түркияның Бас қолбасшылық мұрағатынан алынған 40-қа жуық тарихи соғысты айшықтайтын фотолар қойылды. 

Іс-шараның ашылу салтанатына Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджы Парламент депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Шанаққала шайқасындағы Жеңіс түрік халқын біріктіріп, олардың бойына болашаққа деген сенім ұялатқанын атап өтті.

«109 жыл бұрын Түркия өз тарихындағы ең ауқымды әрі қанды шайқастардың бірінде тарихи жеңіске жетті. Бұл орайда одақтастардың әскерін ойсырата жеңген ұлы қолбасшы, дәуірдің көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің рөлін атап өткім келеді. Бүгінгі фотокөрме – түрік жауынгерлерінің жеңілмейтін рухын, ерлігі мен қаһармандығын бейнелейтін көрнекі тарихи құрал. Бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени-тарихи байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», деді ол.

Өз кезегінде Төтенше және Өкілетті елші Мұстафа Капуджы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Қорғаныс министрлігіне және Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттік тарихи-әскери мұражайына алғысын білдірді. Сондай-ақ көрменің өтуіне мұрындық болған Юнус Эмре институты мен ТРТ арнасына да ризашылығын жеткізді.

«1915 жылдың 18 наурызы – түрік ерлігі тарихындағы ең құрметті де жарқын беттердің бірі. Бұл жеңіс түрік ұлтының болмыс жолындағы күресінің белгісі, батылдық, қайсарлық және отанға деген сүйіспеншілікке толы рухтың шынайы көрінісі.Түрік халқы Шанаққаладағы қайталанбас күрестің арқасында барша жапа жеккендерге үміт болып, ал көптеген отар елдер Шанаққаладан кейінірек біздің азаттық соғысымыздан алған шабытпен өз күрестерін бастады. Осы тұрғыдан алғанда Шанаққала жеңісі – түрік халқының емес, Балқаннан Африкаға, Еуропадан Азияға дейінгі 100 миллиондаған бауырларымыздың ортақ жеңісі», деді.

Сондай-ақ ол көрмеге қойылған фотосуреттер ұлы жеңіске жету жолындағы оқиғаларды еске түсірумен қатар, батырлық дастанын келешек ұрпаққа жеткізуге көмегін тигізетінін тілге тиек етті. Түркия мен Қазақстан арасындағы достық және бауырластық байланыстар осындай шара арқылы көрініс беріп, тамырын тереңдете түсетінін айта келіп: «Бауырлас қазақ халқының Шанаққала жеңісінің маңыздылығын түсінуі және бұл жеңістің түрік ұлты үшін қаншалықты құнды екенін бағалауы біз үшін үлкен қуаныш», деді.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, кезінде бұл соғысты бүкіл әлем бақылап отырды. Сол кезеңде барлығы түріктер Антанта елдерін жеңе алмайды деп ойлаған. Бірақ түрік жауынгерлерінің мызғымас рухы түрік халқының тарихында ғана емес, әлемдік тарихта да «алтын әріптермен» жазылуға алып келді.

Түрік мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина: «Көрмеге қатысқан жастар жеңіс туының қандай жолмен келетінін түсініп жатыр. Мысалы, бұл жолда түрік халқы мыңдаған зиялы қауымынан айырылды. Осы майданда Анадолы мен Ыстамбұлдан ағылған 400 мыңға жуық ерікті әскердің 250 мыңы тәуелсіздік жолында жандарын пида етті. Шанаққала жеңісінен кейін ұлт-азаттық күрес жалғасып, 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен Түркия Республикасы құрылды. Осы тұрғыдан алғанда Шанаққала жеңісінің ұлт іргетасының қалаудағы рөлі орасан. Түрік халқының ұлт-азаттық күрес жолындағы тарихымен танысқысы келетіндер болса, көрмеге қойылған фотосуреттерді 20 наурызға дейін тамашалай алады», дейді.  

Салтанатты іс-шарада Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі «Амангелді Иманов» маршын орындады. Ал «Белес» тобы «Шанаққала әні» мен шайқасқа қатысқан көкөрім жастарға арналған «15 жасар бозбала» шығармаларын халық назарына ұсынды.