Биыл қоңыр күзде Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. 20 спорт түрінен 110 медаль жиынтығы үшін додаға кіретін спортшылар апта бойы елорданы дүбірге бөлейді. 10 жыл бұрын Қырғызстан елі бас болып ұйымдастырған алғашқы аламан 10 ұлттық ойын түрінен ғана ұйымдастырылса, екі жылдан кейін өткен дала додасына 26 спорт түрінен 62 елдің спортшылары қатысты. 2022 жылы Түркияның Изник қаласы сән-салтанатын асыра өткізген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 102 елден 3 мыңнан аса спортшы қатысып, 13 спорт түрінен медальдар жиынтығын бөлісті. Жылдан-жылға жаңарып, түлеп, түрленіп келе жатқан көшпелілер ойындары бүгінде қай құрлыққа да мәшһүр. Биыл біздің елде болатын Ұлы дала додасына ынта танытқан елдердің қатары 100-ден әлдеқашан асып кетті.
«Боладысы қызық» дода
Мемлекет басшысының сауын айтуымен ұйымдастыру мүмкіндігі бізге бұйырған V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары бір апталық арқа-жарқа жырғау емес, туризмді өрістетудің таптырмас арнасы. Әлем халқының алдында көшпелі ата-бабамыздың төл мәдениеті мен өркениетін, руханияты мен салт-дәстүрін әйгілейтін айтулы додаға делегатын аттандыруға ықыласы ауып, ынта танытқан елдердің қатары қазірдің өзінде 70-тен асып отыр. Болжамды меже бойынша Астанаға күзгі дода мезетінде 100 мыңнан аса турист келеді. Этноспорт пен этномәдениеттің мәйегіне өзгеше серпін беретін Дүниежүзілік көшпелілер ойындары осылайша туризм саласына да тамыр жаяды. Спорт, мәдениет һәм ғылым сынды үш салаға тарамдалатын көшпелілер ойындарының нәтижесінде ұлттық ұстынды насихаттау мен зерттеу жаңа деңгейге көтерілмек. Ұлттық және халық ойындарынан тыс төл өнеріміздің 10 түрін таныстыру мақсатында арнайы көрсетілім сайыс ұйымдастырылады.
Салтанатты ашылу рәсімі «Астана Арена» стадионында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жабылуы «Қазанат» ипподромында ұйымдастырылады. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан атшабарға алдағы уақытта 10 мың көрермен еркін сыяды. Бас қалада өтетін көшпелілер ойындарының идеясын көрсету мақсатында жүзеге асатын «Бірлік керуені» жобасы дүниеде жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орындағы қазақ даласын түгел қамтып, шарлап шығады. «Көшпелілер әлемі» этноаулының апта бойы тарқамайтын думанын ақындар мен сал-сері, әнші-жыршылар кіргізеді. Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлейтін этноауылға күніне 30 мың көрермен ат байлап, аралауына бар мүмкіндік жасалады. Ұлттық музейде болатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның да арқалар жүгі салмақты. Көшпелі халықтардың мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, әділ баға беру осы бағыттағыларға жүктелмек.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген тапсырмаларының аясында Ұлттық спортты дамытудың жол картасы әзірленді. Бұл жұмыс ұлттық спортты олимпиадалық спорт деңгейіне көтеру жолындағы бастамалардың өзегі саналады. Ұлттық спорт қауымдастығы жұмысты жаңа қарқынмен, жаңа форматпен, жаңа көзқараспен жүзеге асырып жатыр. Келесі жылы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 10 жыл толады. Жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, ұлттық спорт саласының олимпиадасына айналып келеді. Осы жарысты ұйымдастыру арқылы біз мәдениетіміз бен тарихымызды, руханиятымыз бен қолөнерімізді, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды бүкіл әлемге насихаттауға зор мүмкіндік аламыз. Алдағы халықаралық деңгейдегі спорт бәсекесі ұлттық спортты дамытуға да серпін берері анық. Елімізде ұйымдастырылатын ұлттық спорт додасы аса жоғары деңгейде өтіп, елімізге үлкен абырой әкеледі деген сенімдеміз.
Этностық спорт түрлерінен үш мәрте: 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата шәрінде өтіп, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында жүлгесі жалғасқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын Астана төрінде абырой биігінде өткере алмасақ, елдігімізге сын болмақ. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу ұлттық спортымызды дамытуға даңғыл жол ашатын зор мүмкіндік екенін айтқан еді. Байрақты бәсекені жоғары деңгейде, сән-салтанатын асыруға күш салуды жауаптыларға тапсырды.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 8–14 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Әу бастағы ұстанымы көшпелі халықтың мұрагері екенін дүйім елге әйгілей түсу мақсатында қолға алынған доданың бұл күнде ауқымы кеңейді. Тіпті көшпелілікпен күнелтпеген отырықшы елдердің де ықыласы ауып, бәйгеге түсуге бейім. Бас қаланы бір апта дүбірге бөлейтін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысуға құмбыл елдердің қатары 100-ден асып кетуі бек мүмкін. Ұйымдастыру дирекциясына өтініш жолдау мерзімі осы жылдың 15 шілдесіне дейін жалғасады.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының кезекті додасын ұйымдастыру аманаты ел Үкіметіне жүктелмек. Ойындарға қажетті инфрақұрылымды дайындау бағытында ұйымдастыру комитеті құрылды. Премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін комитет құрамында мемлекеттік өкілетті органдардың басшылары, облыс һәм республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, ұлттық компания, кәсіпорын, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бар.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының инфрақұрылымын жүйелеу де аз шаруа емес. Сайыстар ұйымдастырылатын спорт кешендерінің бір бағыт белдеуінде болғаны бәріне тиімді. «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» атшабары, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика, «Думан» спорт кешендері бір-бірінен тым қашық емес. «Қазанат» атшабарының маңына қазығын қағып, уығын қадап, шаңырағын көтеретін этноауылда садақ ату, құс салу, ат үстіндегі сайыстар ұйымдастырылады. Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен һәм халық ойындарынан дода өтеді. «Думан» кешені дәстүрлі зияткерлік ойындарды қабылдайды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына аккредитация беру мен жабдықтау орталығы «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасады.
Бұған қоса бас қаланың саябақтары, қоғамдық орындар, театр, концерт залдары, мұражай, көрме павильондарында да түрлі іс-шара өткізіледі. Ғылыми бағдарламалар аясындағы игі шаруа Ұлттық мұражайда болады. Келген қонақтың қолайына қону үшін спорттық нысандарға іргелес қонақүйлер есігін айқара ашады. Салтанатты ашылу рәсімі мен жабылу кешінде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуші елдің төл мәдениеті театрландырылған қойылымдар арқылы әйгілене түседі.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Тақымдағы тартыс – көкпарда кеткен есе
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өткелі бері көкпарда қазақ пен қырғыз арасындағы тартысты жылдап күтетін жанкүйердің шоғыры қалың. Олай болатын да жөні бар. 2016 жылы Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының финалдық тартысында қырғыз шабандозының көпе-көрінеу біздің шабандозды ат-матымен қағып құлатып, адам өміріне қасақана қатер төндірген еді. Содан кейін де екі ел көкпаршыларының сыйластығына салқын тиді. 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО көрмесі аясындағы көкпар додасына Манас Ниязов қатыстырылған жоқ. Одан кейінгі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында серкені қатері мол қазандыққа емес, қауіпсіз саналатын шеңберге тастайтын көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атанды. Алдымен Өзбекстан құрамасын 8:1 есебімен тас-талқан етті. Екінші айналымда Моңғолия көкпаршыларын 12:2 нәтижесімен жеңді. Финалдық сайыста Қырғызстан құрамасын 4:3 есебімен еңсеріп, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас бәйгесін бөктеріп кетті. Содан бері де қырғыздар кеткен есені қалайда қайтарудың қамында Ыстықкөлдің құмды жағалауында қыстай көкпар тартып, қызу әзірлік жүргізіп жатыр.
Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Қуанышбек Құрамаевтан жігіттердің дүние додасына дайындығы барысын сұрағанбыз. Әрине, біздің елде тек оңтүстік өңірдегі облыстарда қыстай көкпар үзілмейді. Ал теріскей мен батыстағы қар астында қалған ауылдарда көкпарға атап бауыздалған көк серкені көктемгі жылымықтан бастап тартады. Бас бапкер жігіттердің жекелеген әзірлігі жоспар бойынша өтіп жатқанын жеткізді. Оқу-жаттығу жиынынан сырт ішкі чемпионат ұйымдастырылып, құрамаға мүше шабандоздардың әбжілдігін тағы бір қайнауда сынап алмақ.
«Біздің жігіттер екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының финалдық бәсекесінде қырғыз көкпаршыларын ұтты. Өз елімізде, бас қаламызда болатын көкпар додасында жігіттер сол биігінен төмендемейді деп сенім артамыз», деді ұлттық құраманың бас бапкері Қ.Құрамаев.
Балуандар барын салады
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазақ күресінен балуандарымыз жерге қаратпауға тиіс. 2022 жылы Түркияда өткен көшпелілер додасында жыртығымызды бүтіндеген де осы балуандарымыз еді. «Qazaq Kuresi» ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында төл өнеріміз қазақ күресінен қыз-жігіттер аянып қалмайтынына нық сенімді екенін жеткізді. Екі жыл бұрын Изникте өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазақ күресінен балуандарымыз 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль олжалаған еді. Төл өнеріміз қазақ күресінен бәсекелестік тым жоғары. Басқаны қоя тұрып, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде алыптардың бәрін жайпап, тайтұяқ пен алтын белбеу алған Мақсат Исағабыловтың өзі көшпелілер ойындарында қола медальға әзер қол жеткізді. Демек балуандар барын салып әзірліктен өтпесе, оңай жерде олжа жоқ. Екі жыл бұрын Түркия төрінде ерлер арасынан тек Марат Нығматуллаев пен қыздар сынында Зарина Сарипова ғана чемпион атануы қазақ күресінен өзге елдердің де деңгейі өскенін әйгілейді.
Мергендер мүлт кетпесе игі
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында садақ атушылар екінші мәрте қатысады. Бұған дейін тұңғыш рет Түркияда өткен IV көшпелілер додасында бақ сынады. Ал Қырғызстан еліндегі додаларға тек жамбы ату сыны бойынша мергендеріміз қатысқан еді. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында садақшыларға зор сенім артылып отыр.
Изникте өткен көшпелілер ойындарында Қасымхан Қанат, Азамат Нұртаев, Әли Сессигузель, Айым Тілепберген, Аяулым Аппазова, Анжелика Тарыца мергендігін сынаған еді. Қасымхан 105 спортшының арасынан күміс жүлдегер атанып қайтты. Көшпелілер ойындарының алтын медалін түрік мергені Оғыз Оқшы олжалап, мейманасы тасыған-ды. Оқшының Оғыз баласы биыл да додаға қатысады. Одан бөлек көшпелілер ойындарынан олжасыз қайтпайтын қырғыз спортшысы Азамат Ақынов, татарстандық Ильдар Сайфулин де садақ ату сайысында бағын сынайды. Қыздарымыз екі жыл бұрын Изникте іріктеу кезеңінен өткенімен, жүлдеге таласта жебесі тоғыздыққа дөп тиген жоқ. Бабаларымыз мергендігімен әйгіленген біздің елде садақ ату кенже дамыған спорт түрі саналады. Ресми федерация құрылып, кәсіби ұйым ретінде танылғанына да бірер жылдың бедері болды. Бұқаралық спортты дамытуға таптырмас өріс болатын саланың бірі – дәстүрлі садақ ату сайысы. Садақ атуды жауынгерлік өнер дәрежесінде көрген бабаларымыз өгіз терісі талысты керіп нысана етіп, балаларының қырағылығын сынаған дейміз. Ал бірақ жазғы Олимпия және бертінде басталған Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында әлі алтын медаль бұйырмай тұр. Бұқаралық сипат алып, дамудың даңғыл жолына түссе, бізде қол мергендер де, көз мергендер де ел ішінде жетеді. Бұл – енді басқа мәселе.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында садақ атудан әйелдер сынында Словакияның мерген қызы Биал Джудит, татарстандық Татьяна Павлова, қырғызстандық Әсел Садырова сынды үздіктер де додаға түседі. Осындай оғландардың ортасынан озық шығу –садақшы мергендерімізге аманат.