Түркістан облысында күн жылынып, толассыз жауған жауын салдарынан өзен-көлдерде су деңгейі көтерілді. Мереке күндері жауын-шашын бірқатар ауданда ауыл тұрғындарын әбігерге салды. Мысалы, Сауран ауданына қарасты Теке ауылы маңындағы Қарашық өзені арнасынан асып, бірқатар ауланы су басты. Ол үйлердің тұрғындары ауылдықтардың көмегімен қауіпсіз жерге шығарылған. Төтенше жағдай қызметкерлері су қашыртқыларын тазалап, көп ұзамай су деңгейі төмендеп, қауіп сейілген.
Созақ ауданы Қаратау ауылдық округінде толассыз жауған жауын салдарынан таудан аққан су деңгейі арнасына сыймай, Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдың су өткізгіш құбырын шайып кетті. Ал Бақырлы ауылында кіреберістегі көпірді су шайды. Қажетті мамандар мен 14 арнайы техника жұмылдырылып, Қаратау ауылындағы су өткізгіш құбыр қалпына келтірілді. Ондағы барлық күштік құрылымдар Сарыжаз елді мекеніне жұмылдырылды.
Дәл осы күні таңда Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы Байылдыр өзенінде тау суы ағып, жауын-шашынның мөлшерден мол түсуіне байланысты өзендегі су деңгейі көтерілді. Толассыз жауған жауын салдарынан Жарбасқан өзеніне таудан келген судың көлемі 60-80 м3/сек ұлғайып, Кентау – Қарнақ тасжолы бойындағы көпірдің бөлігін су шайды. Көпірдің Қарнақ ауылы жағындағы бірінші тірегі 1,5 метрге дейін отырған, бетінде жарылулар пайда болған. Қала әкімдігі тарапынан көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Алайда су ағысының қарқыны жоғары болуы салдарынан қойылған бетон және қиыршық тастарды су шайды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жабылып, уақытша айналма жол салу жұмыстары ұйымдастырылды. Оқиға орнында құзырлы органдар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Елді мекенге қауіп жоқ.
Түркістан облысы су тасқыны бойынша қаупі жоғары өңірлердің қатарына жатады. Жалпы, елдегі су тасқынының жиі орын алуының негізгі себептерінің бірі – гидротехникалық құрылыстарға, каналдарды тазалауға бөлінген қаржының талан-таражға ұшырауы деуге негіз бар. Мұндай жайттар анықталып та жатыр. Дайындық шараларын орындауға қатысты формалды тәсіл сақталады. Ескертулерге қарамастан әкімдіктер «Жол картасының» іс-шараларын іске асыруды қамтамасыз етпейді. Су тасқыны көбіне су бұру арналары болмағандықтан және өзен арналарында уақтылы әрі сапалы тазарту жұмысы жүргізілмегендіктен де болады.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су тасқынына дайындық деңгейін анықтау үшін гидротехникалық құрылыстарға қатысты мәселе қозғап, бірқатар облыс әкімдіктері, оның ішінде Түркістан облысы да коммуналдық және жекеменшіктегі гидротехникалық құрылыстарда көпфакторлы тексеру жүргізбегендігін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол аталған әкімдіктер шұғыл қаражат бөліп, осы тексеруді жүргізу керектігін айтты. Осы мәселелер жуырда облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы фракциясының көшпелі мәжілісінде талқыланды. Жиында өңірдің оңтүстік аудандарындағы су тасқынына дайындық жұмыстары баяндалды. Мысалы, Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев 19 елді мекенде су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары қолға алынып, каналдар мен қашыртқылардың механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, арық-атыздарды механикалық тазалаудан өткізу, қашыртқылар қазу, бетон лотоктарын орнату, су сорғылар қою жұмыстары атқарылғанын мәлімдеді. Сарыағаш ауданы аумағынан Келес өзені мен барлығы 88 канал ағып өтеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, былтыр 20 канал механикалық тазалаудан өтсе, биыл 68 су нысаны тазаланған. Аудан аумағында жауын-шашын, еріген қар су салдарынан су басу қаупі бар аумақтар анықталып, тұрақты бақылауға алынған.
Жалпы, өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоғарыда айтып өткен Сауран ауданындағы су басу қаупі басым аймақтарды аралап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді. Сырдария өзенінің ағысындағы елді мекендердің тұрғындарымен жүздесті. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе жаңбыр суын сору жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жолындағыны жайпап өтетін қызыл судан қорғану үшін бөгеттер қойылып, су арналары қауіпсіз аймаққа ауыстырылған. Құрал-жабдықтар мен инертті материалдар ретке келтірілді. Тасқын кезінде халықты шұғыл эвакуациялауға арналған орын дайындалған.
Түркістан облысы