Түрікменнің әйгілі ақыны Кеминенің: «Мақтымқұлы ақындық аймақтың астығын түгел орып кетті, біз содан қалған бірді-екілі масақты терушілер ғанамыз», деген сөздерінен-ақ ақынға деген сүйіспеншілігін, оның талантына деген ерекше ілтипат – ықыласты айқын аңғаруға болады.
Мақтымқұлы 1724 жылы Геркез аулында дүниеге келген. Ауыл мектебінде, кейін Хиуадағы Шерғазы медресесінде оқыған. Әкесі Довлетмамед Азади тек қана түрікмен еліне емес, бүкіл Шығысқа танымал ақын болған. Мақтымқұлы әкесінен көп үйренеді, хат танып, ерте есейеді. Ол өмірдің ауыртпашылығын көп көреді. Өлеңдерінің біраз қолжазбасын шапқыншылық кезінде жоғалтады.
Ақын өлендерінің тақырыбы әр алуан. Онда батырлықты мадақтаған жырлар да, Шығыс үлгісіндегі дидактикалық сарындар да, ескі аңыздар сюжетіне жазылған шығармалар мен табиғатты, адал махаббатты ардақтайтын лирика да мол кездеседі. Ақын түрікмен руларының өзара жауласушылығын аяусыз шенеп, оларды үнемі бірлікке шақырып отырған. Оның шығармаларында елдің тәуелсіздігін сақтау үшін тек бірліктің жеткіліксіздігі, ерлік пен батырлық дәстүрді берік сақтау қажеттігі қозғалады. Осыдан барып оның шығармаларының басты кейіпкері – ел үшін еңіреген ердің жаңа образымен толысады.
Ақын шығармашылығы тек тақырыптық жағынан бай болуымен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар көркемдік тәсілдері пайдалана білуімен, шабыт келген кезде әрбір сөздің бейнеге айналуымен таңғалдырады:
«Көзден аққан қанды жасқа,
Қайғым менен қасіретіме
Қара тас та бей-жай қарап қала алмас!»
Тағы да:
«Таулар басын иеді тұман көрпе оранып,
Көтере алмай құрсағын жел де ауырлап, жер сызып»
деп жырлайды.
Ақынның мұндай керемет жыр жолдарын оның әрбір өлеңінен кездестіруге болады.
Мақтымқұлы – өзі өмір сүрген дәуірінің әлеуметтік және мәдени қасиет-қағидаларын жырларында дәріптеп, ғасырдан ғасырға жеткізген ойшыл ақын. Жазушы Шыңғыс Айтматов: «XVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдерінің ғасыры болды. Оның ғасырдан ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол – жүрегі сөйлеген философ болатын» деген екен. Бұл – ақын шығармашылығына дәл берілген баға.
Мақтымқұлы шығармалары қазақ тілінде 1947, 1959, 1968 жылдары бірнеше дүркін жарық көрді.
Қазақ ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы өзінің «Мақтымқұлы Пырағы» атты көлемді мақаласында академик Рахманқұл Бердібайға сілтеме жасай отырып, түрікмен шайырының бірнеше шығармасы мен Абай өлеңінің өзара ұқсастығы мен орайластығы қайран қалдыратынын жазады. Ол бұл үндестіктің себебін екі ақынның тәлім алған дәстүрінен, Шығыс поэзиясынан үйренген үлгісінен, халық ауыз әдебиетінің қазынасынан, қазақ пен түрікменнің көшпелі тұрмысының біркелкілігінен іздейді.
Ғалым Мақтымқұлы жырындағы «Аш қаршыға, алғыр лашын келгенде, Мыңы жүрсін үйрегің не, қазың не» деген жолдар Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дегенін ойға оралтатынын айтады. Мақтымқұлының «Қартайдым құр өмірімді қараң ғып, Дерт ұлғайды, іш қазандай қайнайды» деген өлең жолы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманымен» үйлесетінін мысалға келтіреді. Әрине, екі ақынның танымы мен түйсігі, талдауы мен талғамы әр басқа. Тағдырлары да бір-біріне онша ұқсамайды. Елдік мүдде, ұлттық ұстаным тұрғысынан үйлесім тапқанымен, поэтикалық қуаты жағынан әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
Абай – қазақ поэзиясын, Мақтымқұлы – түрікмен поэзиясын қайтадан өлшеп-пішкен теңдессіз ақындар. Олар ұлт өлеңінің жаңаша өлшем бірлігін қалыптастырды. Көбіне-көп сонысымен ұқсас десек, қателеспеген болар едік. Солай десек те, Мақтымқұлының «Ішім – нала, сыртым – жара, Сау қалғаны құлқын ғана» деген байламы мен Абайдың «Ішім – өлген, сыртым – сау» тұжырымы әр ақынның өз биігін танытады. Жалпы, Мақтымқұлы мен Абай поэзияларында біріне-бірі етене жақын сарындар мен әуендер жиі көздесіп отырады. Екеуі де ел бірлігін, адамдар арасындағы татулықты, ынтымақты айрықша қастерлеген.
Мақтымқұлыда:
«Дос келетін болса достың қасына,
Тебіренеді топырағы, тасы да.
Жұрт жиналып бір дастарқан басына,
Бағы жанып, тасар жұрты түрікменнің», десе,
Абайда:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
Малыңды жауға, басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас», – дейді.
Түрікмен әдебиетінің сипатын өзгерткен Мақтымқұлы поэзиясы әдебиетті дәуірлетуде бағдар алатын нақты өлшемнің бірі болуға әбден лайық. Оның өлең-жырлары қалың қазаққа Ғали Орманов (Мақтымқұлы. Таңдаулы өлеңдер. Алматы: ҚМББ, 1947), Ғафу Қайырбеков (Мақтымқұлы. Таңдамалы өлеңдер, Алматы: ҚМББ, 1959), Дүйсенбек Қанатбаев (Мақтымқұлы. Таңдамалы, Алматы: Жазушы, 1983) аудармалары арқылы жақсы таныс. Сонымен қатар ұлы ақынның біраз өлеңдері 2009 жылы шыққан Светқали Нұржанның «Әулиелер әуезі» атты аударма кітабында, 2012 жылы «Қазақ энциклопедиясынан» шыққан «Түрікмен поэзиясы» атты жинақта жарияланды.
Мақтымқұлының ақындық шеберлігін орыс ғалымдары мен әдебиетшілері де жоғары бағалаған. Мысалы, белгілі шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс: «Мақтымқұлының шығармашылық дарынының бүкіл тереңдігін сезіну және барлық қырларын аңдау үшін тануға деген ұмтылыстан жалықпау әрі оның әрбір шығармасының, әрбір поэтикалық жолының, әрбір сөзінің шынайы мәнін сезіну қажет» деген түйін жасайды.
Түрікмен әдебиетін зерттеуші Марина Агаеваның тұжырымына сүйенсек, Мақтымқұлының тамаша поэзиясының алтын арқауы түрікмен фольклорында, ақынның халықпен тығыз бірлікте болғандығында, олардың ой-арманы мен мұң-шерін өзінің философиялық толғамға толы айшықты өлең-жырларында айқын таныта білуінде.
Мақтымқұлы түрікмен поэзиясында алғаш рет қарапайым адамдардың бәріне түсінікті халықтық тілмен жазды. Түрікмен ақынының шығармашылығына қатты қызыққан М.Е.Салтыков-Щедрин: «Осы бір талант иесін Шығыстың Шиллері дер едім. Мен оны Александр Сергеевичпен қатар қоюдан тартынбаған болар ем» деп жазады.
Ахмет Ясауи, Фирдоуси, Юнус Емре, Әлішер Науаи секілді ұлы ақындар Мақтымқұлы шығармашылығының дамуына және ақындық табиғатының қалыптасуына айрықша әсер еткен. Түрік әдебиетін тізбелік жағынан алғаш рет жіктеген әдебиеттанушы ғалым Мехмет Фуат Көпрүлү Мақтымқұлыны Ахмет Ясауидің ізбасары Нақшбанди шейхының дәрісін тыңдаған деген дерек айтады. Мақтымқұлы бір өлеңінде «Ауа райымның иесі – Ахмет Ясауи» деп жазған.
Мақтымқұлы дін тақырыбындағы шығармаларында Мұхаммед Пайғамбарымыз, басқа да пайғамбарлар туралы махаббат пен сүйіспеншілік, жалпы адамдық қасиет пен ұлттық құндылықтар, адамның материалдық және рухани өмірін шынайы жырлап, айналасына өнеге-өсиет айтып отырған. Жақсылық пен жамандық, ерлік пен қорқаулық, аштық пен тоқтық, сұлулық пен жауыздық психологиялық паралеллизммен жырланады. Ойшыл ақын өз шығармаларында дұрыс құлшылықты, ақиқатты насихаттаған. Алла тағалаға сенген әр құлдың көңілінің және ақыретте төрт жағының тең болуын жырлап, халықтың жүрегіне ізгілік отын таратқан. Ақын қасиетті пайғамбарларымыз Мұхаммед, Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Иса туралы көптеген ұлағатты сөз жазып, жан дерті шипа іздеген.
Мақтымқұлы адам өмірінде кездесетін олқылықтарды сынып-мінеп оқу-білімді, парасаттылықты өте жоғары бағалады. Адам баласының қайырымды, мейірімді, иманды болуына ерекше мән берді. Ата-ана алдында перзенттік парызды орындауға, ата-баба салтын және түрікмен жерінің бірлігін сақтауға үндеді. Азаматтар бас құраған кезде «Мақтымқұлы айтпаған сөз бар ма?» деп көңілдері толып отыратын.
Әлемдік деңгейдегі сөз шебері бола тұра, Мақтымқұлы – ең алдымен, түрікмен халқының ұлттық ақыны. Оның туған халқына деген сүйіспеншілігі мен жан жылуына ешнәрсе тең келмейді. Нақ осы Отаны мен туған халқына деген шексіз махаббаты, оның тағдырымен байланысты терең ойлары Мақтымқұлын ұлт ақыны аясынан шығарып, бүкіл адамзаттың ақыны дәрежесіне көтерді. Ғұлама Мақтымқұлы әлемнің әр түкпіріне шашырап кеткен, біртұтас мемлекеті жоқ түрікмендерді игілікке, келісімге келуге, ұлттық бірігуге шақырды. Мақтымқұлының ұлылығы – бытыраңқы өмір сүріп жатқан барлық түрікменді біртұтас ұлт болуға алғашқылардың бірі болып шақыруында және оны насихаттауында.
Мақтымқұлының тілі жеңіл және түсінікті болғандықтан, оның жазған өлеңдері осы күнге дейін ауыздан ауызға тарап, ел ішінде сақталып қалған. Шығармаларында шағатай әдебиетінің әсері бар делінеді. Ол – түрікмен әдебиетінің ғана емес, түрікмен халқының да данагөй ұстазы. Ақын дәстүрлі түрікмен әдебиетін дамытып қана қоймай, сол замандағы түрікмен халқының рухын жандандырды. Философ ақын 150 жылдан кейін болатын түрікмен бірлігін түсінде көре білген делінеді.
Мақтымқұлы өмір сүрген дәуір тым күрделі әрі шиеленіске толы болды. Ол – қатты күйзелістер мен түрлі жағдайлардың иірімдеріне түсіп қалыптасқан ұлы тұлға. Ақынның жастық шағы түрікмен-афшарлар, ал көрнекті ойшыл ақын ретінде қалыптасқан кезі түрікмен-қаджарлар билік құрып тұрған кезбен тұспа-тұс келді. Әрине, билеуші афшарлар да, қаджарлар да түрікмендер болды. Бірақ түрікмен халқы да, Мақтымқұлы да оларға риза болмады, өйткені олар түрікмендердің ұлттық мүдделеріне жеткілікті деңгейде қамқорлық көрсетпеді. Сондықтан бұл мемлекеттерді Мақтымқұлы мен оның халқы армандаған түрікмендердің ұлттық мемлекеті деп атау қиын еді. Сондықтан ол: «Елім мен жылдарымнан тартқан азабым көп менің» дей отырып, өзінің дәуірге деген көзқарасын ашық білдірген. Міне, осындай қиын да ауыр кезеңде Мақтымқұлы халқын «бақытты өмірге» апарар жол іздеп, «мәңгі көктемге қол жеткізуді» армандады. Тіпті ол Бұхар мен Хиуада, Ауғанстанда не Үндістанда, Румыстанда не әлдебір басқа елде саяхаттап жүрген, «бір өлкеден бір өлкені кезіп жүрген» кезде де туған халқы мен оның тағдырын ойлаумен болды.
XVІІІ ғасырда Мақтымқұлының «түрікмен тайпаларының басын біріктіру» жайындағы негізгі әлеуметтік ойын іске асыру үшін кедергі мен қарама-қайшылық көп болды. Бұл жүз жылдықта әрбір түрікмен тайпасы өзінің жолын өз бетінше жеке-дара іздеді, тайпалар арасындағы алауыздық тым күшті болды. Түрікменнің ұлттық мемлекетінің болмауы, бұл тайпалардың түрлі жерлерден қорғаныш іздеуі алауыздықты күшейтіп, оларды бір-бірінен одан сайын жырақтата түсті. Осы кезде ғұлама ойшыл Мақтымқұлы халық үшін ең азулы жау – бытыраңқылық екенін қайта-қайта қайталаумен болды, өзара ортақ түсіністік, барлық тайпалардың бірігуі, бір мақсатқа және бірыңғай мемлекетке қызмет ету қажеттігін айтты. Ол өзінің «тамаша халқының» санасына біртұтас түрікмен ұлтын, мықты әрі мызғымас түрікмен мемлекетін құру үшін күресу керек екенін, тек сол кезде ғана «түрікмендер үшін бақытты өмір» туып, халық пен мемлекетке ешқандай зұлым күш қарсы тұра алмайтынын түсіндіруге тырысты.
«Дос келетін болса достың қасына,
Тебіренеді топырағы,
Тасы да.
Жұрт жиналса бір дастарқан басына
Бағы жанып,
Тасар нұры түрікменнің».
Мақтымқұлының бұл идеясы баршаға түсінікті әрі жақын. XVIII-XIX ғасырларда бұл өлең түрікмен халқының ұлттық Гимні ретінде қызмет етті. Бірақ бытыраған халықтың басын бір дастарқанның басына қосу үшін көкейдегі арманды қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін ойшыл ақын барлығы «бір адамның аузына қарап», бір басшының айналасына бірігу қажет деген идеяны ұсынды. Ақын қандай да бір ауыр жағдайда қалып, тұйыққа тірелсе де, ешқашан өз халқының жарқын болашағына деген сенімін жоғалтқан жоқ.
«Бар адамға ортақ болса дастарқан,
Көңілдер де шығар еді бір жерден»
деген Мақтымқұлы жыры өз заманында аңызға айналды.
Басынан өткізген сан қилы замандарда да түрікмен халқы әдеби-рухани құндылықтарын қорғай білді. «Көрғұлы», «Шахсенем-Ғаріп», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Қорқыт ата» секілді халық дастандары тілдің жоғалмауына және әдебиеттің жалғасуына негіз болды.
Мақтымқұлының түрікмен халқының алдындағы ең үлкен еңбегі – олардың басын біріктіру үшін жүргізген күресі және алауыздықты айыптауы дер едік. Ұзақ уақыт бойы түрікмен халқының көптеген ұрпағы оның бірлік сабағынан тәрбие алып та, тәрбиеленіп те келеді. Өмір мықты мемлекет құру туралы армандаған Мақтымқұлының жарқын идеясының өміршеңдігін дәлелдеді.
Мақтымқұлының ел тағдыры туралы толғамдары зорлық пен зобалаңнан езіліп-егілген жұрттың қай-қайсысының да мақсат-мұратымен үндес дәстүрлі зар заман сарындарынан алыс еместігін байқаймыз:
«Білсең бәрі – нышанасы қиямет,
Залым біткен тәубе етуді тастады.
Жарлы ат мінсе, есептелер есекке,
Дәулеттінің есегі де ат болар.
Аузым барып айттым заман қайғысын,
Ақырзаман қалмады ма жақындап?
Баянсыз мынау дүние,
Заманымды тар қылды.
Ақыры жетіп түбіме,
Шаттығымды зар қылды.
Шырылдадым, зарладым.
Зар заманды қарғадым».
Иә, қазақ пен түрікмен елдері арасында ежелден келе жатқан байланыс бар. Бір мысал айта кетейік. XIX ғасырда атақты күйші Дәулеткерей түрікмен еліне барып, жақсылар мен жайсаңдармен жүздесіп, пікірлесіп біраз уақыт болады. Түрікмен халқының қонақжайлығына разы болады, қайда барса да жақсы қарсы алып, кеңпейіл, асқан қонақжайлылық көрсетеді. Қоштасар кезде қонақ қабылдаушы жағы сыйлық ретінде көп мал береді, көп дүние береді. Ұлы күйші: «малды алмадым – өледі ғой деп, дүниені алмадым – тозады ғой деп. Еліме түрікмен бауырлардан өлмейтін, тозбайтын бір байлық әкелдім. Ол – халқымызбен бірге жасар асыл мұра «Көроғлы» күйі» деген екен. Расында да сол азбас, тозбас күй халқымыздың рухани мұрасына қосылғалы қашан, қанша жылдар өтті.
Осындай байланыстар қазіргі кезде Мақтымқұлының 300 жылдық мерейтойы тұсында кеңейе түсті. Астана қаласында өткен көрме, мерейтойға арналған конференция-жиын, мақалалар, түрікмен елінен келген ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бауырлас халықтар арасындағы байланысты өсіре түсті.
Мақтымқұлы – түрікменнің төлқұжаты, тілдесетін тілі, сөйлейтін сөзі. Биылғы аталып өткізіліп отырған ұлы тұлғаның, түрікмен классигі Мақтымқұлының 300 жылдығы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде түрікмен халқының атын аспандатып, беделін көтеріп, халықаралық деңгейде абыройын асқақтатар ұлы шаруа болмақ. Түрікмен халқы Мақтымқұлының атын шығарса, Мақтымқұлы түрікмен халқының атағын аспандатты. Бұл – егіз ұғым. Бірінсіз бірін көз алдымызға елестете алмаймыз.
Әр ұлттың өзіндік болмысы мен өшпес рухының баламасына айналған біртуар перзенттері болады. Түрікмен халқы үшін Мақтымқұлы – сондай тұғырлы тұлға. Ол алмағайып заманның үздіксіз өзгеріп, айлардың алмасып, жылдардың жалғасып жатқанына қарамастан, өз ұлтының ұлы ұстазы ретінде бағаланып келеді. Кеше де, бүгін де, болашақта да солай. Себебі елдің үрдісімен үндес, үлгісімен үйлес өлең-жырларға ешқашан көлеңке түспек емес.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор