Біздің ұлттық әдебиеттің алтын тамыры, негізгі діңгектерінің бірі – жыраулар поэзиясы. Мүмкін ертедегі қазақтың ақыл-ойы, сана-сезімі мен асқақ рухы кейіптелген жыраулар мұрасынсыз он екі де бір нұсқасыз тентіреп кетер ме едік, кім білсін.
Осынау ұлан-ғайыр ұлт қазынасын жинап, жүйелеп, ғылыми айналымға енгізген Мұхтар Мағауин жыраулар поэзиясын жоғары бағалайды. Демек біз ұмытуға болмайтын, әдебиет пен мәдениеттің қандай биігіне жетсек те, қайыра соғып отыруға тиіс. Егер өйтпеген жағдайда ашық күнде адасуымыз мүмкін, ұлт танымынан адастырмас темірқазықтың бірі жыраулар шығармалары екені сөзсіз. Асанқайғы, Қазтуған бастаған ол еңбектердің ішінде шоқтығы биік саналатын Бұқар жырау толғаулары туралы сөз қозғағанда, әрине әуелі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына жүгінеміз. Ел көмекей әулие атап кеткен жырау шығармаларын тұңғыш жинастырушы Мәшекең: «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек», депті. Бүгінге жеткен ол кісі айтқандарының жұқанасы ғана екенін осыдан-ақ бағамдауға болар.
Жақында тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев осы Бұқар толғауларының біріне қатысты пікір білдірді. Зерттеуші бұған дейін жыраудың өмірі мен шығармашылығына қатысты кітап жазып, көптеген мақала жариялағаны белгілі. «Жаныс Қарабайдың қолында, Түнде туған ұл едің» – Бұқар жырау мұрасына көлденең енген сөз» деген соң «Бес ғасыр жырлайды» кітабынан қарасақ, шынымен-ақ сондай жолдар бар екен:
«Әй, Абылай сен он бір жасыңда
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің».
Мұндағы «құл едің» деген тұс, сондай-ақ соңғы екі жол Жамбыл Артықбаев айтқандай жырға қисынсыз кіріктірілгені көзге ұрмай қалмайды. «Он бес жасқа келген жігіт Жаныс Қарабайдың қолында түнде туғаны» қалай? Сондықтан зерттеушінің мына пікірін қабыл көреміз:
«Бұл сөз Бұқар мұрасының негізгі иесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Имантай Сәтбайұлы (Потанин көшірмелері) жазбаларында жоқ. Алғаш рет 1931 жылы С.Сейфуллин құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» кітабында жарияланды. Жырдың негізгі контексінен көрініп отырғандай, бұл жерде арасына бес жыл салып адамның өмір белестерін жырлаған пәлсапалық толғауда Абылайды сынайтын, оның қай жерде, кімнің қолында туғанын түгендейтін себеп жоқ. Бұл толғау 1778 жылы Бұқар жырау тоқсан бес жасқа келіп, дүния ісінен безіп, Көкшедегі хан ордасымен қоштасқанда шыққан. «Иә, тойымсыз дүние» деп толғанған жырау дүние ісінен қол үзетін сәтіне асық. Өмір өтті, көз ілеспес жылдамдықпен балалық бал дәурен, жігіттік жиырма бес, орда бұзған отыз бес, қылыштай қарымды қырық бес, ел ісін елекке салған елу бес, алысты аңдаған алпыс бес, жеті қазынаның есебіне кірген жетпіс бес, самұрықтай серпіліп сексен бес – бәрі де тарихтың қойнына енді. Кәрі жыраудың ханға арнап айтқан соңғы толғауларының бірі өмір асулары туралы еді. Бір шалағай жыршы алған да жиырма жасқа Жаныс Қарабайды жапсыра салған. Бұл жерде Абылайдың жиырма жасындағы ерлігі, Шарышпен жекпе-жегі айтылуға тиіс еді.
Үмбетейше:
«Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда,
Ұмыттың ба соны, Абылай!» десе бір сәрі, Бұқарша:
«Алтын тұғыр үстінде,
Ақ сұңқар құстай түледің,
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа»
десе бір сәрі. «Жиырма жасқа келгенде Жаныс Қарабайдың қолында туып едің, оны да көрген күнім бар» деудің өзі абсурд. Осы себепті толғауды Бұқар жыраудың толғауы деп қабылдағанмен де, жоғарыда көрсетілген екі жолды толғаудың түпнұсқасы ұмытылған себепті кездейсоқ еніп кеткен қисынсыз дүние ретінде бағалаймыз. Толғаудың дұрыс нұсқасы:
«Әй, Абылай, Абылай!
Сен он бір жасыңда,
Тұрымтайдай ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Жылқысын бағып жүр едің.
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Жиырма жасқа келгенде,
Оны да көрген күнім бар.
Жиырма беске келгенде,
Бақты берді басыңа,
Тақты берді астыңа»,
деп жалғаса беретін ұзақ толғаудың дұрыс нұсқасын ұсынады. Бұдан былай кітап құрастырушылар Бұқар жырау шығармашылығын бастырғанда осындай түзетулерді ескерсе деген ниет біздікі. «Сәулесі бар жігіттер бір ойланар...» дегендей дүние.