Бірнеше апта бойы халықты қыспаққа алған су тасқынының беті әлі де қайтар емес. Кей өңірлерде қарғын судың екінші легі күтіліп отыр. Тұрғындар тек баспанасынан ғана емес, күн тыныштығынан да айырылды. Ал құтқарушылар мен жағдайға бей-жай қарамаған еріктілер күн-түн демей қолынан келгенше көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осынау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатқаны сәл де болса жанға жылулық ұялатады. Тасқынға байланысты Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Басқа өңірлердің белсенді жақсылары тұс-тұстан жылу жинап, қаржылай болсын, заттай болсын көмектесіп жатыр.
Елімізге тағы бір сынақ болған бұл жағдайды бауырлас елдер де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, жақында ғана Қырғыз Республикасы Қазақстанға 15 фура бастамашыл гуманитарлық көмек жолдады. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған жүкті Қырғыз Республикасы ТЖМ вице-министрі Урматбек Шамырқанов алып жүрді.
Жамбыл облысына жеткен 15 фураның ішіне азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, жылытқыштар және басқа да қажетті заттар тиелген. Енді бұл гуманитарлық жүк Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары арасында бөлініп, дереу жіберіліп жатыр.
Бүгін Түркия Республикасының елшілігі Қазақстандағы су тасқынынан зардап шегіп жатқан өңірлерге гуманитарлық көмек жібергенін хабарлады.
Ал Алматыдағы Түркияның бас консулы могаполистегі түркиялық компанияларды жинап, төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлерге қажетті заттарды жіберді.
Аталған қайырымдылық іс-шарасына «Тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ бастаған компаниялар атсалысты. Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүддеррисоглу азық-түлік өнімдері мен кілемдерден тұратын гуманитарлық көмекті Алмалы ауданының комьюнити орталығына жеткізді.
«Қазіргі ахуал біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Сел апатынан зардап шеккен барша ағайынмен әрдайым біргеміз. Оларға қымбатты Мусиад мүшелері, меценаттар гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Гуманитарлық көмек - 110 жәшік азық-түлік және 40 дана кілемнен тұрады. Біз зардап шеккен азаматтармен біргеміз», деді Эврен Мүддеррисоглу.
Қазіргі уақытта 10 облыста, атап айтқанда: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай режимі сақталып отыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. Ал қызыл су басқан аймақтардан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.