Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасындағы судың сыйымдылығы нормадан асып кеткен. Мұндағы су көлемі әдеттегіден 160%-ға артық. Бұл су көлемінің шекті деңгейі емес. Қазіргі сәтте жиналған судың биіктігі 3,5 метрден асқан. Өңірдің 8 ауданында жағдай әлі де күрделі. Көп ауылды су басу қаупі бар. Өңірдегі елу жолды су шайып кетті. Су басқан аудандардағы қауіпсіздікті бақылау және жергілікті тұрғындарға көмек қолын созу үшін өңірге мыңдаған Ұлттық ұланның әскери қызметшісі мен полиция қызметкері қызмет атқарып жүр.
Мәселен, су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу секілді өзге де жұмыстарға Ұлттық ұлан академиясының 400 курсанты тартылды. Үш оқу батальонының курсанттары Прибрежный, Ольшанка, Жылыжай кенттерінде және «Хромзавод» қалалық шағын ауданында инертті материал салынған қаптарды дайындау және оларды жерге төсеу жұмыстарына көмек көрсетіп жатыр. Олар жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді қатысып, су арнасын бұруға қолғабыс етіп жүр. Бұл жұмыстарға қосымша 16 техника жұмылдырылды, оның ішінде фронтальды тиегіш бар. Осы ретте академия курсанттарының еңбекқорлығын атап өткен жөн. Олар өткен тәулікте 8 200 құм толы қап дайындап, биіктігі үш метр болатын 150 метрлік тосқауыл жасады.
Сонымен қатар Қазақстанның батысында 5546 әскери бөлімінің 125 сарбазы 10 автотехниканың көмегімен су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде 50 сарбаз бен офицер 2 ауысымда полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Құлсары қаласының көшелерінде иесіз үйлерді тонауға жол бермеу үшін қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ аталған әскери бөлімнің 75 сарбазы қазірдің өзінде 1500-ден аса құм салынған қап дайындады. Айта кетейік, жеке құрам мұнай компанияларының бірінің аумағында орналасқан, ол тұрақты орналасу пунктінен 90 км қашықтықта.
Ел астанасында да су тасқыны байқала бастады. Талапкер елді мекеніне қауіп төніп тұр. Бірақ оның алдын алу жұмыстарына 6636 әскери бөлімнің 70 әскери қызметкері жұмылдырылды. Олар 2 ауысымда, күндіз-түні Қостанай тас жолы бойындағы Есіл өзенінің көпірін бақылауда ұстап отыр. Бұдан бөлек, бір жарым мыңнан астам құм толы қаптың көмегімен су келуі мүмкін жағаларды нығайтып жатыр. Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен және су басуы мүмкін елді мекендерде барлығы 1500-ден астам Ұлттық ұлан жауынгері қызмет атқарып жүр. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері инертті материалдар – құм немесе саз толтырылған 185 мыңнан астам қапшық дайындады және оларды қажетті жерлерге төседі.