Бүгін Алматыда InterContinental Almaty қонақ үйінде Орталық Азия елдерінде жасыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ластанған ауылшаруашылық топырағының био және фиторемедиациялық технологиялары бойынша халықаралық конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.
Конференцияның мақсаты – ескірген пестицидтермен, тұрақты органикалық ластаушылармен (ТОЛ) байланысты проблемалардың шешімін табу бойынша бірлескен күш-жігерді арттыру, қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зиянкестермен күресуге (IPM) кешенді және экологиялық таза шешімдерді пайдалану, Қазақстандағы және басқа да Орталық Азия елдеріндегі фермерлердің пестицидтерді пайдалануды азайту.
Конференцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Жаһандық экологиялық қор (GEF), Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Орталық Азия елдері мен Түркиядағы ТОЛ пестицидтерді жою және пестицидтердің өмірлік циклін басқару» бірлескен жобасы аясында ұйымдастырып жатыр. Кездесуге әртүрлі елдердің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, тиісті мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Форум аясында сарапшылар аймақтағы ФАО жобаларының нәтижелерімен, ластанған ауыл шаруашылығы топырақтарын қалпына келтіру және қауіпсіз өндіріске көшудің заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ пестицидтердің қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану тәжірибесімен танысады.
Конференцияның күн тәртібінде аймақтағы ауылшаруашылық топырақтарын қалпына келтіру шешімдерін ілгерілететін Орталық Азия елдерінің жұмыс тобын құру, сондай-ақ био-/фиторемедиация және басқа да экологиялық таза шешімдерді одан әрі дамыту және кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі бар.
Айта кетерлік бір жайт, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қаңтарында Римде ФАО бас директоры Цю Донгюмен кездесуінде Қазақстанда Орталық Азия үшін ФАО-ның субөңірлік кеңсесін құруды ұсынған болатын. Қ.Тоқаев жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жәрдем көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, Республикамыздың астық пен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіретіндіктен, бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ниетті екенін атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде көптеген ауылшаруашылық аймақтарының топырағы ТОЛ және пестицидтермен ластанған, бұл экологиялық және экономикалық қауіптерді тудырады, сонымен қатар ЕО нарықтарына азық-түлік экспортын кеңейтуге кедергі келтіруде. ФАО қолдауымен Қырғызстан мен Қазақстанда ТОЛ және ауыр металдармен ластанған топырақтарды биоремедиация және фиторемедиациялау бойынша сынақтар жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Конференцияға қатысушылар ФАО ұсынымдарын қолдану барысында алынған нәтижемен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге, 15-18 сәуір күндері аралығында конференция делегаттары ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша қосымша іс-шараларға қатысады, пестицидтердің өмірлік циклін басқару бойынша ФАО-ГЭФ жобасының нәтижелерін талқылайды және Қазақстанда ФАО-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан пилоттық нысандарды аралайды.
Осылайша, 17 сәуірде қатысушылар «Жеміс» шаруа қожалығының (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би кентінде) алма бақтарын аралайды, онда ФАО ұсынған экологиялық таза кешенді өсімдіктерді қорғау әдістемесін қолдану арқылы зиянкестермен күресу шараларының нәтижелері көрсетіледі. 2023 жылы басталған тәжірибе пестицидтерді минималды қолдануға және балама химиялық емес әдістерге негізделген. Сондай-ақ қонақтарға дрон қолдану арқылы егістіктерге бүрку процесі көрсетіледі.
18 сәуірде Аймақтық жобаның басқарушы комитетінің 4-ші отырысы өтеді.