Бейбіт күнде де ерлікке орын барын Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дәлелдеп келеді. Өз басына қатер төнсе де тілсіз жаумен алысқан 6655 әскери бөлімнің кадр бөлімшесінің басшысы, лейтенант Рысқали Еңсепбаевты да «Бейбіт күннің батыры» деп айтуға болады.
Оқиға Ақтөбеде 2018 жылдың 16 сәуірінде болған. Рысқали жұмыстан үйіне бара жатқан кезде Махамбет көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде төменгі қабаттағы терезенің бірінен қою түтін шығып жатқанын көрген. Әскери қызметкер ойланбастан үйдің ішіндегі адамдарды құтқару үшін жанып жатқан пәтердің ішіне қойып кетеді.
«Кешкі сағат алты жарымда жұмыстан шығып, үйге бара жатқан едім. Бұл жерден күнде өтемін. Сол күні үй жақтан қалың түтін шығып жатқан тұрғын үйді байқадым. Жақындай бергенде «Көмектесіңдер!» деген дауысты естідім. Ойланбастан дауыс шыққан жаққа қарай жүгірдім. Екі қабатты үйден түтін шығып жатты. Көршілер пәтерлердің бірінде мүгедектігі бар адам мен егде жастағы әйел бар екенін айтып үлгерді. Жүгіріп бара жатып тағы бір ер адамның екінші қабатта қалған балаларына көмектесуін сұрады. Оларды терезе арқылы түсірдік. Барлығы болған оқиғадан қорқып қалған екен. Абырой болғанда, адамдарды қауіп құшағынан шығарып үлгердік. Мұндай сын сәтте кез келген адам менің әрекетімді орындаған, қайталаған болар еді», дейді Р.Еңсепбаев.
Өз өмірін қауіп-қатерге тіккен лейтенант жанып жатқан үйден егде жастағы екі адам мен 2-4 жастағы балаларды да алып шыққан. «Түтінді көрген бойда ондағы адамдардың амандығын ғана ойладым. Көршілер уақтылы өрт сөндіруші қызметкерлерін шақырды. Басқа адамдар да үйлерінен шығып үлгерді. Мен бұл іс-әрекетімнен ешқандай ерлік көріп тұрған жоқпын», дейді кейіпкеріміз.
Дегенмен ефрейтор Рысқали Еңсепбаев антына адалдығы үшін Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталып, жоғары басшылықтың қолдауымен әскери бөлімде кадр бөлімшесінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ал жақында алғашқы «лейтенант» әскери шеніне қол жеткізді. «Бұл оқиға өмірімді түбегейлі өзгертті десем болады. Осыдан кейін ағайын-туыс, қарулас достар мен әріптестер арасында сый-құрметім өсті. Офицер атандым, отбасымда да барлығы ойдағыдай. Марапат үшін емес, өзіміз ұландық болған соң борышымызды атқарамыз. Бұл – біздің өмірлік таңдауымыз. Су тасқыны болсын, өрт болсын, ел ішінде қандай оқиға болсын, біз көмекке келуге дайынбыз», дейді ағынан жарылған Рысқали. Ата-бабамыз «жақсылық еккен алғыс орады» деп осындайда айтса керек-ті.