Бүгінде Достық үйлері өздерінің қызметін түбегейлі өзгертті. Олар азаматтардың күшін біріктіре отырып, түрлі бастаманы іске асырады. Достық үйлері – мәдени іс-шараларды өткізетін орын ғана емес, азаматтық қоғам институттары үшін ресурстық және коммуникациялық орта.
Апат айтып келмейді. Биылғы су тасқыны бәрімізді әбігерге салып, жоспарымызды өзгертті. Достық үйлері де үйреншікті жұмысын су апатымен күресуге бағыттады. Сын сағатта отандастарымыздың ауызбіршілігіне тағы да риза болдым. Олар ешкім айтқызбастан, қарапайым азаматтардан бастап, үлкен-кіші демей Достық үйлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар әкеліп жатыр. Сөйтіп, Достық үйлері «Жүректен – жүрекке!» акциясының алаңы мен гуманитарлық көмек жинаудың штабына айналды. Қазір біз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз.
Ассамблеяның Достық үйлері – бірегей бренд. Ол бүгінде – еліміздің 34 қаласындағы тұтас желі. Бүкіл қоғаммен бірге біз де өзгеріп жатырмыз. Біріншіден, біз 24/7 режімінде кеңселерде, кабинеттерде қамалып отырмай, шаруашылық, іс басында болып, адамдармен тікелей жұмыс істейміз. Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтарын насихаттаймыз.
Екіншіден, кешегі сессияда әлеуметтік нысандарды салу қажеттігі айтылды. Солардың ішінде көпұлтты елді мекендерде Достық үйлері болса, құба-құп. Бұл – өте маңызды. Қанатқақты жоба ретінде шалғай елді мекендерде жұмыс істеуге арналған көшпелі Достық үйлерінің форматын сынақтан өткізіп жатырмыз.
Үшіншіден, Достық үйлері әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы азаматтарды тарту орталығына айналды. Мысалы, біздің Достық үйімізде ерекше балаларға арналған сабақтар, белсенді ұзақ өмір сүру клубтары, әлеуметтік бағыттағы заңгерлік кеңестер бар. Сондай-ақ, мұнда кез келген адам мемлекеттік және басқа тілдерді тегін меңгере алады.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – Ассамблеяның басты басымдығы, оны барша этнос өкілдері қолдайды, қуаттайды. Этностық топтар арасында қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, сол тілде өлең жазу, әңгіме құрастыру қалыпты жағдайға айналды.
Қазақстан – көпмәдениетті және көптілді мемлекет. Бұл – біздің ерекше артықшылығымыз. Біз мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ этностар тілдерінде сөйлейміз. Ал тіл білуде, үйренуде тек артықшылықтарды көріп, бағалап, жаңа мүмкіндіктер табу керек.
Биыл Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен түркі әлемінің астанасы – киелі Түркістанда заманауи Достық үйі ашылады. Бұл жерде алуан түрлі мәдениеттің орталығына айналады деп үміттенеміз.
Руфина УСАНОВА,
Жетісу облысы Достық үйінің директоры