Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы аясында «ART & SCIENCE: Білімге құштарлық» Jambyl Book Fest кітап фестивалі ұйымдастырылды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында өткен іс-шараға «Алқа», «Ziyat», «Сардар», «Таймас», «Атамұра» бастаған өзге де баспалар мен есімі елге таныс авторлар, кітап дүкендерінің иелері қатысып, өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған іс-шара барысында жаңадан жарық көрген бірқатар кітаптың авторы мен баспагерлер кітапқұмар оқырманмен кездесулер өткізіп, пікір алмасты.
«Фестиваль аясында өткізілген жәрмеңкенің оқырман үшін пайдасы мол. Біз бірінше кезекте көркем әдебиет пен ғылыми танымдық әдебиетті дәріптеуге ден қойдық. Қаламгерлердің жазған дүниесін жұрт ішінде насихаттауға басымдық бердік.
Негізгі аудиторияның жастар болғаны белгілі. Сондықтан олардың бойында кітап оқуға қызығушылықты арттырсақ деген ниет болды. Әсіресе жастардың ғылым мен ғылыми кітаптарға деген ұстанымымен таныссақ деген ниеттің үдесінен шыққан секілдіміз», дейді Ш.Уәлиханов атындағы кітапхана директоры Эльмира Абдинова.
Жаназық жәрмеңкесі аясында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Жыл ішінде ең көп кітап оқыған азаматтар арнайы сыйлықтармен марапатталса, «Кітапханалар және ритейл»: тәжірибе алмасу» алаңына қатысқан мамандар баспа мен кітап дүкендерінің жұмысы, маркетингтік контенттің сапасын көтеру туралы ойларымен бөлісті.
Фестиваль-жәрмеңкенің екінші кезеңінде өзге елден келген мәртебелі меймандар мен белгілі ақын-жазушылармен кездесулер өткізілді. Іс-шараға белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, ақын Маржан Ершу бастаған өзге де қаламгерлер қатысты.
Жәрмеңке аясында Қанат Тілеуханның аз уақыт бұрын жарық көрген, қазіргі кезде оқырман тарапынан қызу талқыланып жатқан «Шатырдағы әйел» кітабының таныстырылым рәсімі өтті. Сондай-ақ өзге де бірқатар қаламгердің, жергілікті авторлардың кітаптарының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
«Жәрмеңкеде жұртшылықтың зор ынтамен кітап алып жатқаны қуантты. Келушілердің арасында кітапқұмарлар да, кітапқа аса қызықпайтындар да бар шығар. Бастысы, кез келген үйге кітап барса, оқырман табылады. Мұндай іс-шаралар рухани құндылықтарымызға соны серпін беретіні анық. Дүкен бір жерден сауда жасаса, жәрмеңке деген көшпелі ғой. Осы көштің басы ауылдарға да бұрылса жөн болар еді», дейді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.
Тараз