Ұлттық спорттың өрісін ұлғайтып, дамуына серпін беру заң жүзінде жүзеге асырылып, арнайы кодекспен қорғалғанда ғана іс ілгері басады. Келешекте заң қабылданса, төл өнеріміздің өркендеуіне мүмкіндік ұлғаяды деп үміт еткен топ бас қосты.
Қоңыр күзде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық жан-жақты пысықталып жатыр. Сондай іс-шараның бірі Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өтіп, «Қазақстандағы ат спорты мен ұлттық жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» дөңгелек үстел үстінде талқыланды.
Жиынға Ұлттық Ғылым академиясының президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми қоғамдастықтың, спорт клубтарының, Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері және оның құрамына кіретін федерациялардың басшылары мен атбегілері қатысты.
Елімізде спорттық жылқы шаруашылығын дамыту, ат спорты мен ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлау мәселелері талқыланып, дөңгелек үстелге жиналған қауым өз ойын ортаға салды. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті И.Салжанов бірнеше федерацияға бөлініп, жұмысын өрбітіп отырған ұлттық спорт түрлерін реттеу мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, ауқымды шаруа атқарылуға тиіс екенін баса айтты. Қазақстанда осыған дейін бұл саланы реттейтін бірде-бір заң қабылданбағандықтан да шаруаның жүйелі жүргізілуіне қолбайлау болатынын жеткізді.
«2022 жылы Ұлттық спорт қауымдастығын басқару маған жүктелді. Екі жылдан бері еңсеріп келе жатқан негізгі шаруамыздың бірі – осы ұлттық спорт туралы заң жобасын әзірлеу. Соның негізінде Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп әзірленетін заңда этноспортты дамытудың аспектілері қамтылады», деді И.Салжанов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық спортты дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеу де осы ұйымға жүктеліп отыр. Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелері және оларды шешу жолдары жан-жақты қамтылып, іске асырылатын жоспары мен нысаналы индикаторлары ұсынылады.
Дөңгелек үстелге жиналғандар Қазақстандағы жылқы зауыттарының қазіргі жай-күйін, ондағы ат спорты индустриясын дамытудың халықаралық талапқа сай келмейтінін, инфрақұрылымды алдымен қолға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар ұлттық ойындарға бейімделген жылқылардың санын көбейтпейінше, теңге ілу, көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату сынды ат үстінде өтетін бекзада өнерді дамыту мүмкін емес. Тағы бір кілтипан, спорт ғылымы мен спорттық медицинаны дамыту ақсап тұр. Бұған да баса көңіл бөліп, назар аудармаса, қолымызды мезгілінен кеш сермеп қаламыз десті жиылған қауым.
Елордада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен Ұлттық спорт жоғары мектебі құрылды. Алматыдағы Спорт және туризм академиясына алғаш рет «ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандығына және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринар» мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдау басталмақ.
Өз кезегінде Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанына, атты күту, баптау өзіндік бір ғылым екеніне тоқталды.
«Ат спортында жылқының күйін бақылау, рационалды азықтандырылуын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауруларға қарсы уақтылы екпе жасау – тікелей ветеринарлардың міндеті. Төл өнерді әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды даярлаудың жетіспеуі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, 2024-2025 оқу жылынан бастап, біздің университетте «Ат спортының ветеринариясы» мамандарын даярлау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ», деді университет ректоры.
Ұлттық спорт қауымдастығының қолдау көмегімен Сенат депутаттары қостанайлық жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заңға бастамашы болды. Бұл бүгінде Мәжілісте қаралу сатысында тұр.
Дөңгелек үстелге жиналған мамандар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында спорттық жылқыларды бақылау бағытында допинг зертханасын ашу, мал шаруашылығының өзекті саласы ретінде спорттық жылқы басын көбейтуге қатысты ұсыныстары қабылданып, заң жобасына қосылды.