• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 14 Мамыр, 2024

Іскерлік ынтымақтастық мүмкіндігі

92 рет
көрсетілді

Тегеран Халықаралық көрмелер кешенінде Иран Ислам Республикасының VI экспорттық мүмкіндіктері көрмесі өтті. Оған бес құрлықтың 96 елінен 700 сауда және инновациялық компанияның өкілдері, 2200-ден аса кәсіпкер мен экономика саласының сарапшы-маманы қатысты.

Сондай-ақ іс-шараға 40 елдің жоғары лауазымды саяси және экономикалық қайраткерлері қатысып, түрлі коммерциялық компаниялар арасында жүздеген келісімге қол қойылды. Бұл ретте Қазақстаннан жеке сектор­дың да көрмеге белсенді қатысуы екі­жақты экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін өте маңызды болды. Көрме ая­сын­дағы іс-шаралардың бірі – Иран-Қазақстан бірлескен сауда және өнеркәсіптік палатасы ұйым­дастырған 300 компания өкілдерінің қатысуымен өткен іскерлік кездесу.

Кездесу барысында қол жеткізілген келісімдер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бірлескен Жол картасын жүзеге асыру үшін аса қажет. Оның негізінде тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жет­кізу жоспарланып отыр. Иран мен Қазақстан жоғары лауазымды тұлғаларының іскерлік ынтымақтастықты кеңейту және екі елдің Үкіметаралық комиссиясы отырыстарының 19-кезеңінің өткізілуі екі ел ара­сындағы берік жігер мен эко­номикалық ынтымақ­тастықтың жарқын келешегін көрсетеді. Ал жеке сектор бұл ретте қозғаушы күштің қызметін атқарып отыр.

Иран мен Қазақстан арасын­дағы іскерлік ынтымақ­тастық­ты кеңейту шарттарының бірі – екі елдің мемлекеттік және жеке секторларының өзара мүмкіндіктері туралы танымын арттыру. Екі елдегі мұндай іс-шараларға, әсіресе, мамандандырылған көрмелерге белсенді қатысу қос тараптың экономикалық белсенділері­не өз өнімдерін өткізу кезін­де баға, сапа және қолай­лы қолжетімділік сияқты басқа да сауда артықшылықтарын пайдаланудың жақсы мүмкіндігі екені даусыз.