Батыл шешім. Ұтқыр қимыл. Көзсіз ерлік. Кәсіби намыс. Төртеуі тоғысқан жерде халықтың амандығын, елдің тыныштығын қорғауды сенімді қолға тапсыруға болады. Өйткені сын сағатта сертке берік, антқа адалдық таныта білетін тарландар қажет кезде батылдық көрсетіп, табандылық та таныта алады. Олар үшін өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тігіп, тұтқиылдан келген шабуылда батыл шешім шығаратын сәттерде отаншылдық рухты өлтірмеу маңызды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнайы мақсаттағы қызметінде сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар жиналған.
ҰҚК-тың «Арыстан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметі террористік оқиғаларға, жеке адамға, қоғамға, мемлекетке және өзге де аса қауіпті қылмыстың жолын кесуге бағытталған. Бұл қызмет алғашында «А» танымал тобының Орталық Азия өңірлік бөлімшесінің базасында құрылды. Сол уақытта 1974 жылы 29 шілде КСРО МҚК төрағасы Ю.Андроповтың жеке нұсқауымен құрылған алғашқы кәсіби терроризмге қарсы бөлімше осылай аталды. Кейін еліміз егемендігін алған соң 1992 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын «А» тобы терроризмге қарсы арнайы әскери бөлімше болып қайта жасақталды. Осылайша, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы ресми әскери бөлімі болса, 1993 жылы сәуірде «А» тобы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді. Тура бір жылдан кейін «Арыстан» арнаулы қызметі деген атау берілді. Оған арнайы даярлықтан өткен әрі денсаулығы мықты әуе-десанттық қызметке жарамды жігіттер ғана алынады. Іріктеуге алынатын үміткерлер жүзу, мылтық пен автоматты қарудан ату, қоян-қолтық ұрыс пен парашютпен секіру, психофизиологиялық сынақтан өтуге тиіс. Себебі бұл қызметке физикалық және психологикалық шамадан тыс жүктемелерге төтеп бере алатын, шешуші сәтте қорқыныш дегенді білмейтін жауынгерлер қажет. Кез келген операцияға мұқият қарау жүктелетіндіктен, мұндағы сарбаздар бірнеше минутқа, тіпті секундқа ғана созылатын шабуылға күні бойы дайындалады. Қызмет құрамында әмбебап дайындықтан өткен қызметкерлерден басқа, мергендер, жарылғыш техникалар бойынша техниктер, келіссөздер жүргізушілер, психологтер секілді бейінді мамандарға да өз міндетін тыңғылықты атқару жүктеледі. Арнаулы қызметтің полигондарда, жедел-жауынгерлік операцияларды жүргізу кезінде сыналған өз іс-қимыл алгоритмі бар. Алайда өмірде бір-біріне ұқсамайтын жағдайлар өте көп. Сондықтан ептілік қана емес, оларға сын сағатта шешім шығара білу де керек. Шабуылдың негізгі сценарийі ғана емес, қосалқы іс-қимылдың өзіне мұқият қарау маңызды.
Жақында ғана көрерменге жол тартқан «Набат операциясы» фильмі шынайы өмірде болған оқиға ізімен түсірілген. Оқиға желісіне дәл осы арнайы мақсаттағы қызметтің алғашқы операциясы арқау болғанымен, киноның көркемдік кеңесі өзгерту енгізген секілді.
Осыдан 32 жыл бұрын ақпанның 23-де Шымкент қаласында сәтті өткізілген «Набат-92» – әлемдегі ең қысқа уақытта, ең маңыздысы, адам шығынынсыз атқарылған ең алғашқы операция. Қызылорда мен Шымкентті ғана емес, республиканың бүкіл күштік құрылымдарын аяқтан тік тұрғызған мұндай оқиға бұған дейін кеңес одағының құрамындағы елдер түгілі, алыс елдердің өзінде болып көрмеген.
Кеңес одағының енді ыдырап жатқан кезі. Барлық салада тәртіп жоқ. Әскери қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгерлер арасында жарғы бұзушылық кең етек алып, күзетші-сарбаздар арасындағы бармақ басты, көз қысты әрекет көбейген. Күзеттің өзінде тәртіп бұзушылық болған соң тұтқындар арасында да арақ-шарап, темекі мен есірткі саудасы қызып тұрды. Күнара жүретін «Мәскеу – Ташкент» жолаушылар пойызында тиелген вагон-түрмеде сол күні де қауіпті қылмыскерлер білгенін істеп жатқанын көрсе де, күзет басшысы Александр Пономаренко оларды жалғыз өзі жөнге сала алмады. Тәртіп жоқ жерде тыныштықтың бұзылуы заңдылық еді. Бұйрыққа бағынғысы келмеген қылмыскерлер бақылаудан шықты. Соңында вагондағы барлық тұтқын камералардан босап, қолдарына бір-бір автомат тиген қылмыскерлер вагон ішін әп-сәтте қанға бөктіреді. Сорақысы, кезекшіліктен кейін қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әскерлерге де оқ жаудырып, жер жастандырып кеткен.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы бойынша басқарма басшысы Михаил Дәуеновке суыт хабар таңертең хабарланды. Кезекші офицердің теміржол бойындағы төтенше жағдай туралы хабарламасын алған бойда дереу бөлім басшылары мен жеке құрамға тапсырма берді. Артынша жедел штаб құрылады. Қашқындарды іздестіру тобы мен теміржол вокзалының жедел уәкілдері, антитеррористік топ Алматыдан «А» тобы келгенше жағдайды алдын алып бақты. Тіпті террористік топқа қарсы тұратын қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етілмеген сол тұста қызметкерлердің бастарында соғыс кезінде киетін темір қалпақ пен ескі автоматтар, үстерінде әжептәуір салмағы бар кеудеше ғана-тын. Абырой болғанда, қалыптасқан жағдай шабуылды қажет еткен жоқ. Полиция мен комитет қызметкерлері автобус ішіндегі жолаушылар мен қылмыскерлерді сырттай бақылауға алып отырды. Дегенмен уақыт өткен сайын қауіптің артып бара жатқанын түсінген М.Дәуенов оқиға болған жерге өзі аттанды. «Қызылорда – Сарыағаш» бағытымен жолға шыққан «Икарус» жолаушылар автобусындағы қылмыскерлерден кез келген нәрсені күтуге болатынын жақсы түсінді. Шиелі қыстағындағы автобекетте болған атыс-шабыста полиция лейтенанты Мұрат Өмірбеков қаза тауып, тағы бір қызметкер ауыр жарақат алды. Жағдайдың ушығып жатқанын түсінген ол автобус ішінде қалған қауіпті рецидивистермен келіссөз жүргізіп, олардың талаптарын «орындауға» тырысты. Өйткені қашқындармен келіссөз жүргізу оңайға соқпады. Келіссөз жүргізу үшін де асқан дайындық керек. Батыс елдерінде мұндай лаңкестермен келіссөз жүргізетін арнайы мамандар болса, ал бізде келіссөз жүргізудің өзін енді естіп жатқан кезең еді. Дегенмен келіссөз жүргізу кәсіп емес, өнер екені рас екен. Бар жауапкершілікті мойнына алып, қажет кезде дұрыс шешім шығара білген М.Дәуенов түрлі айла-әрекетке барды. Соның арасында автобусты тастап қашқан жүргізушінің орнына оқиға болған жерден 300 метрдей жерде тұрған «КамАЗ» көлігінің жүргізуші Александр Чехонинді рульге отырғызды. Өз басына қандай қауіп келерін білсе де азаматтық танытып, адам өмірін сақтап қалуға тырысқан жүргізушінің еңбегі бөлек әңгіме.
Сөйтіп, жоспар бойынша автобусты Шымкенттегі аэродромға алдыру керек. Осы аралықта Алматыдан «А» тобы алдырылды. Арнаулы қызметтің басшысы Аманғали Баталовтың өтініші бойынша әуежайға су жаңа екі «Икарус» маркілі автобустар жеткізіліп, жауынгерлер арнайы даярлыққа кірісті. Оның құрамындағы сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран жігіттерге соңғы үміт жүктелді. Сондықтан әрбір минут түгілі, әрбір секундтағы әрекеті маңызды. Себебі әуежайға кіретін автобустағы кепілге алынған адамдарды 4 секунд ішінде аман-есен алып қалып, қылмыскерлерді құрықтау сәтсіз аяқталса, 22 сағат бойғы жүргізілген келіссөз текке кетті деген сөз. Шешуші сәтте А.Баталовқа сенім артылуы бекер емес еді. Өйткені ол өз ісінің нағыз маманы болды. Осыған дейін жоғары басшыларды күзететін жауапкершілігі жоғары міндеттерді атқарды.
Прокуратура, ішкі істер органы мен қауіпсіздік қызметкерлері арасындағы өзара түсіністік, жауынгерлердің сақадай сай дайындығы шытырман оқиғаға толы операцияның сәтті аяқталуына себеп болды. Айта кету керек, «Набат» операциясына дейін кепілдіктегі адамды аман-есен құтқарған жағдай тек Францияда болған. Оның өзінде француздық мергендер ашық түсті әйнек орнатылған автобустағы қылмыскерлерді анық көрген. Ал біздегі жағдайда терезесі пердемен қымталған автобус ішіндегі жағдайды бақылау мүмкін емес-тін. Соған қарамастан 5 секунд ішінде ширақ қимылдап, ептілік көрсеткен арнаулы қызметтің арландары адамдарды аман алып қалды. Бүгінде тарихта «Набат-92» деген атпен қалған бұл операция АҚШ пен Ресей секілді бірқатар елдің арнаулы қызметінде борышын атқаратын жігіттер үшін үлгі ретінде көрсетіліп, оқу құралына енгізілген.
Содан бері де талай жыл өтті. Арнаулы жасақ жауынгерлері ел мен жердің тыныштығын қорғап, қауіптің бетін қайтаруда сертінен тайған кезі жоқ. 2016 жылдан бастап арнаулы қызмет атауын қайтадан «А» деп өзгертті. Арнаулы күштердің жауынгері болу – абыройлы міндет. Ал қауіппен бетпе-бет келгенде қайсарлық таныту – қастерлі парыз.