• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ұстаз 15 Мамыр, 2024

Ұстаз ұлағаты

83 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұра­жайын­да білім беру саласының үздігі, қоғам қайраткері Мырзахмет Шайхинді еске алуға арналған тағылымды кездесу өтті. Оған кезінде ұстаздың тәлім-тәрбиесін көрген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен мұғалімдер, оқушылар қа­тыс­ты.

Тың игеру жылдарынан бері қарайғы кезеңде ұлт тілінде білім алуға ынталы талай қазақ баласына алтын бесік болған қара шаңырақ – қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатқа биыл 140 жыл толып отыр. Білім ордасының Ыбырай салдырған ескі ғимаратын 1969 жылы қалалық атқару комитеті бұздырып тастаған. Мектеп ғимаратының бұзылуына қарсы болған қазақ зиялыларының басында Мырзахмет Шайхин тұрғанын айта кету керек. Бірақ қайраткер тұлғаның өзіне айып тағылып, жаңалыққа ұмтылысы жоқ, ескі көзқарастың адамы ретінде партия сөгісіне ілігеді.

Кеш барысында партиялық өктемдік белең алып тұрған қиын кезеңде Ыбырай мектебін қызғыштай қорып, ұлт ру­ха­ния­ты­ның жоқшысы бола білген кү­рес­кер тұлға жайында көптеген өне­ге­лі естелік айтылды.

«Мектепке 1960 жылы ғана Ыбырай­дың есімі берілді. Ыбырай есі­мі­нің берілуіне ағартушы атындағы мектепте ұзақжылдар абыройлы қызмет еткен аяулы ұстаз Мырзахмет Шайхиннің қосқан үлесі зор. 1961 жылы Қостанай облысында алғашқылардың бірі болып Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернат болып қайта құрылды. Тың көтеру кезінде ескі мектептегі екі қабатты жатағымызды қала басшылығы орыс мектебіне беріп жіберді. Сол солақай шешімге жалғыз өзі қарсы шыққан да осы Мырзахмет Шайхин ағамыз еді. Ұстазымыз қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне «Ыбырай ашқан мектеп неге жабылады?» деген мақала берді. Газет редакциясы да ағайдың пікірін қолдап, қосымша пікір жариялаған еді. Бірақ не керек, жергілікті басшылар түрлі желеу тауып, ұстазымызды мектептен кетуге мәжбүр етті. Мырзахмет Жәбетұлы өз отанын шын сүйген абыройлы азамат ретінде өнегелі ісімен ел есінде қалды. Қазір тарих, уақыт біздің пайдамызға шешілгеніне тәуба деймін. Сүріліп кеткен білім ғимаратының жанында Ыбырай атамыздың атында мектеп те бар, мұнда дарынды балалар білім алады», дейді ардагер ұстаз, Мырзахмет Шайхиннің шәкірті Беген Көпеш.

Дарынды балаларға арналған Ыбырай мектебінің оқушылары кеш қо­нақ­­тарын Мырзахмет Шайхиннің өмі­­рі мен ұстаздық қызметіне арналған ғылыми жобаларымен таныстырды.

Іс-шарадан кейін музей қыз­мет­­кер­ле­рі мен еске алу ке­ші­не қатысушылар Мырзахмет Шайхиннің басына барып, арна­йы құран бағыштады.

 

Қостанай облысы