Мақтымқұлы туралы қазақ әдебиеттануында, әдеби байланыстар саласында аз жазылған жоқ. Мұрасы бүгінге дейін бірнеше дүркін жинақ болып шықты. Шайыр мұрасы Ресей мен Еуропаға Персиядағы орыс елшілігінде қызмет еткен поляк ақыны, шығыстанушы Александр Ходзько-Борейконың 1842 жылы Лондонда шыққан еңбегі арқылы жетті деген дерек бар. Бұдан кейін осы тұлғаны танытуды Илья Березин, Арминий Вамбери, Федор Бакулин (Иранға қарасты Астрабадта консул болған) жалғастырған. Дей тұрғанмен мақтымқұлытануда көрнекті шығыстанушылар Александр Самойлович пен Евгений Бертельстің, түрікментанушы Александр Поцелуевскийдің (өлең өрімін зерттеген) еңбегі зор. Ал түрікмен ғалымдарына келсек, ақынның академиялық өмірбаяны мен мұрасын жүйелеу мен танымалдандыруда академик Баймұхамет Каррыев пен профессор Мяти Косаевтың зерттеуін айрықша атаймыз. Бұл ғалымдардың ізденістерін Абайды танытудағы Мұхтар Әуезовтің табандылығымен салыстыруға болады.
Қазақ руханиятындағы Мақтымқұлыға келсек, бұл сала ХХ ғасырдың 40-жылдары басталды. Оның себептері де бар. 20-жылдардың соңында Алаш шығармашыл зиялыларының әдебиет-мәдениет сахнасынан күшпен, қарумен шеттетілуі үлкен дағдарысқа әкеп соқты. Түрікмен классик шайырының мұрасы қазақ оқырманына тұңғыш Ғали Ормановтың, бұдан кейін Ғафу Қайырбековтің арқасында жетті. 1947 жылы Мақтымқұлы мәтіні «Таңдаулы өлеңдер» (Ғ.Орманов аудармасы), 1959 жылы «Таңдамалы өлеңдер» (Ғ.Қайырбеков аудармасы), 1968 жылы «Өлеңдер» атауымен (Ғ.Орманов т.б.) жеке жинақ болып жарияланды. Мұны Қазақстан әдеби қауымы өте жақсы қабылдады. Міне, сол 40-50 жылдардан бастап Түрікменстан бас ақынының есімі Шығыс даналығында әл-Фараби, Бируни, ибн-Сина, әл-Хорезми, ақындықта Омар Хайям, Әбілқасым Фирдоуси, Низами Гәнжауи, Әмір Құсырау Дехлеуи, Әбумұхамед Сади, Хафиз Ширази, Әбдірахмен Жәми, Әлішер Науаи, Мұхамед Физули, Абай Құнанбайұлы қатарында айтылып насихатталды.
Ақын Ғали Орманов тәржімесіне алғысөзді түрікмен ғалымы Баймұхамет Каррыев жазды. Осында ол Мақтымқұлы мен Абай үндестігін де байыптайды. Ал енді осы бірінші аударманың редакторы – классик Мұхтар Әуезов. Бұл басылымның жауапкершілік деңгейі жоғары болғанын аңғартады. Тәржімедегі Ғ.Орманов нұсқасы түрікмен дерегін, уақыты мен кеңістігін қазақ поэзиясы қуатымен жырлады. Осының әсері болса керек, Мақтымқұлының «Боларсың» толғауы Қазақстанда «Мақтымқұлы термесі» ретінде кең тарап, тіпті қарапайым той-томалақта сағынып тыңдалатын болды. Түрікмен рухани тұлғасының жырын нақышына келтіріп орындап, танымал еткен – әнші, композитор Игілік Омаров (1934-2007) еді. Мақтымқұлы туындысы әнмен әдіптеліп, астанадан ауыл сахнасына дейін айтылғанда, жұрт «Түрікмен халқы не деген данышпан?» деп таңғалысты.
Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе,
Бір күн құлап, сен де типыл боларсың.
Терең теңіз, тәкаппарсып түнерме,
Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың...
Лұқмандай тапсаң дерттің дауасын,
Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын.
Іскендірдей алсаң дүние қаласын,
Сонда да бір жермен-жексен боларсың...
Енді Түрікмен авторлық әдебиетінің тарихы түгенделе түскендей еді. Орталық Азияның осы рухани байлығын түрікмен жерінде туған қазақ ақыны Дүйсенбек Қанатбаевтың төте аудармасы жаңа кезеңге көтерді (1983 жылы «Жазушы» баспасынан, 2014 жылы Түрікменстанның «Ылым» баспасынан шықты). Мысалы, Мақтымқұлының жоғарыда айтылған «Боларсың» өлеңі жаңаша мына нұсқада басталды:
Асқар таулар, биікпін деп бәлсінбе,
Төмпешікпен сен де теп-тең боларсың.
Асау дария, айбат шекпе әлсізге,
Күнің жетсе, сен де тепсең боларсың...
Тәржімеші түрікмен ақыны мұрасын халыққа кең тарайтын «Қазақ радиосынан» қоңыр даусымен оқығанда, тебіренбеген жан қалмады. Бұл – түрікмен даналығының жұлдызды сәті еді.
Пырағыны білмейтін қырағы, оқыған қазақ кемде-кем. Бір қызығы, қазақ жерінде Ғ.Орманов, Д.Қанатбаев аудармасынан туындаған Мақтымқұлы мәтіні терме жанрында халықтық бірнеше нұсқада (яғни кейбір сөзі, шумағы өзгертіліп) насихатталғанын да айта кету керек.
Ақынның лақап есімі Фраги (Пырағы) – қазақтағы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұтылғаны» (Ұмытылған) сияқты сопылық дүниетанымның бір сипатын – «жырақтанған», «бөлектенген», «қоштасқан» секілді мағынаны береді. Бірақ қазақтағы «Пырақта» жылқы, ақалтеке ұғымы тұрғаны да анық. Түрікмен ғалымдарының пікірінше, шайырдың бұдан басқа Құл (Гүл) Мағтым және Мағтым деген де бүркеншік есімдері болыпты.
Түркі тілдерінде кісі есімдері түрлі нұсқада айтылып, жазылса да, мағынасы ортақ. Мағтымды (Мақтым) бізде – Мақсым, ағайын ұлттарда – Максум, Махтум дейді. Мағынасы – тағдыры айқын, ұстаз, жолбасшы т.б. Айтқандайын, жазушы Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесінде елеулі кейіпкердің бірі – Мақтым.
Түркі дүниесі әдебиет мақсымының осы күнге 700-ден астам өлеңі, 10 дастан-жыры жеткен. Оның 80 пайызы қолжазба нұсқада, қалғаны ауызша насихатталған.
Осыншама мұра қалдырған түрікмен данасының оқыған мектебі, өлең дәстүрі көпті қызықтырады. Академик А.Самойловичтің пікірінше, Мақтымқұлы дүниетанымын, білім-білігін Бұхара емес, сопылық дүниетанымды ілгерілеткен Хорезм шыңдады, Хиуа медреселері оның білімін толықтырды, өлең-жырда Ахмет Ясауи, Хакім ата, Сүлеймен Бақырғани өнегесі шығармашылық әлеміне жетеледі. Бұл деректі ғұлама Е.Бертельс нақтылай түседі: Мақтымқұлы – ұста, ақындыққа жақын әулеттен шыққан жан. Атасы (есімін сол кісінің құрметіне қойыпты) – ат-әбзел шебері, өлеңге әуес адам болса, әкесі Дәулетмәмет – Хиуада медресе тәмамдап, елінде бала оқытып, «Азади» деген есіммен ақындық аты шығыпты. Міне, талапты баланың алғашқы өнер мектебі өз отбасы екен. Әрі қарай Хиуаның Шерғазы медресесінде, Қызылаяқтың Ыдырыс баба медресесінде оқыған. Хиуа мен Бұхарадан бөлек ел аралап, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан өлкелеріндегі ғұламалардан кеңес алған.
Шығыстанушылар мен түрікмен әдебиеті мамандарының пікірінше, Мақтымқұлы Пырағы әлемі – ислам және түркі (әрине, түрікмен) даналығын бойына барынша сіңірген, осы ұлттың рухы мен болмысын, көркемдігі мен талғамын, сазы мен сәнін, еркіндік пен теңдік жолындағы күресін көрсететін құндылық. Шайырдың поэзиядағы философиясы мен ұстанымын ғалымдар ХІІ-ХV ғасырдағы негізін парсының Санаи, Аттар, Фахруддин Ираки, Руми, Жәми, арабтың Ибн әл-Араби, Ибн әл-Фарид т.б. ақындары қалаған сопылық әдебиет аясында қарастырады. Атап айтсақ, сопылық поэзияда адамның Алланы іздеуі, сол жолдағы түрлі рәміздер мен тұспалдар (символ, аллегория), мистикалық күйініш-сүйініш, көңіл ауаны (эмоция), Жаратқанды қабылдау, түйсіну, ғашықтық пен қимастық, тазалық пен сертшілдік үдерістері басты орынға шығады. Сопы дәруіш – бірде кәдімгі адам, бірде тіршілік пендесінен тым биік ізденістегі ақиқатшыл құбылыс. Дидактикалық жыр-дастандарда Алла – адамның үйлесімділікке ғашықтығы бейнесінде, экзальттық хамрияты (рәмізді, шартты мас болу) – сезімнің нәзік пернелері сәтінде, Иені елестету мен іздеу, ұшырасу мен сұхбаттасу – мистикалық мұрат пен мақсат бедерінде байыптау орныққан (мысалы, ақынның «Жар, сенен», «Көрдің бе?», «Ей, достым», «Бұл дертке» өлеңдері). Мұның бәрі – сопылық әдебиеттің канондары. Шығыстанушылардың бір бөлігі осы поэзияны – исламға еркіндік пен даму алып келген сарын ретінде де қарастырады.
Е.Бертельс былай дейді: «Ақын өмір сүрген дәуірде түрікмен қоғамы қаншама қырғынды бастан кешірді. Ол ақырзаман сарынына елтіп кетпей, өмірдің өткінші екенін ескере отырып, қайбір сәттілік үшін кеуде кермеудің, сәтсіздік үшін баз кешпеудің қажеттігін айтты. Жақсы істі кейінге қалдырма, ертең не болары белгісіз, адамның тіршіліктегі өлшемі – қайырымды ісі ғана деп, сарыуайымды – үмітке, өлім туралы ойды – өмір үшін күреске бұра білді».
Біз қалайда ХVІІІ ғасырдағы Мақтымқұлы Пырағы мұрасын жалпы ислам һәм парсы әсері басым, алайда ұлттық мазмұны айқын мәдени құбылыс ретінде көркемдік-философиялық аяда зерделейміз. Қазақшаға аудармасын да түркілік таным-парасат үйлесімі, ортақтастығы бедерінде сараптаймыз. Бұл орайда заманымыздың заңғар жазушысы, қырғыз ұлтының біртуар перзенті Шыңғыс Айтматовтың: «Түркістанда XVІІІ ғасыр – Мақтымқұлы поэзиясының ғасыры болды» деген ойы қашанда көкейкесті.
Пырағыдан кейін түрікмен әдебиеті аспанына көтерілген жарық жұлдыз Кемине (Мәметуәли): «Мақтымқұлы ақындық егістің астығын түгел орып, жинап алды. Бізге бір-екі түйір масақ қалдырды» деуі Ахмет Байтұрсынұлының ұлы Абайға берген бағасымен сәйкеседі. Ақаңның: «Абайдың өлендері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы – әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз» деген тұжырымдамасынан сол ойды аңғарамыз. Ұлт әдебиетінде көшбасшы тұлға осылай көрінеді.
Біз үшін Мақтымқұлы Пырағы мұрасы – түрікмен мәдени әлемінің бейнесі. Ғылым тұрғысынан қарағанда, ол екі негізден құралады. Біріншісі – өмірлік іс-әрекеттерден тұратын негіз. Екіншісі – адамның санасы байыптайтын зерде мен көңіл күйді анықтайтын негіз. Сөйте тұра кез келген ұлттың мәдени әлемінің өзегін адам мәдениетінің іргетасын қалыптастыратын өмірлік құндылықтар құрайды.
Осыған дәлел ретінде Мақтымқұлы Пырағының түрікмен мәдени әлемінің бейнесін сипаттайтын мол мұрасының ішінен «Ат керек», «Секілді», «Түрікмен тағдыры», «Наурыз» туындыларына көңіл аударайық.
Жылқы – түрікмен халқының рәмізді жануары. Сондықтан «Жылқым барда қайғым жоқ» деген мәтелі де бар. Түрікменнің тағы бір ата сөзі – «Жігіттің көркі – ат пен қару». Мақтымқұлы «Ат керек» өлең-толғамында осы ақиқаттың мәнін ашады:
Болам деген жігітке
Арындаған ат керек,
Толам деген жігітке
Бармақтай-ақ бақ керек.
Ал, енді мұның кілті де айтылады:
Жету үшін халқына
Қалмау үшін қапыда,
Мəрт жігіттің атына
Бəйге керек, бап керек.
Мұны бір деңіз. Одан кейінгі қажет шарт – адал жар мен лайықты қызмет («отыратын тақ»). Осы үшеуі үйлессе, атың да, затың да келіседі. Бұл тұста түрікменнің және бір нақылын айта кеткенді орынды санадық: «Ақылың болса, соған жүгін, болмаса – мақалға жүгін». Қысқасы, Мақтымқұлы бұл өлеңімен түрікменнің мәдени әлемін дөп сипаттаған.
«Секілді» – ақынның дидактикалық шығармаларының бірі (алғаш аударған Ғ.Орманов). Сонау Платон (Абайша Аплатон) заманында айқындалған белгілі нысан мен ойдағының арасын байланыстыру – ассоциация Шығыс шайырларында жиі ұшырасады. Мақтымқұлының аталған өлеңінде де түрікмен мәдени әлемінің бейнесі көрініс тапқан:
Үй қасында тұрған төбе,
Ерттеулі атың секілді.
Алтын ойып салған бедер,
Жазған хатың секілді.
Дүние – теңіз түбі терең,
Түсіп кетер жол білмеген,
Мал-мүлікке қуанғанмен,
Аз нəубетің секілді, – деп басталады жыр. Туған жердің ой-қыры да, біреуге деген адами ниетің де – көңілге медет. Бірақ әрбір істе ынсап, жүйе, қанағат болмаса, бәрі бекер. Шайыр ағайынды – қуатқа, адал жарды – тұраққа, бала-шағаны – шыраққа теңейді. Осының ішінде адам үміті – перзентке деген ойы ерекше. Қазақтың даңқты ағартушысы Ыбырай Алтынсарин Балғожа атасының хатын өлеңге «Үміт еткен көзімнің нұры, балам!» демеуші ме еді? Міне, бағзы Шығыстағы баланы шырақ пен нұрға теңеу дәстүрі Мақтымқұлы арқылы жаңғырып, кейінгі түркі даналарына да жеткен. «Секілдіде» сыналатын «жаман ер мен жаман қатын» – қазақ халық ақындарының бәріне дерлік ортақ тақырып. Шындап келгенде, Мақтымқұлы Пырағының бұл бейнелері – қоғамды түзеуге бағытталған тұжырымдамасы. Яғни «бұлақты басынан» дегендей, отбасы мен Отанды ата-ананың түйсігін, парасат-пайымын түзеуден бастаған жөн. Түрікмен халқының «Әйелді ұсақтық құртады», «Күліп тұрып сөйлеген еркектен без, жылап тұрып сөйлеген әйелден без» мақал-мәтелі Мақтымқұлының «Секілді» жырының мәнін ашады. Шығарманың түйіні: «Сөз қадірін білмеген жан, Бұралқы ит секілді». Мұны, бүгінгі тілмен айтсақ, психологиялық эффект деуге болады. «Ақыл-кеңестен ештеңе ұқпасаң, адам емессің» дегендей ой (кісі төбесінен мұздай су құйып жіберудің кері).
Шығармашыл, саналы жан мәдени әлемінің бейнесін өзінің көрген-білгенінің негізінде қалыптастырады. Мұнда бәрі қолмен қойғандай, түп-түзу қаланған кірпіштей болмауы мүмкін. Мәдениет – адамдар арасындағы еңбек қатынасы немесе келісілген шарт емес, бұл – биік әрі нәзік ақылға сыйымды, адамдарды біріктіретін ой, пікір, талғам, парасат, тұжырым аясы.
Біз Мақтымқұлы Пырағының «Түрікмен тағдыры» толғауын осы бағдарда көреміз.
Жейхун - Əму,
Атырау - Хазар арасы,
Əлі оңынан тұрар желі түрікменнің.
Ашылған гүл –
Нəркес көздің қарасы,
Қара таудан құлар селі түрікменнің.
Əділ мекен,
Байтақ оның саясы,
Жайылады шөлінде нар, маясы.
Кеңи түсер жайлауының аясы,
Қарық болар гүлге шөлі түрікменнің.
Сенім мен серт, үміт пен намыс, тарих пен тағдыр – түрікмен мәдени әлемінің бейнесімен астасып кеткен. Елдің жаңаруына, өрісті кеңейтуіне, ұрпақ қайратын жануға баба аруағы (Гөроғлы) да, ұлттың белестің кезеңдерінен сыр шертетін қасиетті топырағы да, жұртқа сая суы мен нуы да пейілді.
Мақтымқұлы Пырағы замандастарын, келешек ұрпағы мен оқырманын ден қойғызып отырған түрікмен тарихы, береке-бірлігі – адамдар байланысының бір жүйесі. Ол құбылған әлемде өз ұлтын, халқының даналығы мен жүріп өткен жолының ақиқатын, арман-аңсарын жеткізіп отыр. XVІІІ ғасырдағы түрікмен әлемі мен бүгінгі ХХІ ғасырдағы дүние халқының арасындағы сұхбаттастық осылай өтіп жатыр. Қай уақытта да тарихты жалаң дерекпен жеткізгеннен гөрі, парасатпен қорытып баяндау ұтымды. Біз оны Мақтымқұлы Пырағының «Түрікмен тағдыры» шығармасынан байқаймыз.
Үндістанда туып, Ұлыбританияда қайтқан, шығармашылығында тоталитаризм мен әсіре ұлтшылдықты сынаған Джордж Оруэлл: «Адамзатты жоюдың ең тиімді жолы – оның тарихты танудағы өзіндік түсінігін жоққа шығару» депті. Осы тұрғыдан келгенде, Мақтымқұлының тарих пен ұлт тағдырын байланыста суреттеген туындысы қашанда көкейкесті. Сондықтан да шайыр туған халқының «көкірегін – қазы, көзін – таразы» деп бағалайды.
Түрікмен және Орталық Азия түркі халықтары мәдени әлемінің бейнесін сомдаған Мақтымқұлы ерекше туындысының бірі «Наурыз» деп аталады.
Құм далаға жеткен көктем табиғат-ананы, адам баласын, жан-жануарды жадыратады, көктетеді, «жоқ нәрсені бар қылады» (ақын сөзі).
Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа,
Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа.
Қозғалғанның бəрі де бірі шебер, бірі ұста,
Бұлбұл салса əніне, илеу салды құмырсқа.
Жаратқан Иенің осы шеберлігі мен ұсталығын тереңінен толғаған ақын өмірдің мәніне, адам болмысының күрделілігіне, адамгершілік пен рахымдықты, сұлулық пен үйлесімділікті, әділеттік пен ақиқатты, қанағат пен қайсарлықты шыңдайтын сәттерге, пәнидің жалғандығына ой көзімен қарайды. Жырдың түйініндегі «Келген сайын наурызым адам басын даң қылар» пікірдің астарында автордың өзін-өзі ұмыту және жүректегі махаббат арқылы Жаратушыны іздеуін, ішкі нұрлану, кемелдену жолымен Иемен сырласуды меңзегендей.
«Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып» деген шайыр пайымы Алла бұйыртқан табиғаттың бұл жаңаруы адам, қауым, жұрт, ұлт жүрегінде, сана-сезімінде, іс-әрекетінде өкіндірмейтін жарасымдылыққа бастаса деген аңсар жатыр.
Ақынның «Мен отырмын оңаша, көңіл жүдеп, əл құрып» дегені – жай бақылаушылық рөл емес, «жақсы әлемді» іздеу бағдарындағы сопылық толғаныс. Шайыр жүрегі – рухани махаббатқа, сезімге толы, ал көз – материалдық әлем шеңберінен шыға алмай қалады. Сондықтан Мақтымқұлы (әрине, түрікмен халқы) «көңіліндегі жүдеуліктен» ішкі тазару, ішкі толысу ғана арылта алады.
Мақтымқұлы Пырағы мұрасында түрікмен мәдени әлемінің бейнесі сәт сайын ұшырасады. Қазақ пен түрікмен халқы бір әрі шектес рухани кеңістікте өмір сүргендіктен, ой мен танымдағы, бейне мен түсініктегі ұқсастық таңғалдырады. Мұны 40-жылдары Ғали Орманов, 80-жылдары Дүйсенбек Қанатбаев дәл аңғарған. Біз соңғы ақынның Түрікменстанда өніп-өскенін айттық, ал ұлт поэзиясының аға буын өкілі қайсыбір нәзік тұстарды (сөз, бейне, тұспал, ұғым) Ашхабаттағы қатарлас, әріптес қаламгерлермен кеңесті деседі. Бұл – тәржіме талабына, зертханасына сәйкесетін ізденіс.
Қос ақынның аударма мәтініне қарап, қазақ пен түрікменнің тіл, әдебиет, таным, парасат, байлам ұғымдары мен көркемдік-эстетикалық шарттарының тұтасқанын байқаймыз. Мақтымқұлы сомдаған түрікмен мәдени әлемінің бейнесі түркі әлемін байытқанын аңғарамыз.
Талантты қазақ ақындарының (Ғ.Орманов, Д.Қанатбаев) арасын қырық жыл бөліп тұрған аударма табысын былайша тұжырымдаймыз. Бұлар түркі тілінің бірі – оғыз, екіншісі қыпшақ тіл тобына жататын ортақ тілдік әлемін көркем келісіммен, қанық бояумен (әдебиет тұрғысынан) жақындата түсті. Тіл мен ойдағы, тіл мен мәдениеттегі, ұлттық таным мен жеке-дара танымдағы мәдени әлем бейнесін тоқайластыра алды. Әдетте көркем аударманы – сана-сезімдегі әрі сұхбаттастық, әрі пікірталас, сондай-ақ автор мен білікті оқырман байланысының зертханасы, мәдениеттің өзара ықпалдасуы мен дамуы деп қабылдаймыз. Осы бағдарда да ХХ ғасырдың 40-жылдары және 80-жылдары Мақтымқұлы Пырағы қазақ мәдени әлеміне жаңа сапада жетті. Бұл – сөзсіз екі ел үшін де табыс еді. 2009 жылы Светқали Нұржан шайырдың бір топ өлеңін жаңадан аударып, «Әулиелер әуезі» атты жинағына енгізді. 2014 жылы Түркі академиясы ақын тәржімесін кітап етіп жариялады. Мұның бәрін дәстүр жалғастығы деп қабылдаймыз. Осы үдеріс заман талабымен сапалана түсуге тиіс.
Сонымен, қазақ әдебиетінде Түрікмен классигінің мұрасы ортақ әрі биік мәдениет құбылысы ретінде толық орнықты.